Дерекқор

Ақша аларда шектеу бар: депозит ашатындар нені білуі қажет

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 25.05.2023
Жазылу
Депозит – ақшаны үнемдеуге және көбейтуге көмектесетін сенімді қаржы құралы. Бүгінде артық ақшасын банкте сақтап, үстінен пайда көргісі келетіндер депозит ашады
2018 жылы Қазақстанда депозиттің үш түрі пайда болды. Азаматтар ақша жинаудағы мақсатына қарай қалаған депозитті таңдай алады. Депозиттің шарттары неғұрлым қатаң болса, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болады. Яғни шоттағы салымға ақша көбірек қосылады. Сол себепті екінші деңгейлі банктен депозит ашарда оның түрлері мен шарттарына баса мән берген жөн. Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Депозиттің түрлері

Салымның үш түрі – мерзімсіз, мерзімді және жинақ депозиттері бар.
Мерзімсіз
Егер сіз депозиттегі ақшаны қалаған уақытта пайдаланғыңыз келсе, онда мерзімсіз депозитті таңдаған жөн. Кез келген уақытта депозитті толтыруға және ақша шешіп алуға болады. Қаражаттың бір бөлігін алсаңыз да, толық алсаңыз да ешқандай шектеу жоқ.
Есесіне басқа депозиттерге қарағанда мерзімсіз депозиттің сыйақы мөлшерлемесі төмен. Ол Ұлттық банктің базалық ставкасына байланысты бекітіледі. Дегенмен сыйақы мөлшерлемесі инфляцияны жабады.
Мерзімді
Мерзімді депозит – ақшаны жартылай шешіп алу құқығын беретін салым. Оны еш шектеусіз толтыруға болады, бірақ ақшаны мерзімінен бұрын толық шешіп алуға тыйым салынған. Егер сізге шұғыл ақша қажет болса, тек бір бөлігін алуға мүмкіндік бар. Барлық соманы шешіп алу үшін банкке 7 күн бұрын хабарлау қажет.
Оның үстіне депозиттен ақшаның бір бөлігін алғанда, сыйақы сомасы төмендейді, бұл ретте банктердің шарттары әртүрлі болуы мүмкін.
Мерзімді депозиттің екі түрі бар: толтыру құқығымен және толтыру құқығынсыз. Толтыру құқығы жоқ депозиттің сыйақы мөлшерлемесі толтырылатын салымға қарағанда жоғары болады.
Әдетте мерзімді депозиттер орта мерзімді мақсаттарға арналған. Мысалы, тұрмыстық техника, смартфон сатып алғыңыз келсе немесе саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, осы депозитті таңдаған абзал. Себебі мерзімсіз депозитке қарағанда сыйақы мөлшерлемесі жоғары, тиісінше көбірек пайда табуға болады.
Жинақ
Депозиттің бұл түрі ақшаны ұзақ мерзімге әрі тиімді сақтауға арналған. Өйткені сыйақы мөлшерлемесі бәрінен жоғары. Алайда жинақ депозиттегі ақшаны кез келген уақытта жартылай немесе толық шешіп алуға рұқсат жоқ. Мерзімінен бұрын тек барлық соманы ғана алуға болады. Ол үшін банкке 30 күн бұрын хабар беру керек. Мерзімінен бұрын шешіп алған кезде банк өз сыйақысын ұстап қалады немесе жылдық 0,1%-ін ғана төлейді. Яғни салымшы депозитке салған ақшасын ғана алады.
Жинақ депозит те толтырылатын және толтырылмайтын болады. Толтырылмайтын жинақ депозиттің пайызы екіншісіне қарағанда жоғары.

Қазақстандықтардың депозиті қалай қорғалған

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жинақ, мерзімді және мерзімсіз депозиттердегі ақшаның сақталуына кепілдік береді. Кепілдік берілетін ең жоғары сома валютаға және депозит түріне байланысты:
шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңге;
теңгедегі мерзімсіз және мерзімді салымдар бойынша – 10 млн теңге;
теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 млн теңге.
Егер бір банкте әртүрлі валютада бірнеше депозит болса, қор ең жоғары сома – 20 млн теңгеге кепілдік береді.
Деньги, тенге, купюры, монеты  - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.12.2021
Экономика
Қазақстандықтар үй сатып алу үшін қандай депозит түрін жиі пайдаланады
Жаңалықтар
0