Қоғам

Қазақстанда әйеліне қол көтеретіндер заңмен үйінен қуылуы мүмкін

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.05.2023
Жазылу
АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратын "агрессорларды" заң бойынша үйінен шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның айтуынша, әділет министрлігімен бірлесіп "отбасылық тирандар" үшін қоғамдық жұмыстарды қолдану мәселелері пысықталып жатыр.

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған "агрессорларды" тұрғын үйінен заңмен шығару мүмкіндігі қарастырылуда. Көбінесе балалары бар жәбірленушілер үйлерінен кетуге мәжбүр. Мұнда бізге мемлекеттік, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың дағдарыс орталықтары көмекке келеді. Тұрмыстық зомбылықтан зардап шеккендер дағдарыс орталықтарын уақытша паналай алады, сондай-ақ ол жерде медициналық, әлеуметтік-құқықтық және басқа да көмек көрсетіледі", - деді Серікбаева ішкі істер министрлігінде өткен брифингте.

Сондай-ақ ақпарат және қоғамдық даму, еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп "агрессорларды" психологиялық түзету мәселесі пысықталуда. Оларға ерікті негізде агрессияны тежеу бойынша тренингтерден өту ұсынылады.
Серікбаева отбасылық зорлық-зомбылық фактілерін азайту үшін елдің қылмыстық және әкімшілік кодекстеріне түзетулер енгізілгенін атап өтті.
Біріншіден, 2023 жылға 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына ауыстырады.
"Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша хаттама жасау үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіш жазбалары жеткілікті болады. Соңғы шешімді сот қабылдайды", - деп түсіндірді аға инспектор.
Екіншіден, тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталды. Яғни 1 шілдеден бастап тараптарға сотта бір рет қана татуласуға болады.
Үшіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейді.
Әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталды.
19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіру қылмысын жасауға байланысты жекелеген баптарға біліктілік белгісі енгізіледі. Бұл белгі "Кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау" деп танылады. Бұл қылмыскерді оқшаулау үшін қамауға алу санкциясын қолдануға, сондай-ақ жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.10.2022
Өңірлер
Тұрмыстық зорлық-зомбылық қай өңірлерде жиі жасалады
Жаңалықтар
0