Қоғам

Ескі Қазақстанда алкоголь нарығы Болат Назарбаевтың қолында болды – депутат

Болат Назарбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.04.2023
Жазылу
АСТАНА, 20 сәуір – Sputnik. "Ақ жол" фракциясының депутаты Ержан Бейсенбаев ескі Қазақстанда алкоголь нарығы Болат Назарбаевтың қолында болғанын, сол себепті бұл тауарға міндетті таңбалау енгізілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат биыл 1 сәуірден бастап цифрлық таңбалауы жоқ аяқ киімді сатуға тыйым салынғанын еске салды. Айтуынша, мұндай шешім осы саладағы кәсіпкерлердің наразылығын тудырып отыр.
"Бізде аяқ киімге және тағы басқа тауарларға таңбалауды енгізді, ал көлеңкелі нарықтың ең жоғары үлесі бар алкогольге қатысты маркировкадан үкімет бас тартты. Өздеріңіз білесіздер, ескі Қазақстанда алкоголь нарығы Болат Назарбаевтың қолында болды. Мүмкін сондықтан да оларға тиіспей, қарапайым кәсіпкерлерді қосымша төлемдермен қанаған шығар?", - деп ашығын айтты Бейсенбаев вице-премьер Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат цифрлық таңбалау көлеңкелі нарықты азайтуға көмектеспейтінін, тауардың жасалу жолы мен сапасын айқындау құралы емес екенін айтты.
"Бірыңғай оператор тауар бірлігі үшін марканың құнын 3 теңге десе, кәсіпкерлер таңбалаудың нақты құны бір тауар бірлігіне 550 теңгеден 3,5 мың теңгеге дейін шығатынын айтуда. Яғни қымбат емес аяқ киім 20-30%-ға қымбаттайды, бұл тұрмысы төмен тұтынушылардың жағдайын нашарлатады", - дейді мәжілісмен.
Қаржылық шығындардан бөлек, техникалық қиындықтар да бар. Мәселен, бір жұп аяқ киімге марка алу формасын толтыру үшін орта есеппен 20-30 минут уақыт кетеді. Аталған форманы жіберген кезде көп жағдайда жүйе қабылдамай, деректерді қайта толтыруға тура келеді.
Бұған қоса, таңбалау Электрондық шот-фактуралар және растау сертификаттары сияқты бұрыннан бар есеп беру нысандарын қайталайды. Бірақ егер сертификатта тауарлар мен материалдардың сапасы зертханалық зерттеулер негізінде расталса, цифрлық таңбалаудың ешбір дәлелдік негізі жоқ.
"Ал ең негізгі мәселе – мемлекет енгізетін міндетті төлемдер өзінің экономикалық мағынасы бойынша салықпен пара-пар және бюджетке түсуі тиіс. Бірақ таңбалау жағдайында қыруар ақша РОП (утильсбор) пен ЦТС (кірме жолдарға арналған тарифтер) сияқты олигополияға айналған жеке компания түріндегі "Қазақтелеком" АҚ құрамындағы жеке операторға түседі. Жеке компанияның қолында барлық тұтынушы, өндірушілер мен сатушыларға қатысты, олардың қалауы, баға сегменттері және басқа параметрлер туралы ақпарат жинақталады. Осылайша "Қазақтелекомда" онлайн-сауда нарығын монополиялауға және басқа нарықтардағы бәсекелестікті тұншықтыруға мүмкіндік беретін мәліметтер базасы қалыптасуда", - деп алаңдады Бейсенбаев.
Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясының депутаттары Қазақстанға ЕАЭО аясында танылған тауарларды міндетті таңбалауды тиімсіз, тіпті зиянды шара ретінде тоқтатуды талап етті.
Болат Назарбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.04.2023
Болат Назарбаевтың автобазары заңсыз ашылған – сот шешімі
Жаңалықтар
0