Жапонияда жарты ғасыр бойы өлім жазасын күтіп отырған адамның ісі қайта қаралады

© AFP 2024 / Thomas SamsonАрхивтегі фото
Архивтегі фото  - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.03.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 20 наурыз – Sputnik. Жапонияның жоғарғы соты жарты ғасыр бұрын өлім жазасына кесілген Ивао Хакамаданың ісін қайта қарайды, деп хабарлады ВВС.
Ивао Хакамадаға 1968 жылы бір отбасының 4 адамын өлтірді деген айып тағылған. Қазір ол 87 жасқа келді. Amnesty International құқық қорғау ұйымының айтуынша, Ивао Хакамада әлемде өлім жазасын ең ұзақ күткен адам.
Хакамада бастығы мен оның әйелін және екі баласын тонап, артынан өлтірді деген айыппен қамауға алынған. Отбасының денесі пышақ жарақатымен 1966 жылы Токио маңындағы соя өңдеу зауытында болған өрттен кейін табылды.
Кәсіпқой боксшы болған Хакамададан 20 күн бойы жауап алынған, ақыры ол кісі өлтіргенін мойындаған.
Бірақ ол сот отырысында тергеушілер оны ұрып-соғып, азап көрсеткендіктен жасамаған қылмысын амалсыз мойнына алғанын айтқан. Күдіктінің адвокаттары тергеушілер дәлелдемені ойлап тапты деп мәлімдеді.
Хакамада ісін қайта қарау кезінде оның ДНҚ-сы қайтыс болғандардың киіміндегі қан дақтарынан алынған заттармен сәйкес келе ме, жоқ па, соны шешеді.
2014 жылы Жапония аймақтық соты Хакамаданы қамауға алып, қайта отырыс өткізуге бұйрық берді: судьялар оның кінәсінің дәлелі ойдан шығарылған болуы мүмкін деп шешті.
Токио соты бұл шешімнің күшін жойды, бірақ қазір Жапонияның жоғарғы соты қайта қарау туралы шешімді күшінде қалдырды.
Адамға ауыр жаза қолдануға қарсы Amnesty International ұйымы Хакамаданың ісіне қатысты жаңа отырыс өткізу туралы шешімді "әділеттілікті қалпына келтірудің өте кеш мүмкіндігі" деп атады.
Алайда, қолданыстағы ережелерге сәйкес, Хакамада ісін қайта қарау үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін, ал адвокаттар сот билігіне бұл процедураны қысқартуды ұсынды.
"Біз 87 жастан асқан Хакамаданың құқығын қалпына келтіру үшін одан әрі кідірістерге жол бере алмаймыз. Өйткені 47 жыл түрмеде отырған Хакамаданың денсаулығы жарамайды және ол психикалық аурулардан зардап шегеді", - дейді Жапония адвокаттар қауымдастығының басшысы Мотоджи Кобаяши.
Әлемнің дамыған демократиялық елдерінің ішінде өлім жазасы тек Жапония мен АҚШ-та жойылған жоқ. Құқық қорғаушылар Жапонияның сот жүйесін бірнеше рет сынға алды, өйткені мұнда кінәні анықтау кезінде мойындау айғақтарына көбірек мән беріледі.
Архивтегі фото   - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.10.2022
Бір тәулікте үш адамды өлтірген, біреуі сәби
Жаңалықтар
0