Ақтөбе облысындағы су тасқынына байланысты комиссия құрылды

© Photo : "Диапазон"Қобда ауданы
Қобда ауданы - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.03.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 14 наурыз – Sputnik. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қобда ауданының Қобда ауылында су тасқынына қарсы штабтың шұғыл отырысын өткізді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдімекенді су басудың алдын алу және көлік қозғалысын қалпына келтіру мақсатында 13 наурызда бұзылған "Самара-Шымкент" халықаралық маңызы бар жолдың 613-шақырымында металл су өткізгіш құбырларды орнату және инертті материалдармен толтыру жөніндегі жұмысты аяқтауды тапсырды.
Тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов зардап шеккен әр отбасына қажетті көмек берілетінін атап өтті.
"Ауданда комиссия құрылып, үйлер тексерілетін болады. Біз барлығына қолдау көрсетеміз, қаражат бөлеміз, мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу шаралары қабылданады",- деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Қобда ауданындағы жағдай облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.
Естеріңізге сала кетейік, Қобда ауданында бірқатар үй мен ғимаратты су басқан еді. Суды жіберу үшін жедел штаб аудан орталығы арқылы өтетін Самара-Шымкент тас жолында канал қазу туралы шешім қабылдады. Барлық көлік құралдарының қозғалысы тоқтатылды.
Жаңалықтар
0