Қоғам

Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.03.2023
Жазылу
АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Парламент сайлауы, банкроттық жариялау, көпбалалы аналарға арналған жеңілдік – осы және өзге де өзгерістер көктемнің алғашқы айында күшіне енеді. Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Банкроттыққа өтініш қабылдау басталады

3 наурызда "Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заң күшіне енеді. Сол күннен бастап кредитін төлей алмай, борышкер атанғандар банкроттыққа өтініш беруге құқылы.
Берешегі барлар соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдері арқылы қарызынан құтыла алады. Үш процедураның шарттары туралы толығырақ мына сілтеме арқылы оқыңыз.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, елімізде 1,1 млн борышкер өзін банкрот деп жариялай алады.
Банкрот атанған азаматқа бес жыл бойы кредит берілмейді. Бұған қоса "банкрот" статусы 7 жыл сақталады, ал қаржылық жағдайы үш жыл бойы тексеріліп тұрады.

Көпбалалы аналар автобуста тегін жүреді

Бұған дейін президент қол қойған "Автомобиль көлігі туралы" заңда жолаушылардың жекелеген санаттарына қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу бойынша жеңілдіктер беру қарастырылған болатын. Өзгерістер 1 наурыз күшіне енді.
Енді бүгіннен бастап қалалық (ауылдық), қала маңына қатынайтын көліктерде "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар тегін жүреді.
Сонымен қатар І топ мүгедектігі бар адамдар да жол ақысын төлемейді.
Ал 15-18 жас аралығындағы балалар билет құнының 50 пайызын төлейді.
Айта кетері, заңда көрсетілген жеңілдіктердің бір бөлігі кейбір өңірлерде бұрыннан бар. Осылайша қабылданған заң жаңа жеңілдіктер енгізбейді, тек оларды барлық өңірге таратады.

Астана мен Бейжіңді байланыстыратын рейс

Осы айда Air Astana әуе компаниясы Астана – Бейжің рейстерін қайта жандандырады.
Қазақстандықтар Астанадан Бейжіңге 18 наурыздан бастап ұша алады. Рейстер аптасына 2 рет – сәрсенбі және сенбі күндері орындалады, ал жазда жиілік ұлғаяды. Жолаушыларды A321LR лайнері тасымалдайды.
Сондай-ақ 2 наурыздан бастап әуе компаниясы Алматыдан Бейжіңге рейстер санын аптасына 4 рейске дейін ұлғайтады. Ал жазғы маусымда рейстерді күн сайын орындау жоспарланып отыр.
Алматы мен Бейжің арасында Airbus A321LR және Airbus A321neo ұшақтары қатынайды.
Еске салсақ, пандемияға байланысты Қытаймен әуе қатынасы уақытша тоқтаған болатын. Осыдан кейін Air Astana Бейжіңге рейстерді былтыр қарашада қайта жандандырды.

Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі

1 наурызда мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі пилоттық жоба ретінде іске қосылады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін жеңілдету мақсатында іріктеудің автоматтандырылған алгоритмін әзірлеген болатын.
Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыру мақсатында "Е-қызмет" жүйесі жаңғыртылды. Конкурстық рәсімнің барлық кезеңі қашықтан (әңгімелесуден басқа) онлайн өткізіледі. Енді қазақстандықтар әлемнің кез келген жерінен және қалаған уақытында конкурсқа қатыса алады.
Іріктеу кезеңдерінен өту кезінде анонимділікті қамтамасыз ету үшін ID-нөмір беріледі. "Адами фактордың" ықпалын болдырмау үшін конкурстың ашықтығын тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етеді. Осылайша, жаңа іріктеу форматына сәйкес конкурстың қорытындыларын ақпараттық жүйе дербес шығарады.
Тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Іріктеу жеке қасиеттерді бағалау, мәтіндік және сандық ақпаратпен (SHL) жұмыс істеу қабілетін бағалау, эссе жазу, мемлекеттік органның конкурстық комиссиясында әңгімелесу кезеңдерін қамтиды.
Ақпараттық жүйе арқылы жаңа іріктеу 1 наурызда екі әкімдік пен үш орталық мемлекеттік органда басталады.

Мәжіліс және мәслихат сайлауы

19 наурыз, жексенбі күні мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Сайлауда 12 миллионнан астам қазақстандық дауыс бере алады.
Биыл мәжіліс депутаты мандатына 7 саяси партия таласады:
Amanat партиясы
"Ауыл" партиясы
Respublika партиясы
Қазақстан халық партиясы
"Байтақ" жасылдар партиясы
"Ақ жол" партиясы
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.
Осы жолғы мәжіліс және мәслихат сайлауына 5 түрлі бюллетень әзірленеді. Олардың екеуі – мәжіліс, қалған үшеуі – мәслихат депутаттарын сайлауға арналған.
Сайлау бюллетеньдері бес түрлі түсте дайындалады. Толығырақ мына жерде.
Айта кетері, биылдан бастап парламент мәжілісі 98 депутаттан құралады: 69 депутат партиялық тізімдер бойынша, ал 29 депутат бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады.
Жаңалықтар
0