Қоғам

Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтауымыз керек – Тоқаев

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 16 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн. Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге", - делінген құттықтауда.
Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз.
Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, деп жалғастырды президент.
"Биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болды. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз", - деді Тоқаев.
Айтуынша, Қазақстан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, мемлекетті жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл бастамаларды табысты жүзеге асыру – әрқайсымыздың қолымызда.
"Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев барша азаматты бүгінгі ұлық мерекемен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, бақ-береке тіледі.
"Қазақстанымыз өркендей берсін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!", - деп тіледі президент.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.12.2022
Қоғам
Қазақстан халқы Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатыр
Жаңалықтар
0