Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ – президент

© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанҚасым-Жомарт Тоқаев Қонаев қаласы жұртшылығымен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев қаласы жұртшылығымен кездесті - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы өңір жұртшылығымен кездесуде қазақша сөйлейтін жастардың көбейіп келе жатқанын, жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгергенін атап өтті.
"Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Соған сәйкес қазақша фильмдерге, әндерге және басқа да өнімдерге деген сұраныс жоғары. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты", - деді ол.
Тоқаев мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатқанын айтты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.
"Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ, өзге тілден бас тартуға болмайды. "Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін" деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз", - деп толықтырды президент.
Оның айтуынша, әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, озық үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет.
"Бабаларымыз "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл" деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен, ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек", - деп атап өтті Тоқаев.
Мемлекет басшысы тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуға шақырды. Өйткені Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ.
Оқушы дәптер - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.06.2022
Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді – Тоқаев
Жаңалықтар
0