Президент сайлауы: ЖСДП кандидаты қаңтар оқиғасын тергеу мәселесін көтерді
12:11 01.10.2022 (жаңартылды: 09:54 27.10.2022)
Жазылу
АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының атынан президент сайлауына қатысатын Нұрлан Әуесбаев қаңтар оқиғасын әділ тергеу қажеттігін мәлімдеді.
"Мысалы, қаңтар оқиғасы аяғына дейін шешілген жоқ, әлі әділетті тергеу жүргізіп, тиянақты қорытындысын шығару қажет. Ол қашан шығады? Келешекте мемлекетімізде осындай келеңсіз жағдайлар болмау үшін, шын мәнінде, қаңтар оқиғасын жасағандар жазалануы керек. Ал кінәсіз адамдар босатылуы қажет" , - деді Әуесбаев журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, партияның біраз ұсынысы президенттің соңғы реформаларында көрініс тапты.
"Мәселен, әкімдерді сайлау, біз осы мәселені 15 жылдан бері айтып келе жатырмыз. Қазір Қазақстанда ауыл әкімдерін сайлау басталды. Бұдан бөлек, мәжіліс депутаттарын мажритарлық жүйемен сайлау бар. Ол да ескерілді", - деп атап өтті Әуесбаев.
Айта кетері, бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Саяси ұйым өз кандидатын ұсынды. Ол 65 жастағы Нұрлан Әуесбаев.