Саясат

Тоқаев Конституциялық кеңеске жүгінді – президент әкімшілігінің түсініктемесі

© Sputnik / Владислав ВодневҚазақстан Конституциясы
Қазақстан Конституциясы - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев Конституцияға түзету енгізу мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Биыл 1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялап, президенттің мандатын қайта сайлану құқығынсыз жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынған болатын. Осыдан кейін мәжіліс депутаттары тиісті түзетулерді Конституцияға сайлауға дейін енгізу қажет деп шықты.
"Олардың пайымдауынша, жаңа нормаларды президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша осы күзде президент болып сайланатын адамға жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заңды жағдайлар туындауы мүмкін. Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру үшін Конституцияға түзетулер енгізу қажет. Осыған байланысты, мәжіліс депутаттарының ұсынысымен тиісті заң жобасы әзірленді", - дейді Жиенбаев.
Заң жобасында президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі және оны бір қана сайлау туралы норма қарастырылған. Сондай-ақ, осы нормаларды кейін өзгертуге жол бермейтін ереже де енгізіліп отыр.
"Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға және президент жеті жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолы президент атанатын азамат үшін және одан кейінгі барлық мемлекет басшысы үшін президент сайлауына қайта қатысу мүмкіндігі заңмен шектеледі", - деп атап көрсетті Жиенбаев.
Заң жобасында президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімін белгілеуге байланысты Конституциялық сот судьяларының қызмет мерзімін алты жылдан сегіз жылға ұзарту ұсынылып отыр. Олар да бұл лауазымға қайта тағайындалмайды.
"Әлемнің көптеген мемлекеттерінде Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын тұлғалардың, яғни президенттің және парламент депутаттарының өкілеттік мерзімінен ұзағырақ болады. Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі олардың түрлі саяси күштердің ықпалынан тәуелсіз болуына басты кепілдік болып саналады. Конституциялық Сот 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастайды.", - деді президенті әкімшілігі басшысының орынбасары.
Ата заңымыздың 91-бабының 3-тармағына сәйкес, заң жобасы Конституциялық кеңеске жолданды. Кеңес мүшелері түзетулердің тиісті талаптарға сәйкестігін тексереді.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.09.2022
Президент сайлауы - 2022
Кезектен тыс президент сайлауы қалай өтеді
Жаңалықтар
0