сайлау - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.10.2022
Президент сайлауы - 2022
Қазақстанда 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтеді.

Кезектен тыс президент сайлауы қалай өтеді

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.09.2022
Жазылу
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Ол алдағы саяси додада өзі де бақ сынауға дайын екенін жариялады
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы алты рет өтті: 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 және 2019 жылы. Оның басым бөлігі кезектен тыс болды.

Кезектен тыс президент сайлауы қашан өтеді

1 қыркүйекте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді.
"Мен биылғы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын", - деді президент Қазақстан халқына жолдауында.
Үндеудің жарияланғанына он күн өтсе де, әзірге кезектен тыс президент сайлауының нақты қай күні өтетіні белгісіз.
"Сайлау туралы" конституциялық заңға сәйкес, президенттің кезектен тыс сайлауы мемлекет басшысының шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
Кезектен тыс сайлаудан кейінгі президенттің кезекті сайлауы бес жыл өткен соң Конституциялық заңда белгіленген мерзімде жарияланады.

Президенттiкке кім кандидат бола алады

Конституцияға сәйкес, Қазақстан президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы сайлана алады.
Одан бөлек, "Сайлау туралы" Конституциялық заң бойынша, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға, сондай-ақ белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.

Қазақстан президенті қандай мерзімге сайланады

Ел президентін жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.
Алайда жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Яғни қайта сайлануға тыйым салынады.
Бұл үшін Ата заңға өзгеріс енгізілуге тиіс. Егер түзету Конституцияға биыл күзде енгізілсе, онда болашақ президент жеті жылға және бір мерзімге ғана сайлануы мүмкін.
Касым-Жомарт Токаев.  - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2022
Қоғам
Тоқаев күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды
Бұған дейін мәжіліс спикері Ерлан Қошанов президентті 7 жыл мерзімге сайлау туралы өзгерісті Конституцияға биыл енгізу керек екенін айтқан болатын. Спикердің пікірінше, егер биыл президент тағы бес жылға сайланса, осы мерзім аяқталғаннан кейін 7 жылға сайлануға құқықтық мүмкіндігі пайда болады.
"Мұны шектеу үшін реформаны тағы бес жылға созбай, биыл жеті жылдық мерзімді енгізіп, президент сайлауын өткізуіміз керек деп ойлаймын", - деді Қошанов.
Айта кетері, қазіргі Конституция бойынша бір адам қатарынан екі реттен артық Республика президенті болып сайлана алмайды.

Қандай жағдайда президент сайланды деп саналады

Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50%-інен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.
Егер кандидаттардың бірде-бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.

Сайлау қорытындысы және ант беру

Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиясы хаттамаларының негiзiнде сайлаудан кейiн жетi күндiк мерзiмнен кешiктiрмей президент сайлауының қорытындыларын белгiлейдi және тиiстi қаулы қабылдайды.
Президент кезектен тыс сайлауда сайланған жағдайда ант беру президенттік сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі. Ант беру күнін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

Назарбаевтар билікке келуі мүмкін бе

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы, мәжілістің экс-депутаты Дариға Назарбаева алдағы президенттік сайлауға қатыса алатынын мәлімдеді.
"Әрине, қатыса алады. Нұрсұлтан Назарбаев та қатыса алады. Президент кандидаттарына қойылатын талаптарға сай келетін кез келген адам өз кандидатурасын ұсына алады", - деген еді Өтемісов журналистерге.

Парламенттегі екі партия Тоқаевтың кандидатурасын қолдап отыр

Amanat партиясы алдағы кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайды. Бұл туралы таяуда партия төрағасы, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді.
Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев – президенттікке лайықты кандидат. Алайда сайлауға қай партиядан немесе қоғамдық бірлестіктен баратынын президенттің өзі шешеді.
Қошановтың өзі президент сайлауына түсуді жоспарлап отырған жоқ. Ол ешқандай сайлауға қатыспайтынын ашық айтты.
Ермұхамет Ертісбаев басқаратын Қазақстан халық партиясы да кезектен тыс президент сайлауында қазіргі мемлекет басшысының кандидатурасын қолдайтынын жариялады.
Ал "Ақ жол" партиясының президент сайлауына кімді ұсынатыны әзірге белгісіз.
Жаңалықтар
0