Елорда тынысы

LRT құрылысын аяқтауға қаражат қайдан алынады – министрлік жауабы

© Sputnik / Владислав ВодневАстана LRT
Астана LRT - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 8 қыркүйек – Sputnik. Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева астанадағы LRT-ның құрылысына қаржы қайдан алынатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін мәжілісте журналистер вице-министрден құрылысқа қажетті 577 миллион долларды қайдан алуға болатынын сұрады. Ондай қаражат үш жылдық бюджетте де қарастырылмаған.
Савельеваның айтуынша, қажетті құжаттар дайын болғанда қаржы мәселесі де қарастырылады.
"Құжат бойынша қажетті шаралар аяқталғанда ақшаны да қарастырады. Оны үкімет резервінен алмайтын шығармыз. Бюджеттік бағдарлама аясында қаржыны қайта үлестіру жұмысы атқарылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тиісті трансферлерді кіргізеді. Осы жұмыс келесі жылы бюджетті нақтылау кезінде жасалады", - деді вице-министр мәжіліс кулуарында.
Осы орайда Савельева LRT жобасы бойынша барлық құжат қажетті процедурадан өткенін жеткізді.

"Барлық құжат қаралды, бірқатар көрсеткіш қайта қаралды. Заң жағынан барлық талап сақталып отыр. Қазір кейбір тұстарын аяқтап жатыр. Одан кейін қаржыландыру үшін ешқандай кедергі болмайды", - деп атап көрсетті Савельева.

Ал журналистер ондай шешімге президент қарсы болмай ма деп сұрады. Себебі бюджеттен қыруар қаржы бөлуге тура келеді. Савельеваның айтуынша, мемлекет басшысы бәрін біліп отыр.
"Біз президент үшін жауап бере алмаймыз. Бірақ үкіметтің ішінде және әкімдікте қаралған барлық мәселе, барлық материал президентке ұсынылды. Ресми хат жазысу болды. Механизм, сондай-ақ, жобаны іске асыру - барлығы президентпен келісілді", - дейді Савельева.
Айта кетері, 1 қыркүйекте қала басшысы Алтай Көлгінов те жеңіл рельсті қоғамдық көлік жүйесінің құрылысы бюджет есебінен аяқталатынын растады. Себебі бірде-бір инвестор жобаға өз ақшасын салуға келіспеді.
Жаңалықтар
0