Қостанайда орман қорының жартысы жанып кеткен бе – министр жауап берді

© Photo : МЧС РКҚостанай өот
Қостанай өот - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанайда жанып кеткен ағаштардың саны облыстағы орман қорының жартысына жетпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жақын арада жергілікті орман шаруашылығы басқармасы өрттің салдарын есептеуге кіріседі. Алдын ала мәліметке сәйкес, Қостанай облысында 43 мың гектар жер жанып кетті.
"Бірақ соның ішінде орман қоры ғана емес, егістік, жайылым, жалпы, халық пайдаланатын жерлер де бар. Ал жанып кеткен орман қорын бөлек есептейді. Сол кезде шығынның нақты көлемі анықталады", - деді Ильин журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетері, бұған дейін өрт сөндіру шаралары бес учаскеде - Аманқарағай, Лесное, Озерное, Калинино және Бағаналы ауылдарына жақын жердегі орманда жүргізілген. Өрт жиегінің жалпы ұзындығы 5 шақырым болды.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде Бағаналы ауылына қауіп төніп тұрған жоқ. Аманқарағай жақта өрттің өршіп кету қаупі әлі де сақталып отыр. Тілсіз жау өткен кейбір жерлерде қайтадан су шашу қажет. Ал Лесное мен Озерное арасындағы орманда өрт өшірілді. Орман шаруашылығы мамандары шоқтарды өшіріп жүр.
"Қазіргі жұмыс қарқынымен бүгін-ертең өртті ауыздықтаймыз деп ойлаймын. Жақын арада толығымен өшіріп, орман шаруашылығы мамандарын ғана қалдырамыз", - деп атап көрсетті Ильин.
Жаңалықтар
0