Сарапшылар заңсыз кіргізілген көліктердің бәрі бірдей тіркелмейді деп топшылады

© Sputnik / Табылды КадырбековАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.09.2022
Жазылу
НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Елге заңсыз кіргізілген көліктердің бәрі тіркеуден өткізіле ме? Жолдаудан кейін жеңілдікке қайсымыз ілігеміз деп, көңілі күпті болып отырған жүргізушілер көп.
Әзірге осы іске жауапты экология министрі нақты алгоритмді дайындап бітпеген. Бірақ қазірден сарапшылар бір реттік жеңілдіктің шапағатын бәрі көрмейді деп топшылайды. Бұл туралы КТК хабарлады.
Ақтау көшесіндегі көліктердің жартысынан көбі Ресей, Армения, Грузия нөмірімен жүргені ешкімге жасырын емес. Есен Жарланов сондай темір тұлпардың бірін тізгіндеген. Жолдауда айтылған бір реттік жеңілдікті естіп құлағы елең ете қалды. Алаламай, бәрін тіркеуден өткізсе, тәртіп те бір ізге түсер деп топшылайды.
"Бұл дұрыс шешім. Себебі шетелден көлік өте көп келіп жатыр. Өте Олар деген заңды түрде осылай есепке қойылса, үлкен артықшылықтары бар. Бюджетке ақша түседі дегендей, сосын жол ержесін бұзушылар азаяды. Жылы бойынша, оң рөлділерге шектеу қойса, ол дұрыс деп ойлаймын", - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Есен Жарланов.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстанға үшінші елдерден 122 мыңға жуық көлік "уақытша" деген желеумен кіргізілген. Бұл жерде үшінші ел дегеніміз, Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кірмейтін мемлекеттер. Уақытша әкелу мерзімі бір жыл екенін ескерсек, кері шыққандары жоқтың қасы.
Қолданыстағы тіркеу ережесін електен өткізсек, бұл бір реттік жеңілдіктің шарапатын сонда кім көреді деген еріксіз ойға батасың. Президент пәрмені бойынша бір реттік утилизация және алғашқы тіркеу көлемі 250 мың теңгеден аспауға тиіс. Халықаралық іздеуде жоқ және кедендік рәсімнен өткен көліктер ғана бұл жеңілдіктен дәмелі. Бірақ нақты алгоритм әзірге жоқ. Оны дайындауға жауапты экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жұмысқа бірден кіріскенін жеткізді.
"Заңсыз көлік әкелуге батыл тосқауыл қою да тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін қазір мүдделі мемлекеттік органдармен кеңес жүргізілуде. Осының барлығын қарастыруда, нақты мәліметтер болған кезде біз тағы қосымша ақпарат береміз", - дейді экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.
"Келісіп пішкен тоң келте болмас" деп кеңесуге кіріскен министрліктердің ақылдасуы қашанға дейін созылары белгісіз. Жеңілдікті естіп, құлағын түріп елеңдеген жүргізушілер екіұдай күйде. Тіркеуге ілігуге әркімнің-ақ бар таласы. Бірақ қайсының асығы алшысынан түсерін уақыт көрсетеді.
Российские автономера  - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2022
Қоғам
Тоқаев утиль алымы жайлы: 250 мың теңгеден аспауы керек
Жаңалықтар
0