Қоғам

Бүгін – Құрбан айттың бірінші күні

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.07.2022
Жазылу
Мұсылман қауымы Құрбан айтты қатарынан үш күн тойлайды. Айт күндері құрбандық шалынады
НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Бүгін қазақстандықтар қасиетті мейрам – Құрбан айтты атап өтіп жатыр.
Мұсылмандар үшін бұл мерекенің алар орны айрықша. Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, бауырластықты нығайтады.
Құрбан – араб тілінде "жақындау" дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Мейрам күндері адамдар Алланың разылығы үшін құрбан шалады.
Құрбан айт Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң басталады. Биыл мейрамның бірінші күні сенбі, 9 шілдеге түсіп тұр. Елімізде Құрбан айттың алғашқы күні демалыс болып саналады. Бірақ бұл ұлттық немесе мемлекеттік мереке болмағандықтан, демалыс күні ауыстырылмайды. Сол себепті қазақстандықтарға осы жылы қосымша демалыс берілмейді.

Құрбандыққа қандай мал сойылады

Пандемия кезінде қазақстандықтар онлайн құрбандық шалып келді. Биыл індеттің басылғанына байланысты құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Мүфтият қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін онлайн құрбандық шалғысы келетіндерге арналған qurban2022.kz сайтын іске қосты.
Айта кетері, кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі төлінің ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек.
Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, өздігінен мал соятын жерге бара алмайтын, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінің көбі кесілген мал құрбандыққа жарамайды. Алайда мүйізі жоқ, құлағы жарылған, тесілген, піштірілген малды құрбандыққа шалуға болады.
Құрбан шалу 9 шілде айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні, яғни 11 шілде күн батқанға дейін жалғасады.
Мәселен, Нұр-Сұлтанда мал сою орындарында сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін құрбандық шалынады. Мал сою үшін бекітілген арнайы орындардың тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Ал Алматы қазір "сары" аймақта тұрғандықтан, тұрғындар Құрбан айтта адам көп жиналатын отырыстар өткізбеуі керек. Құрбандық шалу орындарында, сондай-ақ мешіттерде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін әкімдік, полиция, ветеринарлық қызмет және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының қызметкерлері кезекшілік атқарады.
Алматы қаласында Құрбан айт күндері құрбандық шалу үшін 13 орын белгіленді.

Құрбан айт қалай тойланады

Қасиетті мейрам Құрбан айт намазынан басталады. Мұсылмандар таңертең ерте жуынып, таза, жаңа киімін киіп, мешітке айт намазына келеді.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: "Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал" деп бұйырған. Алланың разылығы үшін шалынған құрбан етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше мұқтаж жандарға садақа береді.
Адамдар бір-бірін Құрбан айтпен құттықтайды, өкпе-реніші барлар татуласады.
Әр шаңырақта қазан асылып, бауырсақ пісіріліп, мол дастарқан жайылады.
Жаңалықтар
0