Қоғам

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына әлеуметтік қолдау түрінде 16 млрд теңге төленді

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.05.2022
Жазылу
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. 2003 жылдан бастап Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 16,1 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 1,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, 2003 жылдан бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.
"2003-2021 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2 385 теңге мен (3/4 АЕК) 318 000 теңге (100 АЕК) аралығында. 2022 жылға республикалық бюджетте бұл мақсаттарға 2,1 млн теңге қарастырылған", - деп мәлімдеді министрліктің әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов.
Бұдан бөлек, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ мүгедектігі бар немесе зейнеттегі саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға 1,07 АЕК (2022 жылы – 3 403 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
"2005 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2022 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,3 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 29 648 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды", - деді Ниязов.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына қандай жеңілдік жасалады

Ақталған азаматтардың, сондай-ақ мүгедектігі бар немесе зейнетке шыққан, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған адамдардың мынадай құқықтары бар:
бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақыты үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін еңбек өтілі ретінде есептеледі;
өздеріне ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
телефондарды бірінші кезекте орнату;
Қазақстан заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, мемлекет тарапынан толық қамтамасыз ету;
протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алу.
Бұдан басқа, әкімдіктер саяси қуғын-сүргінге ұшыраған және Қазақстан заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджет есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.
Биыл жергілікті бюджет есебінен 8 232 азаматқа 3 278 теңгеден 47 700 теңгеге дейінгі мөлшерде 182 млн теңге біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.
Тоқаев қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына құран бағыштады   - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.05.2022
Қоғам
Тоқаев қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына құран бағыштады
Айта кетері, еңбек министрлігінің ақпаратынша, 1921-1954 жылдары аралығында "халық жауларын" анықтау саясатының салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді. Миллиондаған қазақстандық 1932-1933 жылдары ашаршылық құрбаны болды.
Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұдан бірнеше есе көп болған.
1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматы үшін депортация орны болды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзірбайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың саны 1 миллион 200 мың шамасында.
Жаңалықтар
0