Саясат

Қазақстан мен Қырғызстан сауда көлемін 2 млрд долларға жеткізеді

© Photo : пресс-служба правительства КыргызстанаАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2022
Жазылу
Былтыр екі елдің өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жеткен
НҰР-СҰЛТАН, 26 мамыр – Sputnik. Қазақстан мен Қырғызстан өзара сауда көлемін таяу арада 2 миллиард долларға жеткізеді. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырылған брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілгенін, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берілгенін атап өтті.
"Қазір әлемдегі ахуал күрделі екенін білесіздер. Осындай қиын кезеңде күш жұмылдыру өте маңызды. Қазақстан – Қырғыз елінің негізгі сауда және инвестиция саласындағы серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1 миллиард долларға жетті. Қазақстан соңғы 15 жылда қырғыз еліне 1 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар. Жалпы, экономикалық ықпалдастықты одан әрі өркендетуге әлеуетіміз жетеді. Біз сауда көлемін жақын арада 2 миллиард долларға жеткізуге келістік", – деді Тоқаев.
Президент бүгін сауда-логистикалық индустриялық кешеннің негізі қаланғанына тоқталып, бұл қадам өндірістік байланыстар мен сауда-саттықты жандандыруға жол ашатынын айтты.
Айтуынша, өзара сауда айналымын қысқа мерзімде едәуір ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстан Қырғызстанға импортталатын жүздеген тауар түрін қазірдің өзінде ұсына алады.
"Біз өнеркәсіп өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайынбыз. Бұған "Kazexport" компаниясы қолдау көрсетеді. Қырғыз елінің де Қазақстанға шығаратын өнімдері аз емес. Осы орайда, қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланамыз деп уағдаластық", - деді Тоқаев.
Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Бішкекте жүр.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.05.2022
Саясат
Тоқаев реформалар жайлы: алдымызда ұзақ жол бар
Жаңалықтар
0