Әлем

Түркия Швеция мен Финляндияға манифест жолдауы мүмкін

© Pixabay / Wilfried PohnkeФлаги Финляндии и Швеции
Флаги Финляндии и Швеции - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.05.2022
Жазылу
Сәрсенбі күні Финляндия мен Швеция Солтүстікатлантикалық альянсқа кіретіні туралы хабарлады
Елшілер альянстың бас хатшысы Йенс Столтенбергке өтінішті ұсынып қойды. Бірақ Түркия бұл бастаманы қолдамайтынын мәлімдеді. Скандинавтарды Шығыс Еуропадағы кейбір мемлекеттер де қолдаған жоқ, деп жазды РИА Новости.
Хельсинки мен Стокгольм құжаттарды жолдаудан бір апта бұрын өз ниеті туралы мәлімдеген болатын. Реджеп Тайып Ердоған бірден қарсылық білдірді. Ол Скандинавия елдерінде Күрдістан жұмысшылар партиясы (КЖП) өкілдерінің саны артқанына алаңдаушылық білдірді. Түркия, Еуроодақ пен АҚШ бұл партияны террористік топ деп санайды.
13 мамырда Ердоған шешім қабылдауға вето жариялауы ықтимал екенін аңғартты. "Бұл мәселеге қатысты бізде оң көзқарас жоқ. Скандинавия елдері террористік ұйымдар бас сауғалаған "қонақ үйге" айналған" деді ол.
НАТО қатарына қандай да бір елді қабылдау үшін альянсқа мүше барлық отыз мемлекет те қолдап дауыс беруі керек. Әйтпесе, Солтүстікатлантикалық альянстың кез келген қатысушысы оған мүше болу процесін бұғаттап тастай алады.
Түркия ертесіне-ақ өз ұстанымынан аздап шегінгендей болды. Президенттің сыртқы саясат жөніндегі аға кеңесшісі Ибрагим Калин "мемлекет есікті тарс жаппағанын, альянстың ықтимал қатысушыларын келіссөзге шақырып отырғанын" мәлімдеді. Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавшоглу Берлинде швед және фин әріптестерімен кездесті.
Барлық процесс қарым-қатынас біршама жібігенін білдіре бастады. Швеция диалогты реттеу үшін Анкараға елші жіберуге дайын болды. Бірақ Ердоған қайтадан кері шегінді: "Түркияға қарсы санкция енгізіп жатқан тараптарға біз "иә" деп жауап бере алмаймыз. НАТО – бұл қауіпсіздік жөніндегі ұйым. Финляндия мен Швеция делегаттарына түрік еліне сапар шегіп әуре болудың қажеті жоқ".
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.05.2022
Әлем
Ердоған Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруін қолдамайтынын айтты
Мемлекет басшысының айтуынша, скандинавтар Күрдістан жұмысшылар партиясына қатысы бар күдіктілерді экстрадациялаудан бас тартқан. Соондай-ақ бұл партияны жақтаушылар швед парламентінде отыр. Түріктердің бұқаралық ақпарат құралдары альянсқа мүше болуға үміткерлер Анкараға Күрдістан жұмысшылар партиясы мен "Хизмет" қозғалысының отыздан астам мүшесін тапсырудан бас тартқанын жазды. "Хизмет" жетекшісі – жазушы әрі насихаттаушы Фетхуллах Гюлен. Түркияда оны 2016 жылы сәтсіз аяқталған мемлекеттік төңкерісті ұйымдастырушы деп жариялады. Ердоған оны өз жауы деп мәлімдеген.
"Швеция – террористік ұйымдардың инкубаторы", - деді Түркия президенті. Бірақ Анкара нақты шешім қабылдаған жоқ және "саудаласуға" дайын. Bloomberg аты-жөнін жасырған түрік шенеуніктеріне сілтеме жасап хабарлағандай, Түркия альянстың қарсы қадам жасауына қарай райынан қайтуға дайын. Бұл Күрдістан жұмысшылар партиясынан бөлек, Түркияға қару-жарақ экспорттауға салынған эмбаргоны алып тастауды, "Триумф" зениттік зымыран кешендерін сатып алғаны үшін енгізілген санкциялардың күшін жоюды қамтиды.
Түрік газеті Sabah ақпараты бойынша, жақын уақытта елдің сыртқы істер министрлігі Финляндия мен Швецияға он талаптан тұратын манифест жолдайды. Оның барлығы Күрдістан жұмысшылар партиясына қатысты, бірақ резиденттерді Анкараға экстрадациялауды қарастырмайды. Алайда бұл тізімді әзірше ешкім жариялаған жоқ.
Түркия президентінің сөзіне жауап ретінде Стокгольмдегі көшелердің бірінде күрд мигранттары Күрдістан жұмысшылар партиясының туын іліп, түтін тудыратын шашка жақты. Швецияда күрдтердің саны жүз мыңға жуықтаса, Финляндияда айтарлықтай аз. Ал парламентте расында да Күрдістан жұмысшылар партиясын қолдайтын депутат бар. Ол – Амина Какабаев, Иран тумасы. Ол жас кезінде Ислам Республикасында террористік деп танылған "Комала" тобының мүшесі болған.
Қазір Какабаев ресми түрде күрд партияларында мүшелікте болмағанымен, Күрдістан жұмысшылар партиясы мен оның мүшелерін Швециядағы террористік ұйымдар тізімінен алып тастауды талап етіп отыр. Социал-демократтар осындай үндеумен өз сайттарында сәйкес құжатты жариялаады. Ол құжатта Күрдістанның тәуелсіздігін мойындау туралы да жазылған.
Сонымен қатар, Стокгольмда "Стокгольм бостандық орталығы" (SCF) мен "Солтүстік мониторинг жөніндегі зерттеу желісі" (NRMN) ұйымдарының штаб-пәтерлері орналасқан. Олардың айналасында түрік диссиденттері шоғырланған.
Алайда, швед саясаткерлерінің арасында Ердоғанды жақтаушылар да бар. Қыркүйекте "Нюанс" ислам партиясы парламент сайлауына түседі. Шыққан тегі түрік болып саналатын Микаил Юксель осы партияның жетекшісі. Оның 1970-шы жылдары Түркиядағы жүздеген кісі өлімін ұйымдастырған ультраоңшыл ұйым "Бозкуртпен" байланысты деген пікір бар. Бақылаушылардың пайымдауынша, Анкара "Нюанс" арқылы Еуропадағы, оның ішінде бұрынғы Югославия аумағындағы өз мүдделерін қорғауды көздеп отыр. Швецияда Босния және Герцеговина, Косово және Албаниядан шыққан 100 мыңға жуық босқын тұрады. Юкселдің партиясы Босния мен Герцеговинаны, сондай-ақ Түркияның өзін Еуроодаққа қосуды талап етіп отыр.
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.05.2022
Әлем
Финляндия мен Швецияның НАТО-ға кіруі Ресейге қалай әсер етеді
Скандинавия елдерінің НАТО-ға кіруіне қарсы басқа мемлекеттер Балқан елдерінің мәселесін қозғады. Хорватия президенті Зоран Миланович альянстың маусымдағы саммиті кезінде талқылау жүрсе, вето енгіземін деп сес көрсетті. Келіспеушілікке Босния мен Герцеговинадағы сайлау туралы заңдар себеп болып отыр. Милановичтің пікірінше, бұл құжаттар хорваттардың құқықтарын шектейді. Ол осыған "америкалықтарды, ағылшындарды және немістерді" кінәлап отыр.
Миланович Ресеймен қақтығысты шиеленістіруді де сынға алды. Ол Санкт-Петербургтен небәрі 50 километр қашықтықтағы Финляндияның альянсқа мүше болуы қақтығысты одан бетер үдете түсетін "көзбояушылық" екенін айтты. Хорватияда бұл сөзден шу шықты. Премьер Андрей Пленкович ел президентін проресейлік көзқарасы бар адам деп айыптады. Сәуірдің соңында үкімет Милановичпен қарым-қатынасты тоқтатты.
Хорватия – парламенттік республика. Сондықтан президенттің сыртқы саясатқа ықпалы жанама болып саналады. Әйткенмен, Зоран Миланович осы мәселеге қатысты альянс кеңесіне қатысса, расында да НАТО-ға жаңа мүшелерді қабылдау туралы шешімді бұғаттай алады. Регламент бойынша кеңес елшілер мен мемлекет басшыларының деңгейінде бас қоса алады.
Оңтүстік және Шығыс Еуропаның басқа мемлекеттері де НАТО-ның украин қақтығысына араласуына наразы. Грекияда Киевке қару-жарақ жеткізуге, елде АҚШ пен НАТО-ның әскери базалары орналасуына қарсылық білдіру мақсатында митинг өтті. TrainOSE теміржол компаниясының жұмысшылары ауыр қару-жарақтың грек порттарына жеткізілуі қарсылық білдірді. Болгарияда да осы тектес митинг өтті. Онда "Возрождение" консервативті партиясының басшысы үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.
Бұл халық деңгейіндегі наразылықтар. Скандинавия елдерінің НАТО-ға кіруіне Ердоған мен Милановичтан басқа ешбір мемлекет басшысы қарсылық танытқан жоқ. Финляндия президенті Саули Ниинисте Yle телеарнасына берген сұхбатында елдің ұйымға кіруін Түркияның бұғаттау ниетіне күмәнданатынын айтты.
Елшілерді қабылдау рәсімінде НАТО-ның бас хатшысы Столтенбер "альянс Финляндия мен Швецияның мүшелігін рәсімдеу жылдам жүргізіледі деп сенетінін" айтты.
Ресей президенті Владимир Путин ҰҚШҰ саммитінде екі елдің НАТО-ға кіруі Мәскеуге қауіп төндірмейтінін атап өтті. Бірақ, мемлекет басшысы Ресей альянстың әскери инфрақұрылымын кеңейтуіне тиісті жауап қайтаратынын жеткізді.
Жаңалықтар
0