Ажар Ғиният зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді

© Photo : Служба центральных коммуникацийАжар Ғиният
Ажар Ғиният - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.05.2022
Жазылу
Қазақстанда әйелдер еркектерден 9 жыл көп өмір сүреді, деп атап өтті денсаулық сақтау министрі
НҰР-СҰЛТАН, 18 мамыр – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әйелдердің зейнет жасын төмендеуге қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер министрден қандай зерттеулер зейнет жасын төмендетуге негіз бола алатынын сұрады. Атап айтқанда, әйелдердің зейнет жасын төмендету талабы қаншалықты орынды екенін түсіндіріп беруді өтінді.
Министрдің айтуынша, бүгінде аса ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істейтін мамандар зейнетке ерте шыға алады. Кәсіби аурулардың тізімі бар. Бірақ алдымен медициналық комиссиядан өту керек. Мамандар аурудың себебін, яғни кәсіптен болғанын немесе басқа себептерге байланысты туындағанын анықтайды. Ал әйелдерге 63 жасқа дейін жұмыс істеген қаншалықты ауыр екені белгісіз. Ондай талдау және статистика жүргізілмейді.
"Бірақ әйелдерге қатысты айтарым, Қазақстанда олардың өмір сүру ұзақтығы еркектермен салыстырғанда 9 жылға артық. Зейнет жасын төмендету мәселесін жан-жақты зерделеу керек", - деді Ғиният.
Оның айтуынша, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы топ құрып, дәрігер мамандарды шақырса, олар міндетті түрде осы жұмысқа атсалысады.
"Біз талқыға салынатын мәселені ескере отырып, ондай жұмыс тобына міндетті түрде қатысамыз", - деп атап өтті министр.
Айта кетері, бұған дейін вице-премьер Ералы Тоғжанов үкімет зейнет жасын төмендету мәселесін талқылауға дайын екенін мәлімдеген болатын. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қазақстандықтардың зейнетке ерте шығуына қарсы емеспін деді. Осы мәселеге қатысты нақты шешім келесі жылы қабылданады деп жоспарланып отыр.
Жаңалықтар
0