Қоғам

"12 емес, 4 проценттік ипотека керек": сарапшылар жаңа бағдарлама жайлы ойын айтты

© Sputnik / Нина Зотина / Медиабанкке өтуКлючи от квартиры
Ключи от квартиры - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.05.2022
Жазылу
Сарапшылар 11-12 проценттік ипотеканың өзі халыққа ауыр болады деп санайды. Олар қазіргі автокредитке ұқсас 4 проценттік ипотеканы іске асыруды ұсынып отыр
НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Қазақстанда баспана саудасы бәсеңдеп қалды. Өткен айда тұрғын үйді сату және сатып алу көрсеткіші бірден 22,5 процентке түсіп кеткен. Соған қарамастан, баға өзгермей тұр. Доллар санкциялық соғысқа дейінгі межеге төмендесе де, баспананың құны сол қалпы.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген сарапшылар жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдайды түсіндіріп, жаңа ипотекалық бағдарламаның баспана бағасына қалай әсер ететініне болжам жасады.

Халық баспананың арзандағанын күтіп отыр

Қазақстан риэлторлар одағының вице-президенті Елена Гриваның айтуынша, қазіргі кезде халық арасында "тағы девальвация болады" деген қауіп бар. Оған қоса, әлемдік экономиканың тежелуіне қатысты сан алуан болжамдар айтылып жатыр. Ал тұрақтылық болмағаннан кейін адамдар ақшаны жұмсауға асықпайды.
"Халық ертең не болатынын білмейді. Әрине, ондайда көбісі ақшаны шығармай, жағдайды бақылап отырады. Сосын баспана бағасы түседі деп жаза бастады. Адамдар соны күтіп отырған сияқты. Мысалы, бізге хабарласатындар бағаның қашан түсетінін жиі сұрайды. Бірақ баспананың құны түспей тұр", - дейді Грива.
Осылайша, халық баспананың арзандағанын күтіп жүрсе, құрылыс компаниялары мен сатушылар бағаны түсіруге асықпай отыр.
Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің сөзіне қарағанда, доллар 500 теңгеге дейін барғанда құрылыс компаниялары жаңа баспананың бағасын 20-25 процентке көтеріп тастаған. Бүгінде АҚШ валютасы арзандады, тіпті, санкциялық соғысқа дейінгі деңгейге төмендеді. Бірақ құрылыс компаниялары бағаны түсірмей отыр. Ал екінші нарықта үйдің құны 40 процентке шарықтап кеткен.
"Қазір сұраныс азайды деп отыр ғой. Осы жағдай жылдың аяғына дейін сақталса, баспана бағасы 10-20 процентке төмендеуі мүмкін. Одан да арзандап кетуі де ықтимал", - деп атап өтті Мүсірепов.

Халыққа 4 проценттік ипотека керек

Қазір Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаны әзірлеуге кірісті. Оның мөлшерлемесі 11-12 процент болады деген жоспар бар. Алғашқы жарнасы - 20 процент. Риэлторлардың ойынша, ондай бағдарлама жылжымайтын мүлік нарығын жандандыра алады.
"Жылжымайтын мүлік нарығында сұраныс қай кезде артады? Халықта ақша болғанда және адамдар жақсы табыс тапқан жағдайда баспанаға сұраныс өседі. Ол бір. Екіншіден, қолжетімді ипотека болса, үй алатындардың саны көбейеді. Сондықтан тиімді шараттар жасалса, жылжымайтын мүлік нарығын жандандыруға болады. Мысалы, қазіргі жоба бойынша алғашқы жарна 20 процент дейді, ол жақсы сома, 50 процент болса, көбісі таба алмайды. Ал 20 процент болып қабылданса, адамдарда ондай ақшаны салуға мүмкіндік болады", - дейді Грива.
Үй, баспана - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.05.2022
Экономика
Баспана нарығы 22 процентке бәсеңдеп қалды
Ал сарапшы Ермек Мүсірепов халыққа барынша тиімді бағдарлама жасау қажет деп санайды. 11-12 проценттік ипотека да халыққа ауыр болады. Оны барынша қолжетімді ету керек. Тіпті, қазіргі автокредитке ұқсас 4 проценттік ипотеканы іске асыруға болады. Мемлекетте ондай ақша бар.
"Негізі, жаңа бағдарламаның қазіргі жобасы екінші деңгейлі банктерді қолдауға арналып отыр. Бүгінде ипотеканың мөлшерлемесі 18-19 процент болып тұр ғой. Жоспар бойынша Қазақстанның ипотекалық компаниясы 7-8 процентін өтейді, сонда халыққа 11-12 проценттік ипотека ұсынылады. Біздіңше, ондай бағдарлама жылжымайтын мүлік нарығына үлкен серпін бермейді, ипотеканы да халыққа қолжетімді етпейді. Барша қазақстандыққа ортақ 4-5 проценттік ипотека ұсынылса, көп нәрсені шешуге болатын еді, баспана нарығы да жанданады. Мемлекетте ондай ақша бар", - деді Мүсірепов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Осы орайда арзан ипотека барлық аймаққа ортақ болуы керектігін жеткізді. Баяғыдай тек Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты мегаполистерде ғана берілсе, алыпсатарлық әрекеттер көбейеді.
"Енді, 4 проценттік ипотека болса, баспанаға сұраныс күрт көбейеді. Ондайда сатушылар бағаны негізсіз көтеріп жіберуі мүмкін. Осыны жіті бақылау қажет. Мысалы, шетелде 1-3 процент, бізде 3-4 процент жасаса болады. Ең бастысы, ондай бағдарлама белгілі бір өңірлерде емес, республика бойынша жұмыс істеуі керек", - деп атап өтті Мүсірепов.
Бұған дейін зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану шарасы жылжымайтын мүлік нарығына үлкен серпін берген. Ал зейнетақы жинағын пайдалану шегі көтерілгеннен кейін, баспанаға сұраныс күрт төмендеді. Бүгінде "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы да аяқталып келеді. Ал Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді. Ондайда кредиттің мөлшерлемесі өседі, банктен қарызға ақша алу қиындай түседі. Сондықтан халыққа тиімді әрі қолжетімді ипотекалық бағдарлама қажет-ақ.
Жаңалықтар
0