Өңірлер

"Полициядан хабарласып тұрмыз": ауыл тұрғыны 2,8 млн теңгеге алданды

© Sputnik / Абзал КалиевАқша, теңге
Ақша, теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.04.2022
Жазылу
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды
НҰР-СҰЛТАН, 18 сәуір – Sputnik. Ақмола облысының тұрғыны екі банктен 2,8 миллион теңге алып, алаяқтарға жіберген. Олар өздерін "полицияның арнайы қызметі" ретінде таныстырған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ішкі істер органдарына сілтеме жасап.
11 сәуірде Зеренді ауданына қарасты Шағалалы ауылының тұрғынына белгісіз біреу қоңырау шалған. "Нұр-Сұлтан қалалық полицияның қызметкерімін" деп, алаяқтардан қауіп төніп тұрғанын ескерткен. Оларға алданып қалмау үшін "полициямен тығыз жұмыс істеу керек" екенін айтқан.
Одан кейін ірі қазақстандық банктердің бірінде алаяқтыққа қарсы күрес бойынша арнайы бөлім ашылғанын және біршама уақыттан кейін сол бөлімнен хабарласатынын жеткізген. 48 жастағы әйел сеніп қалған.
"Біршама уақыттан кейін жаңа бөлімнің жалған қызметкері қоңырау шалып, әйелдің атына заңсыз кредит рәсімдеу қаупі бар екенін айтқан. Ол тез арада банкке баруға кеңес берген. Ертесінде әйел Көкшетауға барып, банкке кірмей тұрып, алаяқтардан заңсыз кредиттен құтылу жолын сұраған. Ол астаналық полиция қызметкерлерінің арнайы операциясына қатысып жатқанына сенген", - дейді тәртіп сақшылары.
Алаяқтардың құрбаны 800 мың теңгені кредитке алып, "полицейлердің" есепшотына жіберген. Ол ақша банкке қайтарылады деп ойлаған. Бірақ алаяқтар оны оңай алдауға болатынын түсініп, тағы басқа банктен кредит алуға жіберген. Сол жерде 2 миллион теңгені аудартқан. 2,8 миллион теңгеге алданған әйел ештеңе білмей, ауылына барған.
Ал 14 сәуірде учаскелік инспекторды кездестіріп, "полицияға көмектескенін" айтқанда алаяқтарға алданғанын білген. Тәртіп сақшысы оған полицияға арыз жазуға кеңес берді. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігі ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Оған Көкшетау қалалық полиция қызметкерлері де тартылды.
Kaspi Bank қосымшасы - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.02.2022
Қоғам
Kaspi чектері арқылы алаяқтық жасалып жатқаны туралы ескертілді
Жаңалықтар
0