Қоғам

Бағдарламаның басталуына аз қалды: 4%-тік автокредит қанша адамға беріледі

© Sputnik / Владислав ВодневҚазақстандық автосалон
Қазақстандық автосалон - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.04.2022
Жазылу
Әлеуметтік осал топтағы азаматтар автокредитті кезексіз рәсімдей алады
НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Осы аптада үкімет жеңілдетілген автокредит бағдарламасының негізгі шарттарын бекітті. Бір-екі аптаның ішінде бағдарлама іске қосылады. Сол кезде автокредитке құжат тапсырып, кезекке тұруға болады. Алайда көлікті кезексіз рәсімдеуге де мүмкіндік жасалады. Sputnik Қазақстан бағдарламаға қатысу шарттарын зерделеп шықты.

Бұрынғы бағдарламаның жалғасы

Шыны керек, бас кезінде көбісі 4 проценттік автокредит жаңадан қолға алынады деп ойлады. Бұған дейін тура сондай бағдарлама болған. Оған құжат тапсырған, бірақ көлік алмаған адамдар да аз емес. Барлығы кезекте тұр. Ұзын саны 15 мыңға дейін барады. "Дәл сол адамдар жаңа бағдарламаға қатыса ма, жоқ, әлде, қайтадан кезекке тұра ма?" деген сұрақтар көп болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев нақты жауабын берді.
"Бұл бұрынғы бағдарламаның жалғасы ғой. Сейсенбі күні үкімет (жеңілдетілген автокердит шарттарын бекіту туралы – Sputnik) шешім қабылдады. Енді, оны ресми түрде тіркейді. Өзінің тәртібі бар ғой. Айдың соңында басталады. Банктер жаңадан адам іздегенше бірінші тіркеліп қойған адамдарға береді ғой", - деді Өскенбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Демек, бұрынғы бағдарламаға құжат тапсырған адамдар да қатыса береді. Алдымен банк кезегінде тұрған 15 мың адамды өткізеді.

Бұрынғы бағдарлама қайда кетті?

2015 жылы Қазақстанда алғаш рет 4 проценттік автокредит бағдарламасы қолға алынған болатын. Негізгі мақсаты – отандық машина жасау өндірісін қолдау. Сол кезде жаңа бағдарламаға 15 миллиард теңге бөлінген. Көліктің шекті сомасы 5,6 миллион, алғашқы жарнасы – 20 процент, ал автокредит мерзімі 5 жыл болған.
Келесі жылы шекті соманы 15 миллионға дейін көтерді. Автокредит мерзімін ұзартып, алғашқы жарнаны алып тастады. Осы бағдарлама 20 жылға дейін созылады деген жоспар болды. Бірақ 2021 жылы Ұлттық банк жеңілдетілген автокредиттің тоқтатылғанын мәлімдеді.
 автосалон - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2022
Жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бекітілді - министр
Ал бағдарлама операторы – Қазақстанның даму банкі 4 проценттік автокредиттер "револьверлік қаржыландыру", яғни, көлікті кредитке рәсімдеген адамдардың ай сайынғы төлемдері есебінен қайта қаржыландыру жүйесімен берілетінін жариялады. Дегенмен, жеңілдетілген автокредитке бюджет қаржысы салынбағаннан кейін банктердің кезегінде "кептеліс" пайда болды, мыңдаған адамның өтініші жиналып қалды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев та "револьверлік қаржыландырумен" көп көліктің рәсімделмейтінін айтып отыр.
"Білуімше, бұрынғы бағдарламамен айына, шамамен, 1,5 миллиард айналып отырады. Ол ақшаға 150 көлік қана рәсімделеді", - деді Қарабаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Бағдарламаға қандай банктер қатысады

Осы айдың соңында іске қосылатын жеңілдетілген автокредит бұған дейінгі бағдарламаның жалғасы болғаннан кейін бұрынғы банктер құжат қабылдай береді. Бастапқыда автокредитті алты банк берген. Олар:
Halyk bank;
Еуразиялық банк;
ForteBank;
Банк Центр Кредит;
Сбербанк;
АТФ банк.
Ресейге салынған санкциялардан кейін Сбербанктің Қазақстандағы еншілес банкі өз кредиттерін Halyk bank-ке сатып жіберді. Демек, осы жолы жеңілдетілген автокредит бағдарламасына қатыса алмайды.

Автокредит қанша адамға жетеді

Биыл жеңілдетілген автокредит бағдарламасына "Жасыл даму" АҚ-дан 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр осы ақшаға 71 мың адам көлік рәсімдей алады деген. Банктер алдымен кезекте тұрған 15 мың адамға автокредит берсе, жаңадан құжат тапсыра алатындардың саны 56 мың адам болады. Ал әлеуметтік осал топтар автокредитті кезексіз рәсімдейді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, қазіргі кезде жеңілдетілген автокредит бағдарламасына тағы бюджеттік қаржы бөлу мәселесі қаралып жатыр.
 автосалон - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.03.2022
Қоғам
Автокредит бағдарламасы: ай сайынғы төлем мөлшері қандай болады
"Біз қазір мына 100 миллиардтан басқа республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлеміз бе деп отырмыз. Біздің қаржылық-экономикалық негіздемеміз бойынша 150 миллиард болып тұр. Оны жыл сайын 30 миллиардтан бөлеміз деген ой бар. Бірақ ол ақшаны бере ме, бермей ме, әзірше белгісіз", - дейді Қарабаев.
Демек, республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінсе, тағы 100 мыңнан астам адамды жеңілдетілген автокредитпен қамтамасыз етуге болады.

Көлік тапшылығы болмай ма?

Бүгінде "жеңілдетілген автокредит бағдарламасы басталса да, көлік тапшы болады" деген қауіп бар. Себебі автосалондарда таңдау аз, зауыттарға электронды құрал-жабдықтар баяу жеткізіліп жатқан көрінеді.
Вице-министр Қарабаев жеңілдетілген автокредитке рәсімделетін көліктер уақытында жеткізіледі деп отыр. Себебі санкциялық текетірестің тиімді бір тұсы бар.
"Пандемия кезінде (көлікті күту уақыты - Sputnik) 8 айға дейін созылып кетті. Қазір 5 айға дейін қысқарды. Қазір соңғы жағдайларға байланысты бізге көбірек қосалқы бөлшектер беріп жатыр", - деді Қарабаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Жаңалықтар
0