Өңірлер

Петропавл әкімі қала атын өзгерту туралы петицияға пікір білдірді

© Sputnik / Елена БережнаяПетропавловск
Петропавловск - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.04.2022
Жазылу
Қазірге дейін оны 25 мыңнан астам адам қолдаған, 14 мың адам қарсы болған
АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Петропавл әкімі Болат Жұмабеков Солтүстік Қазақстан облысының орталығын Қызылжар деп атау ұсынылған петицияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Петиция egov.press сайтында жарияланды.
Қазірге дейін оны 25 мыңнан астам адам қолдаған, 14 мың адам қарсы болған.
Соған байланысты қала әкімі Болат Жұмабеков әлеуметтік желідегі парақшасында Петропавл қаласының атауын өзгерту туралы онлайн-петицияны жақтаушылар мен қарсы адамдар арасында пікірталас жүріп жатқанын жазды.
"Бұл петицияны жеке тұлға мемлекеттік емес сайтта жасағанын атап өткім келеді. Мемлекеттік органдардың бұл бастамаға ешқандай қатысы жоқ. Қала әкімдігінің күн тәртібінде қаланы қайта атау туралы мәселе көтерілмегенін ресми түрде мәлімдеймін. Бұл мәселе туындаған жағдайда да, ол біздің қаламызда тұратын халықтың пікірін ескеріп, елдің ономастика саласындағы қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүргізіледі", - деді қала әкімі.
Сол себепті ол азаматтарды өзара құрмет көрсетуге және әлеуметтік желіде пікір жазу барысында жауапкершілікті ұмытпауға шақырды.
"Ел президенті Қазақстан халқына жолдауында "Жаңа Қазақстанда біз әрдайым "әр түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт" қағидатын ұстануымыз қажет" деп айтқан болатын. Біздің қаламыздың тұрғындары президентпен бірдей пікірді ұстанып және біз бір-біріне жоғары мәдениет танытатынына сенімдімін", - деп түйіндеді қала әкімі.
Айта кетері, жақында Шығыс Қазақстан облысын екіге бөліп, Абай облысын құру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ Алматы облысының орталығы болатын Қапшағай қаласының аты Қонаев деп өзгертілді.
Жаңалықтар
0