Қоғам

Депутаттар қалалардың экологиялық жағдайына алаңдап отыр

© Sputnik / Ольга Чеботарева Елордада көк түтін
Елордада көк түтін - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.03.2022
Жазылу
Экологтардың айтуынша, ауаның ластануынан үш жыл ішінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны 14 процентке өскен
НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Сенат депутаты Әбдәлі Нұралиев қоршаған ортаның зиянды және техногендік қалдықтармен ластану проблемасын көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бүгінде қоршаған ортаға келтіріліп жатқан экологиялық зардаптар қала тұрғындарының өмір сапасы мен тұрмыс жағдайына қолайсыздық тудырып отыр.
"Экологтардың айтуынша, қала атмосферасының зиянды заттармен ластануының жоғары деңгейі денсаулыққа және өлім-жітім динамикасына теріс әсер етуде. Жыл сайын құрбан болатындар саны орташа есеппен 2 пайызға артып отыр. Ал үш жыл ішінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны 14 пайызға өскен", - дейді Нұралиев премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Қазгидромет дерегі бойынша қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары ауаның ластану деңгейі жоғары өңірлерге жатады.
Мәселен, "Арселор Миттал" комманиясы жылына 250 мың тоннаға дейін зиянды қалдықпен ауаны ластайды. Шаң, күкірт, азот диоксиді, көмір, аммиак, қорғасын, хлорсутек сияқты атмосфераны ластайтын заттардың адам ағзасына аса зиянды екені ежелден дәлелденген, дейді сенатор.
"Қазақстан Париж келісіміне орай 2030 жылға қарай парниктік газдардың шығарылуын 15%-ке қысқартуды міндетіне алған. Есепті кезеңде нысаналы индикаторлардың орындалмауына байланысты экология мəселелерінің "Жол қарталары" пысықталып, нақтылануы керек және іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қазақстан көміртекті бейтараптанудың 2060 жылға дейінгі доктринасымен жұмыс жүргізуде. Бұл ел мүддесі үшін, табиғатқа және климатқа ұқыпты қараудың негізін қалауы керек", - деп санайды Нұралиев.
Астана көрінісі - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.03.2022
Қазақстан ауасы ластанған 20 елдің қатарына енді
Депутаттар "Арселор Миттал" сияқты ірі кәсіпорындар өндіріске экологиялық таза технологиялар енгізу мақсатында қандай инвестициялық жобаларды іске асырып жатқанын, басқа да шетелдік компаниялар басқарып отырған кәсіпорындарға осы мақсатта қанша инвестиция құйылғанын сұрады.
Бұған қоса, сенаторлар өндірістерге озық технологияларды енгізу, зиянды заттарды азайту және сүзгілеудің жаңа жүйелерімен жабдықтау бойынша міндеттемелерді орындамаған басқарушы компанияларға қандай шара қолданылатыны, Қазақстанда автокөліктерді сапалы жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, сұйық отыннан сұйытылған көмірсутекті газға көшірудің кешенді шаралары жайлы ақпарат беруді өтінді.
Жаңалықтар
0