Қоғам

Депутат сапасыз үйлер жайлы: ертең олар құласа, кім жауапты болады

© Sputnik / Александр Вильф / Медиабанкке өтуТұрғын үй кешенінің құрылысы, архивтегі сурет
Тұрғын үй кешенінің құрылысы, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.03.2022
Жазылу
Мәжілістің бір топ депутаты республикалық комиссия құрып, барлық облыста проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізуді ұсынды
НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев баспана кезегіндегілерге берілетін жаңа үйлердің сапасы сын көтермейтінін мәлімдеп, кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісмен премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында мемлекеттік бағдарламалар бойынша бой көтерген үйлердің сапасына шағымданған жұрттың наразылығын жеткізді.
Ол жуырда президент салынып жатқан жаңа үйлердің саны мен сапасын тексеруді тапсырғанын еске салды.
"Ондаған жылдар бойы кезек күтіп, баспанаға әрең қол жеткізген тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Өйткені үйлерінің шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, көтеріліп, едені опырылған, сырты түсе бастаған", - деді Қаратаев мәжіліс отырысында.
Айтуынша, сапасыз үйлерге Шымкенттегі Тұран-2 және Асар шағын аудандарының тұрғындары шағымданады.
Өскеменде 2018 жылы салынған және 2020 жылғы бесқабатты тұрғын үйлердің сапасы сын көтермейді. 2021 жылы маусымда Павлодарда құрылысы бітпеген төрт қабатты үй құлаған.
"Кеше ғана 22 наурызда елордада "Sat City" тұрғын үй кешенінің "С" блогында подъездің төбесі опырылып түсті. Абырой болғанда, адамдар шығып үлгерген. Осындай фактілер басқа өңірлерде де тіркеліп жатыр", - деді депутат.
Ақтаудағы дауыл салдары - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.03.2022
Өңірлер
Маңғыстау облысында қатты дауыл бірнеше үйдің шатырын ұшырып әкетті
Қаратаев сапасыз үйлердің басым бөлігі "Нұрлы жер" және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында салынғанын, ипотека арқылы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілгенін айтты.
"Бастапқыда құрылысқа берілген кепілдеме аясында жөндеп беріп отыратын мердігерлер мерзім аяқталған соң ат-тонын ала қашады. Өкінішке қарай, аталған тұрғын үйлерде қаншама халық жанын шүберекке түйіп амалсыз өмір сүріп жатыр. Ертең осы үйлер құласа, бұған кім жауапты болмақ? Бұл дегеніңіз өте өзекті және кезек күттірмес үлкен мәселе", - деп ашынды мәжілісмен.
Осыған байланысты депутаттар республикалық комиссия құрып, оның құрамына қоғам белсенділері мен баспана алушыларды енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар, барлық облыс пен қалада проблемалық тұрғын үйлерді қайта тексеруден өткізіп, үйлерде тұру қауіпсіздігін, апат деңгейін анықтауды, бұдан бөлек, республика бойынша тұрғын үйлерді қабылдайтын тиісті жергілікті атқарушы органдарды тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.
Жаңалықтар
0