Бірінен соң бірін атқан: 5 адамды өлтірген алматылықтың ісіне қатысты жаңа дерек шықты

© Photo : pixabay/Jason Gillman қару
қару - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.03.2022
Жазылу
Тергеу Дужновтың сегіз секунд ішінде тоғыз оқ атқанын анықтады. Оның қолынан бес адам қаза тапты
АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың ісі бойынша алдын ала сот отырысы өтті. Прокурор сот орындаушылары, үйдің жаңа иесі және оның өкілі Игорь Дужновты және оның отбасын үйден шығару үшін келген кезде оқиғаның қалай өрбігенін баяндады, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Бас прокуратураның мәліметінше, Дужнов қылмысты жоспарлаған, ол карабинді оқтап, гаражға жасырған.
Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің аға прокуроры Шыңғысхан Пұсырмановтың айтуынша, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі, адвокаттың көмекшісі аулаға кірге кезде Дужнов қаруын алуға барған.
Тергеу Дужновтың ауласына кірген адамдарды қабырғаға қаз-қатар тұрғызып, бірінен соң бірін атқанын анықтады. Содан кейін ол көшеге шығып, сол жерде тұрған полиция қызметкерлеріне оқ жаудырған. Бірақ олар көліктің артына жасырынып үлгерген, олардың бірі оқ жаудырған адамның қаруын тартып алды.
Жалпы алғанда Дужнов карабиннен 10 рет оқ атқан, оның ішінде тоғызын сегіз секундта атқан.
"Адамдардың жерде жатқан денесін көріп Дужнов басқа адамдарды да іздей бастаған. Сатыда тұрып, карабинді қайта оқтай бастаған. Сол уақытта полиция қызметкері Абдуллин аулаға кіріп, Дужновқа қарай жүгіріп, карабинін тартып алуға тырысты. Осылайша ол Дужновтың адамдарға оқ атуын жалғастыруын тоқтатты", - деді Пұсырманов.
Айта кетері, Дужнов бірден екі бап бойынша айыпталып отыр: "адам өлтіру" және "билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық әрекет жасау".
Сотталушы Игорь Дужнов істі алқабилер сотының қарауынан бас тартты.
Басты сот талқылауы 29 наурызға белгіленген.

Алматыдағы атыс

20 қыркүйек кешке Алматы тұрғыны Игорь Дужнов отбасын үйден шығаруға келген адамдарға оқ атты. Бес адам қайтыс болды: екі полицей, бір сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның өкілі.
Күдіктінің отбасына тиесілі тұрғын үй оның алдында банкке қарыз бойынша сатылған. Үй үшінші тарапқа сатылған. Үйдің бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді босатқысы келмеген.
Сотта Дужнов адамдардың өліміне байланысты өкінетінін айтты. Ол мұндай жағдайға "заңсыздық пен сот озбырлығы, сот орындаушысының заңсыз әрекеттері" себеп болғанын айтты.
Күдіктінің әйелі Анаид Демирчян да мәлімдеме жасады. Ол жылжымайтын мүліктің арзанға сатылғанын алға тартты. Ол сондай-ақ сот орындаушысының әрекетіне шағымданды.
Жаңалықтар
0