АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновтың отбасының мүлкін пайдалануға кедергі жасамауды өтінген банк талаптарын сот қанағаттандырудан бас тартты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бостандық ауданы сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұған дейін банк Дужновтың әйелі Анаида Демирчянның кепіл мүлкін сатып алу бойынша сауда-саттықта жеңіске жеткен. Оған жер учаскесі бар үй-жай тиесілі болған. Осы жылдың 30 сәуірінде банк аталған нысанға меншік құқығын өзіне тіркеді.
"Демирчянға талаптар қойылды, бірақ іс жүзінде ол даулы мүліктің иесі емес. Сонымен қатар Демирчянның банкке меншік иесі ретінде аталған нысанды пайдалануға кедергі келтіріп отырғаны туралы сотқа ешқандай дәлел келтірілмеген", - деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ сот бұл мүлікті төрт жеке тұлға жалға алып отырғанын анықтады. Бұрынғы меншік иесі Демирчян бұл мүлікті үшінші тұлғаларға жалға берген. Қазір солар бұл нысанды жалға алып отыр.
"Банк жалдау шарттарына қатысты қарсылық танытпаған, алайда ол келісімге меншіктің бұрынғы иесі банк меншік құқығын тіркегенге дейін қол қойған. Яғни заңды түрде 12 айға дейін жасасқан", - деді соттың баспасөз қызметі.
Айтылған жайттың барлығы ескеріліп, сот шешім қабылдаған кезде талапкер өз құқықтарын қорғаудың қате әдісін таңдады деген қорытындыға келді. Сот талапты қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Оған тараптар шағымдана алады.
Алматыдағы атыс
20 қыркүйек күні кешке қарай әлеуметтік желіде белгісіз біреудің бес адамды атып тастағаны туралы ақпарат тарады.
Ақбұлақ шағын ауданында үй иесі сот орындаушылары мен учаскелік инспекторларға оқ атты. 5 адам қайтыс болды: 2 полицей, 1 сот орындаушы және 2 жеке тұлға.
Трагедия шамамен сағат 17:00-де болған. Сот орындаушысы мен полицейлер сот үкімін орындауға келген. Сол кезде баспананы босатуға міндетті ер адам үйге кіріп кетіп, заңды түрде тіркелген қарудан сот орындаушысы мен аулада тұрған адамдарға оқ атқан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Күдікті ұсталды.
Сот үйді не үшін тәркіледі?
Сот материалдарына сәйкес, Ақбұлақтағы жеке меншік үйдің мәселесі 2014 жылы басталған. Одан үш жыл бұрын баспананың иесі А.Демирчян Бағанашыл шағын ауданында бос тұрған үй-жайларын және Ақбұлақтағы коттеджін кепілге салып, БанкЦентрКредиттен қыруар кредит алған. Бірақ қарызды төлей алмаған.
Содан банк өкілдері оны сотқа беріп, кепілде тұрған үйді тәркілеуді талап етті. Кредит алғандардың ішінде И.Дужнов та бар.
2018 жылдың басында Алатау аудандық соты банктің арызын қанағаттандыру туралы сырттай шешім шығарды. Ал Ақбұлақтағы үйдің бастапқы бағасы 29,4 миллион теңге деп бекітілді. Ал тамыз айында сот шешімін орындау аясында аукцион ұйымдастырылды. Соның негізінде жеке сот орындаушы Р.Тәңірбергенов үйді Н.Тұрғановқа сатып жіберді. Үйді сатып алу келісімшарты жасалып, мемлекеттік органда тіркелді.
Алайда желтоқсан айында соттың сырттай шешімі тоқтатылды. 2019 жылы наурыз айында Алатау аудандық соты БанкЦентрКредиттің арызын кері қайтарды. Бірақ 27 қарашада Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы аудандық инстанцияның шешімін жойып, банктің арызын қанағаттандырды.
Осыдан кейін А.Демирчян аудандық сотқа тағы арызданып, үйді сату туралы келісімшарттың күшін жоюды талап еткен. Себебі 2018 жылы банктің арызы кері қайтарылғаннан кейін коттеджді сатуға заңды негіз болмаған. Оған қоса, арыз беруші қалалық соттың банк талабын қанағаттандырғанын білмей қалған. Содан 2020 жылы Тұрғанов қайтадан үйдің жаңа иесі болып шықты.
Демирчян мемлекеттік органда тіркелген келісімшартты жоюды сұрады. Бірақ Алатау аудандық сотының 2021 жылы 11 ақпанда шығарған шешіміне сәйкес, оның талаптары қанағаттандырылған жоқ.
Ал жеті айдан кейін сот шешімін орындау үшін үйге бес адам барған. А.Демирчянның күйеуі оларды атып тастады.
Оқи отырыңыз:
Алматыдағы қанды оқиға: күдікті банкке ғана емес, таныстарына да миллиондап қарыз
"Үйімізді тиынға сатып жіберді": атыс шығарған күдіктінің әйелі оқиғаның мән-жайын айтты