Спорт

"Жарақат алсаң, ешкімге керек емессің": ҰОК спортшының жазбасына пікір білдірді

© Photo : пресс-служба СЦКЕлсияр Қанағатов
Елсияр Қанағатов - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.02.2022
Жазылу
Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов нормативтік актілер бойынша жарақат алғаннан кейін емдеуге ақша бөлінбейтінін мойындады
НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Ұлттық Олимпиада комитеті шорт-трекші Абзал Әжіғалиев жазған проблеманың бар екенін мойындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев өзі шұғылданатын спорттың негізгі проблемаларын атаған болатын.
"Мен 2018 жылғы Олимпиададан кейін жарақат алып қалдым. Сол кезде денсаулығыма байланысты проблема ұзаққа созылды. Құрамадан да шеттетті. Сол себепті жарақат алған сайын өз ақшама емделдім. Бізде жарақат алсаң, ешкімге керек емессің. Ал үлкен спортта, әсіресе, біздің спортымызда жарақат жиі болады. Шынымды айтсам, кәдімгідей қорқасың. Өйткені бүкіл өміріңді спортқа сарп етесің де, ең соңында жалғыз қаласың", - деп жазды Әжіғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов ондай проблеманың бар екенін мәлімдеді.
"Иә, шынымен де біздің нормативтік актілер бойынша жарақат алғаннан кейін емдеуге ақша бөлінбейді. Өкінішке қарай, солай. Бірақ федерация бар, демеушілер бар. Біз кейбір спортшыларға көмек көрсетеміз", - деді Қанағатов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, Абзал Әжіғалиев жазған мәселелердің көбісі әлі күнге дейін шешілмей келеді.
"Бұл – біздің кемшілігіміз. Спортшы жарақат алғаннан кейін жалғыз қалмауы керек. Федерация, Ұлттық Олимпиада комитеті, министрлік жанында спорттық медицинаға жауапты мекеме бар, бәрі бірігіп, осы мәселені шешуі керек. Абзалдың айтқаны рас, проблема шынында да бар ", - деп атап өтті Қанағатов.
Дирекция басшысы қажетті нысандар тура жарыс алдында салынатынын да мойындады.
"Жалпы, жергілікті жерлерде шорт-тректен дұрыс база жоқ. Шорт-трек қана емес, фристайл-могул мен фристайл-акробатикада да жағдай мәз емес. Қазақстанда нақты айналысатын жер жоқ. Керек уақытында ғана ақша бөліп, жағдай жасап отырамыз. Соңғы Олимпиаданың алдында Шымбұлақта қардан спорттық трамплин жасап бердік. Бірақ бір жерде жиналып, дайындық жасайтын тұрақты орын жоқ", - дейді Қанағатов.
Айта кетері, журналистерге сұхбат берген мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шорт-трекшінің көтерген мәселесі орынды екенін айтты. Бүгінде мұз айдындарының көбісі жекеменшікке берілген.
"Дегенмен мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық Олимпиада комитеті де, федерация да осы проблеманы шешуге тырысып жатыр", - деді Жарасбаев.
Абзал Әжіғалиев - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.02.2022
Спорт
"Мойындауымыз керек": министрлік Әжіғалиевтің сынына жауап берді
Жаңалықтар
0