Спорт

"Мойындауымыз керек": министрлік Әжіғалиевтің сынына жауап берді

Абзал Әжіғалиев - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.02.2022
Жазылу
Шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, өзі өнер көрсетіп жүрген спорттың негізгі проблемаларын айтқан болатын
НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиевке жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Абзал жазған мәселелердің бір бөлігі - шындық. Оны мойындауымыз керек. Бүгінде мұзы бар ірі нысандардың көбісі жеке меншікке берілген. Сол себепті ұлттық құраманың дайындық жасау жағынан проблемалар бар. Дегенмен мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық Олимпиада комитеті де, федерация да осы проблеманы шешуге тырысып жатыр", - деді Жарасбаев журналистерге берген сұхбатында.
© Sputnik / Владислав Воднев Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев
Серик Жарасбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.02.2022
Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев
Вице-министр шорт-трекшілерге "Алаудағы" мұз айдыны Олимпиадаға бір ай қалғанда ғана берілгенін мойындады.
"Шынында, олар бір ай қалғанда "Алауда" жиналған болатын. Себебі пандемияға байланысты спортшылардың барлығы карантинде болды. Алайда бұған дейін шорт-трекшілер әлемдік жарыстарға барып, үздік спортшылармен күш сынасқан. Медаль алды, оны да ескеру керек", - деп атап көрсетті Жарасбаев.
Осы орайда Жарасбаев Олимпиадаға барған споршылар бұған дейінгі жетістігін қайталап, қола алады деген жоспар болғанын жеткізді. 25 ақпанда Бурабайда арнайы жиын ұйымдастырылады. Сол жерде барлық мәселе қаралады.

Спортшының жазбасы

Айта кетері, шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, өзі өнер көрсетіп жүрген спорттың негізгі проблемаларын айтты. Оның сөзінше, республика бойынша шорт-трек жаттығуларына сай келетін мұз айдыны өте аз. Астанадағы "Алау" кешені ғана жаттығу жасауға ыңғайлы. Бірақ нысан жеке меншікте. Сол себепті ұлттық құраманың спортшылары кез келген уақытта жаттыға алмайды.
"Бізге таңғы және кешкі уақытта, кем дегенде, екі сағат керек. Бірақ жеке меншікке берілген мұз айдыны өзін ақтап тұруы қажет. Ал ұлттық құрамада мұндай ақша жоқ. Ол жерде біздің киім шешетін жеріміз де жоқ. "Алаудағы" жаттығуларымыз Олимпиаданың алдында ғана өтті. Ал бізге тұрақты жаттығу жасау маңызды", - деп жазды Әжіғалиев.
Оның сөзіне қарағанда, спортшылар инвентарьді өз ақшасына сатып алады. Ал механик ұсақ бөлшектерін тауып береді. Жарақат алған спортшыларға да көмек көрсетілмейді.
Бейжің Олимпиадасында Абзал Әжіғалиев Қазақстан туын алып шықты. Ал жарыста төртінші орынға ие болды.
Жаңалықтар
0