Алматыдағы жаппай тәрпісіздіктер - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.05.2022
Қаңтар оқиғасы
2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласы мен басқа да өңірлерде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты материалдар

Бүлік кезінде екі оқ тиген полицей: әкімдікте бір қызметкерге 15-20 адам жабылды

© Sputnik / Айгерим ТаубайАслан Құнанбаев
Аслан Құнанбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.02.2022
Жазылу
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде Аслан Құнанбаевқа екі оқ тиген. Бірінші оқтан оқсауыттың арқасында аман қалған. Екінші оқ аяғын жарақаттаған, оған екі операция жасалды. Ол қаңтардағы қанды оқиға жайлы Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді
АЛМАТЫ, 23 ақпан – Sputnik. Аслан Құнанбаев ішкі істер органдарында 9 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Ол Алматыдағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы полиция 2-батальоны 2-взводының командирі қызметін атқарады. Ол жыл басында қалада жаппай тәртіпсіздіктер болған кезде қала әкімдігі ғимаратын қорғауға қатысты, сол күні кеудесіне және аяғына оқ тиіп, балдаққа байланған.
Аға лейтенант Аслан Құнанбаев 4 қаңтарда кешкі 11-ге жақын әріптестерімен бірге қала әкімдігі ғимаратына барған. Ол уақытта алаңдағы адам қарасы да азайған, әкімшілік ғимарат толық күш құрылымдарының бақылауында болған.
Алайда жағдай 5 қаңтарда түске дейін ушыға бастайды. Сағат 11-ден кейін алаңға жиналған адам көбейіп, артынша әкімдікке шабуыл жасаған.
"Әкімшілік ғимараттың кіреберіс жағында тұрдық. Бүлікшілердің қолында арматура, қолдан жасалған темірлер болды. Ол темірлерді қайдан жұлып алғанын білмеймін. Жан-жақтан есік-терезені сындырып кірді. Ішке кірген соң жан-жақтан ұра бастады. Бір қызметкерге 15-20 адам жабылды. Бізбен мүлде сөйлескен жоқ. "Тоқтаңдар" деген сөзді тыңдамады. Ашу-ызасын ішкі істер органдары қызметкерлеріне көрсетті. Арамызда әскерилер, курсанттар болды, олар да зардап шекті. Негізгі агрессия бізге бағытталды", - дейді Аслан Құнанбаев.
Айтуынша, сол күні ауа райы да қолайсыз болып, тұман түскен. Қызметкерлер бір-бірінен бөлініп, соққының астында қалған.
"Қай жақтан өрт шыққанын білмеймін, бірақ әкімдік өртене бастады. Қатты өрт шықты. Түтін кірген соң тұншыға бастадық. Сыртқа шығу керек болды, эвакуация. Түтіннен есіктерді таба алмай қалдық. Терезеден секіріп шықтым. Шыққан кезде оқ ата бастады. Бірінші оқ кеудеме тиді, үстімде оқсауыт болған. Оқ кеуде тұсыма тиді, ауа жетпей қиналып қалдым. Бұрылған кезде аяқтан атты. Оқ аяғымды жұлып түсірді, оң аяғымның балтырына тиген. Аяғым алға қарай ұшып кетті. Жаныма қарай құладым. Ауырғаны соншалық, аяғымды жіберген жоқпын", - дейді ол.
Алайда жиналғандардың әрекеті мұнымен тоқтамаған. Олар екі оқ тиген полицейді қоршап, желкесінен сүйрей жөнелген.
"Халыққа қарай сүйреп, үстімдегі формам мен оқсауытымды жұла бастады. Жан-жақтан тепкілей бастады. 10 рет пе, 15 рет пе басымнан тебе бергеннен кейін, есімнен танып қалдым. Одан кейін қалай болды, не болды, ауруханаға қалай жеткенім есімде жоқ", - дейді Аслан.
Дәл сол сәтте Асланды жақындары Алматы ауруханаларын шыр айналып іздеп жүрген. Бірнеше сағат бұрын амандығынан хабар беріп отырған ол бір сәтте байланысқа шықпай қалады. Ал телеарна мен әлеуметтік желі арқылы Алматы әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасалып, әкімшілік ғимарат отқа оранғанын білген.
"Анам мен жарым Алматыдағы бүкіл ауруханаларды аралап іздеген. Түнгі сағат 2-де ауруханадан тапқан. Олар келгенде операция бөлімінде жатқанмын. Толыққанды есімде жоқ. 7 қаңтарда есімді жидым. Комадан шықтым. Дәрігерлер бәрі дұрыс, уайымдамаңыз деп түсіндірді. Операция жасалды, бәрі дұрыс деді. Ампутация болмайтынын айтты", - дейді Аслан Құнанбаев.
Аслан жағдайдың ушығып кетуі мүмкін екенін ойлап, құжаттарын киіміне салып қойған. Ол мұны қандай да бір жағдай болса, өзінің кім екені белгісіз болып қалмауы үшін жасағанын айтты.
"Ауруханада аты-жөнімді айтқан-айтпағаным нақты есімде жоқ. Арасында сөйлеген кездерім болған екен. Бірақ құжатым толық өзіммен бірге болған. Өзіміз де психологиялық жақтан ол жерден аман-есен шықпайтынымызға дайын болдық. Өзім белгісіз болып қалмайын деп ұялы телефоным мен құжаттарымды ішіме салдым", - дейді Құнанбаев.
Аслан Құнанбаевқа 16 қаңтарда екінші операция жасалды. Ол кезде операция 1,5-2 сағатқа жалғасқан. Дәрігерлер бұл жолы жергілікті наркоз салған, себебі екінші рет толық ұйықтатса, комадан шығара алмай қаламыз деп қорыққан.
Аслан ауруханадан 20 қаңтарда шықты. Қазір үйінде ем алып жатыр. Арасында полиция департаментінің емханасына қаралуға барады. Қазір балдақ сүйеніп жүрген ол бірнеше айдан кейін қызметіне оралуға ниетті. Дәрігерлер де оның денсаулығы жақсарған соң жұмысқа жарамды болатынын айтқан.
Қаңтар оқиғасы: әкімдік ғимаратын күзеткен алматылық полицей оқиға қалай өрбігенін айтты - видео - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.02.2022
Қаңтар оқиғасы
Алматыдағы бүлік: полицейлер бірін-бірі қалай құтқарды– видео
Жаңалықтар
0