Бала жанының бағбаны атанған Мұзафар Әлімбаев жайлы не білеміз
© Photo : instagram sarsenphotoМұзафар Әлімбаев дүниеден өтті
© Photo : instagram sarsenphoto
Жазылу
Көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында дүниеге келген. Сегіз жасында әкесі, 13 жасында анасынан айырылып, жетім қалды.
Есейген шағы екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күніне тұспа-тұс келді. Қан майданда танк батареясының командирі болды. Соғыс жылдары өлеңдері республикалық, облыстық және майдан газеттерінде басылды. Соғыс біткен соң Мұзафар Әлімбаевты Шығыс Германия жерінде әскери қызметке алып қалып, елге 1948 жылы ғана оралды. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылық жолы
Қазақ балалар әдебиетінің бағына туған Мұзафар Әлімбаев алғашқы туындыларын 15 жасында жазды. Ол Павлодар облысы "Қызыл Ту" газетінде жарық көрді. Содан бастап Мұзафар Әлімбаевтың ұзақ та, жемісті шығармашылық жолы басталды. Бастапқыда Мұзафар Әлімбаев балалар жазушысы ретінде танылды, әдеби ортада "бала жанының бағбаны" атанды. Балаларға арналған өлеңді ересектерге жазылған өлеңнен гөрі жақсырақ жазу керек деген ұстаныммен жұмыс істеді. Кейіннен үлкен поэзияға оралды.
Соғыстан кейінгі жылдары "Пионер" журналында поэзия бөлімін басқарып, "Қазақ әдебиеті" газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары секілді қызметтер атқарды. Ақын өзінің естелігінде "Пионер" журналында жұмыс істеп жүріп жазушы Мұхтар Әуезовпен танысқанын жазады.
"...Мен жасым ұлғайған жазушымын. Қайырылып, сонау артта қалған бел-белестеріме, шұғылалы шақтарыма, мұнарлы тұстарға қарасам, "әттеген-ай" деп күрсінер, "ой бәрекелді" деп сүйсінер сәттерім де аз емес сияқты. Мәселен, өз өмірімнің самала-сәулелі беттері деп ұлы Мұхтар Әуезовпен танысып, араласып, жақындасқан жылдарымды, ұлы құшақтың ыстығына жылынып, өнегесінен үйренген кезеңімді, "досым" деген мейірін естіген мезеттерімді айтар едім. Ең алғаш 1949 жылы үйіне барып, отбасында Мұхаңнан интервью алғаным, оны "Пионер" журналына бастыруым жақындасуымның беташарындай болды. Мұхтар Әуезовті зерттегендердің сол сұхбатқа анда-санда сілтеме жасайтындары бар. өйткені Мұхаң ол сұхбатта "Абай" романының туу тарихын тұңғыш баяндап, сыр ақтарған болатын", деп жазған Мұзафар Әлімбаев.
Мұзафар Әлімбаевтың алғашқы кітабы – "Қарағанды жырлары" 1952 жылы басылып шықты. Ол 1958 жылы "Балдырған" журналының бас редакторы болды, бұл қызметті 1986 жылға дейін атқарды. Мұзафар Әлімбаев әлем халықтарының жүздеген мақалын қазақ тіліне аударған. Аударып қана қоймай, оны ұлттың болмысына бейімдеп жеткізген.
Оларды "666 мақал мен мәтел", "Өрнекті сөз", "Мақал – сөздің мәйегі" деп аталатын жинақтарға топтастырды. Сонымен қатар әлем поэзиясынан Пушкин, Лермонтовтың шығармаларын қазақша сөйлетті. Мұзафар Әлімбаевтың төл туындылары мен аудармаларын қоса есептегенде 64 кітабы жарық көрген. Олардың арасында "Қарағанды жырлары", "Жұмбақтар", "Алатау баурайында", "Менің Қазақстаным", "Жолдар – жырлар", "Жүрек лүпілі", "Өрнекті сөз – ортақ қазына", "Қалам қайраты", "Көңіл күнделігінен", "Ақмаңдайлым", "Маржан сөз", "Балдәурен". 1982 жылы "Аспандағы әпке" өлеңдер жинағы мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.
Өз бағамды сұрамаймын өзгеден,
Ердің құнын өлшейтін кім сөзбенен?!
Өз бағамды сұрамаймын өзгеден,
Ер салмағын безбендер кім көзбенен?!
Сұрасам да кемеңгер мен батырдан,
Қадырымды сұрамаймын өзгеден,
Ел алдында өз орынын парықтап
Күйкі пенде көңілімен сезбеген, деп жырлаған Мұзафар Әлімбаевтың жырлары ел арасында өз бағасын алып келеді.
Мұзафар Әлімбаевтың қанатты сөздері
Мұзафар Әлімбаевтың қанатты сөздері де ел арасында халық сөзі секілді тараған.
Мысалы , "Үйлену оңай, үй болу қиын", "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" қанатты сөзінің авторы Мұзафар Әлімбаев екенін біреу білсе, біреу білмейді. Мұзафар Әлімбаевтың қанатты сөздері қатарында:
Мықтының мұңы да – мылқау;
Шәкіртке ұстаз болу – ірілік, ұстазға ұстаз болу – ұлылық;
Ескерткіш тозса да, естелік тозбайды;
Үйлену оңай, үй болу қиын;
Түйірдей болса да, түйінді ойың болсын;
Жүзіктің өзінен де, көзі қымбат, ақынның сыйлығынан сөзі қымбат;
Ұлтын білгің келсе, ғұрпын біл;
Ерден ердің атықтығы – білігі, елден елдің артықтығы – бірлігі;
Кішілікке жараған – кісілікке де жарар;
Ынтымақ елдікке жеткізер, елдік ерлікке жеткізер;
Жұмыла көтерген жүк жеңіл;
Өтіріктің арбасы шындықтың көпірінен өте алмайды;
Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен;
Адам тіршілігі қандай мұңлы болғанымен, ол кілең бір қасіреттен қаланбайды.
Мұзафар Әлімбаев сөзін жазған әндер
Мұзафар Әлімбаевтың сөзін жазған әндер саны екі жүзге жуықтайды. Олардың бірсыпырасы әлі күнге дейін сахнадан түспей, бірнеше әнші әртүрлі орындап жүр. Ел арасында кең тараған әннің бірі – "Маралдым". Өзінің туған жеріне арнаған әнді Роза Рымбаев, "Музарт" тобы, Зарина Омарова, Мөлдір Әуелбекова сынды әншілер орындап келеді.
Қыз Қорлан қор қызындай тамсандырған Естайға әлемде жоқ ән салдырған Маралды! Маралды – төр! Маралды – көл Самалдай ән еседі қарсы алдыңнан.
О, Маралдым, Маралдым!
Сенің үшін жаралдым
Топырағыңнан нәр алдым
Көзіндейсің сен маған
Атам менен анамның.
Туған ел, туған жерім – Қызыл таңым,
Сапырған күн астында қызыл дәнін.
Өссем де құшағыңда ажырамай,
Көркіңе көрмегендей қызығамын.
О, Маралдым, Маралдым!
Сенің үшін жаралдым
Топырағыңнан нәр алдым
Көзіндейсің сен маған
Атам менен анамның.
Туған жер, өскен елім – Қызыл таңым,
Сенікі ішкен суым, тұзым, дәмім.
Даңқыңды, дәулетіңді шалқытады,
Бақытын сенен тапқан қыз-ұлдарың.
О, Маралдым, Маралдым!
Сенің үшін жаралдым
Топырағыңнан нәр алдым
Көзіндейсің сен маған
Атам менен анамның.
Ел арасында өз тыңдарманын тапқан әннің бірі – "Ақ маңдайлым". Сөзін жазған – Мұзафар Әлімбаев, әнін жазған – Шәмші Қалдаяқов. Халық арасында бұл ән Роза Бағланованың орындауындағы нұсқасы бойынша кең танылды. Кейінгі кезде бұл әнді Жеңіс Ысқақова, Медеу Арынбаев орындап жүр.
Көк майса Алатаудың бөктерінде,
Гүл тердік жастық шықтың көктемінде.
Алдымнан арманымдай жарқ етіп ең,
Қолымды жеткізгендей көкте күнге.
Айналдым, ақ маңдайлым, Ақылдым, бал таңдайлым
Жалында жас дәуренде,
Ұялма, "жан сәулем!" де,
Жақсылықтың жоқ, сәулем, ерте-кеші,
Жадырашы, назданшы, еркелеші.
"Сен" деген сөзің серттен артық еді,
Өзіңе іштей мені тартып еді.
Өзгеге өзін қимас өр көңілім,
Лебіңнен қорғасындай балқып еді.
"Сен" деген ыстық сөзің артық еді,
Өзіңе іштей мені тартып еді.
"Сіз" деген салқын сөзлен тоңамың ғой,
"Сен" десең көңіл қайта шалқыр еді.
Әнұран авторларының бірі
Мұзафар Әлімбаев Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы әнұраны авторларының бірі.
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен
Аман-сау қалыппыз, аман-сау қалыппыз.
Еркіндік қыраны шарықта,
Елдікке шақырып тірлікте!
Алыптың қуаты — халықта,
Халықтың қуаты — бірлікте!
Ардақтап анасын, құрметтеп данасын,
Бауырға басқанбыз баршаның баласын.
Татулық, достықтың киелі бесігі –
Мейірбан Ұлы Отан, қазақтың даласы!
Талайды өткердік, өткенге салауат,
Келешек ғажайып, келешек ғаламат!
Ар-ождан, ана тіл, өнеге-салтымыз,
Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат!, деп шырқалған ән 1992-2006 жылдары Қазақстанның Әнұраны болды.
Қазақстан тәуелсіздік алған соң 1992 жылы республика әнұраны мәтініне конкурс жарияланды. Комиссия іріктеуіне барлығы 750 жоба келіп түсті.
Конкурста төрт ақынның: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалинв пен Жадыра Дәрібаеваның бірлесіп жазған мәтіні жеңіске жетті. Әнұран әнінің авторлары: Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди. 2006 жылы жаңа Мемлекеттік әнұран қабылданды.
Мұзафар Әлімбаев жайлы бір үзік сыр
"Балалар әдебиетін, балалар поэзиясын Мұзағаңсыз елестету мүмкін емес... Мұзағаның өлеңнен бөлек әлемнің арғы-бергі классиктерінің шығармаларын аударған еңбегі, жаңылтпаш жазып, мақал-мәтел жинақтап құрастыруы – осының әрқайсысы бөлек-бөлек қарастыруды қажет ететін сом дүниелер. Сөздің парқын білетін, мәйегін танитын, мағынасына, мәніне бойлай алатын бірегей қалам иесі болғандықтан, Мұзафар Әлімбаев әдебиетті көркем аудармалармен байытты", - деген ақын Нұрлан Оразалин.
Ал ақын Несіпбек Айтұлы Мұзафар Әлімбаев жайлы былай деген: "Мұзағаңның қаламынан туған қыруар жырларын айтпаған күннің өзінде, туған елінің әдебиет қоржынына ол салған мол олжа қаншама! "Менің Қазақстаным! ", "Естай-Қорлан", "Ту тіккен" поэмалары, "Ақ маңдайлым", "Ақ сұңқарым", "Маралым" әндерінің мәтінін жазған Мұзафар Әлімбаев есімі қазақ барда ешқашан ұмытылмайды".
Мұзафар Әлімбаев – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1978 жыл), Қазақстанның Халық жазушысы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері (1996 жыл). Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен, "Отан" орденімен марапатталған. Мұзафар Әлімбаев 2017 жылы 94 жасында дүниеден өтті.
Қазақ халқы өмірін қазақ әдебиетіне арнаған ақын ағаны Әуезов атындағы драма театрда ақтық сапарға шығарып салды.
Ақынның қазасына байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айту жеделхатын жолдап, Мұзафар Әлімбаевтың жемісті еңбек жолы ел есінде қалатынын айтты. "Кеңестік кезеңде ол қазақ әдебиетінің алыптарымен қанаттаса жүріп, Отан игілігі жолында жемісті еңбек етті. Көптеген жыр жинақтары мен ән мәтіндерінің авторы атанды. Отыз жылға жуық балалардың сүйікті "Балдырған" журналының редакторы болып, ана тіліміздің дамуына және бүлдіршіндеріміздің дұрыс тәлім-тәрбие алуына лайықты үлес қосты.
Қалың жұртшылық үшін оның халқымыздың мақал-мәтелдерін жинақтап, зерттеудегі еңбегінің маңызы зор. Ол жұрт әрдайым айтып жүретін көптеген қанатты сөздер мен сөз тіркестерін өмірге әкелді. Мұзафар Әлімбаевтың есімі мен еңбегін халқымыз әрдайым жадында сақтайды деп сенемін", деп көңіл білдірді.