Қоғам

Алматыдағы бүлік: Сағынтаевтың кабинеті қазір қандай күйде – видео

© Photo : пресс-служба акимата АлматыАлматыда қалалық әкімдік ғимаратын қалпына келтіруге кірісті
Алматыда қалалық әкімдік ғимаратын қалпына келтіруге кірісті  - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.01.2022
Жазылу
Бейсенбі күні қалалық әкімдік ғимаратын өрттен кейін тазарту жұмыстары басталды
НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Бейсенбі, 13 қаңтарда отқа оранған қалалық әкімдік ғимараты тазартыла бастады. Sputnik Қазақстан тілшісі әкім Бақытжан Сағынтаевтың жанып кеткен кабинетін видеоға түсіріп алды.
Кабинеттің сау-тамтығы қалмаған, қабырғаларын ыс басқан, қап-қара. Іштегінің бәрі өртеніп кеткен.
Sputnik Қазақстан тілшісі Александр Мирогловтың айтуынша, әкімдікте бір де бір бүтін кабинет, бірде бір бүтін жиһаз жоқ. Қазір, оның сөзінше, құрылысшылар барлық күл-қоқысты, қажет емес дүниені ғимараттан шығарып жатыр. Ғимараттың қаңқасы қана қалады, жөндеу жұмыстары басталады. Іс жүзінде, әкімдік толығымен қалпына келтіріледі.
"Қираған жиһаз, ыдыс-аяқ, аспалы шамдар. Іштегінің бәрі жанып кеткен. Қоқыстың бәрін терезеден сыртқа лақтырып жатыр. Ауыр техника оны жинап әкетеді", - деді ол.
Әкімдіктің баспасөз қызметі бүгін, 13 қаңтарда қалалық әкімдік ғимараты өрттен кейін тазартыла бастағанын хабарлады. 660-қа тарта адам жұмылдырылған, жақын арада тазалау жұмысы аяқталады.
Бүлінген жиһаз, кеңсе техникасы, күл-қоқыс жиналып, утилизация үшін полигондарға шығарылады. Әкімдік тазалау кезінде қауіпсіздік техникасы сақталып жатқанын атап өтті.
Бөгде адамдардың қауіпсіздігі үшін ғимарат пен оған іргелес аумаққа кіруге тыйым салынған.
Әкімдікті автоматпен қаруланған полицейлер күзетіп жүр, олар тәртіпті қадағалауда.
Ғимарат тазартылған соң, бірден қалпына келтіру жұмыстары басталады, деп түйіндеді Алматы әкімдігі.
Еске салсақ, 5 қаңтар күні жаппай тәртіпсіздік кезінде лаңкестер әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасады. Көптеген адам ғимаратқа басып кіріп, кейін өртеп жіберді.
Бұған дейін Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек полиция ғимаратына шабуыл жасалғанда "қорқыныш туралы ойлауға уақыт болмады" деген еді.
Жаңалықтар
0