13:41 29 Қаңтар 2022
Тікелей эфир
  • USD433.83
  • EUR482.81
  • RUB5.57
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
Терроризмге қарсы арнайы операция (145)
56 0 0

Бір түнде кешкі 8-ден таңғы 5-ке дейін полиция департаментіне 27 рет шабуыл жасалған. Барлық шабуылға тойтарыс берілді

АЛМАТЫ, 13 қаңтар – Sputnik. Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Sputnik Қазақстан тілшісіне қаладағы тәртіпсіздік кезінде қалай жұмыс істегенін айтты. Ол өзінің төрт күн бойы үйіне бармағанын, сол уақытқа дейін полиция департаменті ғимаратында болғанын жеткізді.

Әзірбек тәртіпсіздік кезінде жұмыста болғанын, себебі жұртшылықты қалада не болып жатқаны туралы дер кезінде хабардар ету қажет екенін айтты.

"Ақпараттық вакуум болмауы керек еді. Сол кезде, 4-5 қаңтарда интернет болды. Бесінші қаңтар кешке қарай және түнгі уақытта мүлде өшірілді. Алайда сол уақытта біз алаңда және "Алматы арена" маңында болып жатқан оқиғаларға түсініктеме бердік", - дейді ол.

Ең алдымен жауынгерлік бірлік

Әкімдікке шабуыл жасаған кезде қорқыныш болды ма деген сұраққа Әзірбек ең алдымен өзінің баспасөз хатшысы емес, жауынгерлік бірлік екенін айтты.

"Бұл менің қызметтік міндетім – кез келген жағдайда жұмыс орнымда болу. Содан кейін мен баспасөз хатшысымын, содан кейін әйелмін. Қорқыныш туралы ойлауға уақыт болмады. Жұмыс істеу керек еді. Жарықты сөндіріп, қараңғыда оқиғаға қатысты ақпарат жазып, оны жіберу мүмкіндігін іздедік", - дейді ол.

Сол күндері Салтанат Әзірбек төрт күн бойы жұмыста болған. Айта кетері, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі төрт баланың анасы. Кішкентайы – үш айлық сәби, сондай-ақ 2 жасар қызы, 12 жастағы ұлы мен 13 жастағы қызы бар.

"Нақты есімде жоқ, төрт күн дегенде үйге барған болуым керек. Балалар сол уақытта күйеуімнің жанында болды. Жөргектегі сәбиге қарауға менің 13 жастағы қызым көмектесті. Күйеуімнің ата-анасы мен менің анам бұл туралы білмеді. Барлығы аздап тұрақталғаннан кейін ол кісілерге бұл туралы айттым. Егде жастағы кісілер болғандықтан, оларды алаңдатқым келмеді. Анам әлі күнге дейін уайымдайды. Қазір күніне екі рет, таңертең және кешке хабарласып тұрамыз", - дейді Салтанат Әзірбек.

ПД ғимаратына 27 шабуыл жасалды

Сондай-ақ ПД ресми өкілі Алматы трагедиясы кезінде құқық қорғау органдарының қалай жұмыс істегенін айтты.

Әзірбек дабыл бойынша Алматы полициясының барлық жеке құрамы 4 қаңтарда түстен кейін толқулар басталған кезде жұмылдырылғанын жеткізді.

"5 қаңтарда бір топ адам "Алматы арена" маңында жиналды, содан кейін олар қала орталығындағы алаңға қарай бет алды. Ол жерде митингіге шыққандар тарапынан қақтығыс болды. Мұның бәрі қылмыстық сипатқа ие. Ұрып-соғу, бағынбау, қирату және тағы басқа әрекеттер жасалды. 5 қаңтар кешке бір топ адамның полиция департаментіне қарай келе жатқаны туралы ақпарат түсті. Полиция бөлімшелеріне шабуыл жасау туралы жоспары бар екенін білдік. Бірден ғимаратты қорғау бойынша "Қамал" жоспары жарияланды", - деп еске алды Әзірбек.

Оның айтуынша, полиция департаменті ғимаратында қару-жарақ сақталған және бұл жағдайда қылмыскерлердің мақсаты қару-жарақ қоймаларын басып алу болған. Содан дереу барлық аудандағы полиция басқармалары мен Алматының полиция департаменті ғимараты күзетке алынды. Негізгі ұрыс 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні сағат 20:00-ден 5:00-ге дейін болған. Қару-жарақ қоймасы ПД ғимаратында орналасқан, аумағы бойынша қолда бар ресурстан, оның ішінде Жедел әрекет етудің арнайы жасағы жауынгерлерінен күзет қойылды.

"Бұл аумақта біздің үш әкімшілік ғимаратымыз орналасқан. Оларға Никольский базары, Қарасай батыр жағынан шабуыл жасауға әрекет жасалды. Бізде адам көп болған жоқ, себебі негізгі күш алаңда және Алматы аренадағы тәртіпсіздіктің жолын кесуге жіберілді. Ғимаратты күзеткен қызметкердің барлығы 100% қаруланған – сертификатталған полиция қызметкерлері. Сондай-ақ қосымша қызмет қызметкерлері де болды, олар ғимараттарды қорғауға қатысты", - деді Әзірбек.

Оның айтуынша, негізгі соққы Масанчи көшесіндегі әкімшілік ғимаратта орналасқан бөлімше қызметкерлеріне берілген. Ол жерде жедел блок, тергеушілер мен анықтаушылар отырады.

"Ғимаратты қорғай алды. Олар шабуылдаушыларды ғимаратқа кіргізбеді. Шабуылшылар бір КамАЗ қолданды, ол ғимарат қабырғасын құлатпақ болды. Алайда криминалдық полиция қызметкері жүргізушіні атып өлтірген. Артынан жүк көлігі өртенді. Негізгі соққы ПД жанында орналасқан медициналық орталыққа тиді, ұрыс дәл соның ғимараты жанында өтті. Ол қатты зардап шекті", - деп толықтырды Әзірбек.

Бәрінен бұрын полиция қызметкерлері сол маңда тұратын тұрғындар өмірі үшін қорыққан. Себебі бұл маңда тұрғын үйлер орналасқан.

"Азаматтар жарады. Барлық сақтық шарасын қабылдады – терезеге жақындамай, көшеге шықпады. Сол аумақта, ұрыс өтіп жатқан жерде солай болуы керек", - дейді Әзірбек.

Ол шабуыл жасағандар жақсы дайындалғанын, олардың әрекеті үйлестірілгенін, барлығын бағыттап отырған үйлестірушісі болғанын айтады. Оларда тіпті снайпер болған.

"Бұл қарулы адамдар болды, олар әскери қарулармен шабуыл жасады, оларда әскери гранаталар болды. Полиция ғимараттарына жоспарланған шабуыл жасалды. Бір уақытта Әуезов ауданы ПБ, Алмалы ауданы ПБ, Медеу, Жетісу және Бостандық ауданы ПБ шабуыл жасалды. Бір түнде кешкі сегізден таңғы беске дейін полиция департаментіне 27 рет шабуыл жасады", - деп атап өтті ол.

Жалпы қала бойынша 185 қызметкер зардап шекті, олардың екеуі ауыр жағдайда жатыр. Үш қызметкер қаза тапты: екеуі Алмалы ауданы ПБ ғимаратына шабуыл жасалған кезде және бір адам Көктөбеден жоғары орналасқан стратегиялық нысанды қорғаған кезде қаза тапты.

Қазір терроризмге қарсы операция әлі де жалғасып жатыр, қаланың жекелеген бөліктерінде қылмыстық элементтерден тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың бәрі қазір жалға алынған тұрғын үйлерде жасырынып жүр, деп қорытындылады Салтанат Әзірбек.

Тақырып:
Терроризмге қарсы арнайы операция (145)
Загрузка...

Басты тақырып