Мәдениет

2021 жылы қазақстандық режиссерлер көрерменге қандай туындылар ұсынды

© Sputnik / Владислав ВодневОператор, архивное фото
Оператор, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.12.2021
Жазылу
Yandex newsTelegram
Sputnik Қазақстан жаңа жыл қарсаңында 2021 жылы шыққан телесериалдар мен YouTube жобаларға шолу жасады
АЛМАТЫ, 31 желтоқстан – Sputnik. Отандық телехикаялар мен YouTube көрермендеріне арналған сериалдар жыл сайын артып келеді. Тек саны жағынан ғана емес, сапа да сол қатарлы өсіп жатқанын көрерменнің қызығушылығы мен қаралым саны көрсетіп отыр. Бірі ауыл тіршілігін, отбасыдағы оқиғаларды түсірсе, енді бірі журналистика, құқық қорғаушылар қызметі секілді тақырыпты арқау еткен. 

"Келінжанның" үшінші маусымы шықты

2019 жылдан бері қалың көрерменнің көңілінен шыққан отандық телесериалдың бірі – "Келінжан". Биыл сериалдың үшінші бөлімі көрерменге жол тартты.
Сериал желісі бойынша қазақы отбасының кенже ұлы қалада өскен, ауылдың тіршілігіне үйренбеген Асылым есімді қызға үйленеді. Асылым бастапқыда тіпті сиыр сауа алмаған. Отбасыда жас келіннің өзінен бұрын түскен екі абысыны бар, олар да бастапқыда жас келінге көмектескендей кейіп танытады. Алайда бірінші маусымның соңына қарай Асылым ауыл тіршілігіне үйреніп кетеді. Екінші маусымда сәбилі болады. Алайда үшінші маусымда бір үйдің үш баласының шаңырағында қиындық басталады. Сол үйдің үлкені Күләш апа апатқа ұшырайды, балалары ажырасу туралы шешім қабылдайды.
Фильм режиссері – Гүлнұр Мамасарипова. Басты рөлдерде Дариға Бадықова, Нұргүл Мыңғатова, Рүстем Жаныаманов, Сара Амангелді, Дәулет Үсербай ойнайды.
Жуырда Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген Рүстем Жаныаманов сериалдың 4-маусымы болатынын жоққа шығармады.
"Жалғасы болады деп жатыр. Жалғасы болса, 100 бөлімге созылады деген сыбыс бар. Бізге осылай айтты, бірақ әлі нақты бекітілген жоқ. Әзірге ұзынқұлақтан естідік десе де болады. Бұл сериалдан бір кісідей қаражат таптық, басқа жобалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Өйткені "Хабар" агенттігі жақсы қолдау білдірді. Бірінші маусымдағыдан екінші маусымда жақсырақ қаражат алдық, үшінші маусымда тағы артты", - дейді Жаныаманов.
YouTube платформасында сериалдың әр бөлімі 3 миллионға жуық қаралым жинайды.

Көптің көңілінен шыққан "Ақжауын"

Qazaqstan ұлттық телеарнасы биыл бірқатар телесериал ұсынды. Соның ішінде ерекшеленген сериалдың бірі – "Ақжауын". Сериалдың бас продюсері – Айкерім Самалбек. Қоюшы-режиссер – Дархан Сәрсенов. Басты рөлдерде Аян Өтепберген мен Жұлдыз Өмірғали.
23 бөлімнен тұратын сериал Аршалысай табиғи паркінде құрылыс салғысы келетін Аңсар мен экологиялық белсенді Назым есімді бойжеткеннің арасындағы оқиғалар негізінде өрбиді.
Телехикаяда бизнес саласы, қоршаған орта проблемасы, адами құндылықтарды қамтылған.
Алғашқы бөлімнің өзінде Аңсар мен Назым бірнеше рет кездесіп, бір-бірімен тіл табыса алмай қалады. Алматыдан Нұр-Сұлтанға барарда әуежайда планшеттері ауысып кетіп, бірі қонақүй құрылысын, бірі қоршаған ортаны қорғау бойынша жобаларын таныстыра алмайды.
Сериалдың әр бөлімі YouTube платформасында 1,5-2 миллион қаралымнан жинаған.

Дулыға Ақмолданың жаңа образы

2021 жылы отандық фильм көрермендері әдетте театрдағы рөлі арқылы білетін актер Дулыға Ақмолданы жаңа қырынан таныды. Salem Social Media түсірген "Сержан братан" сериалы көпшілік көңілінен шықты. Мұны сериалдың әр бөлімінің Youtube платформасында 7 миллионнан астам қаралым жинағанынан-ақ байқауға болады.
Сериалдың басында тоқсаныншы жылдардағы өмір көрсетілген. Басты рөлдегі Сержан – бандит. 1997 жылы мас кезінде мұзға құлап, басын жарған басты кейіпкер бірінші бөлімде комаға түседі. Ал екінші бөлімде 23 жылдан кейін комадан оянғаннан кейінгі оқиғалар басталады. Әрине, 2020 жылы әлемде біраз дүние өзгерген.

"Махаббат, қызық мол жылдар"

Қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романы желісі бойынша түсірілген телехикая отандық телеарналардың бірінде көрсетілді.
Сериал 25 бөлімнен тұрады. Фильмнің түсірілімі төрт айға созылған. Басты рөлді Ермек Тұрғанбек пен Нарқыз Айдарова сомдады. Қос актер дәл Ербол мен Меңтай секілді бір оқу орнында оқиды. Алайда олардың тағдыры роман желісінен мүлде бөлек: бастапқыда сырттай таныс болған екі жас түсірілім аяқталған соң бірден шаңырақ көтерді. Бұл туралы қос ғашық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Ербол рөлін сомдаған Ермек Тұрғанбек екі жастың махаббат хикасы қалай басталғанын айтты.
"Күтпеген жағдай болды... Дайындық барысында Ербол мен Меңтайдың махаббат сахналарын сомдадық. Мәтіннің өзінде сезімді білдіру сахнасы көп еді. Дайындық кезінде ұшқын пайда болғандай көрінді. Содан түсірілімге келіп, бір жарым ай өткеннен кейін махаббат, сезім бар екенін білдім", - дейді Ермек.
2020 жылдың 19 қыркүйегінде "Махаббат, қызық мол жылдар" сериалының түсірілімі аяқталып, 23 жастағы Ермек Тұрғанбек пен 21 жастағы Нарқыз Айдарова 20 қыркүйекте бас қосты.

Бір күнде миллион қаралым жинаған сериал

2020 жылы жастарға арналған "Сыныптас" сериалы көрермен көңілінен шыққаннан кейін авторлар екінші маусымын бастап кетті. Алғашқы маусымының әр бөлімі YouTube платформасында 8 миллионға жуық қаралымнан жинаған.
Сериал 11-сыныптың "а" және "б" сыныбы арасындағы мектептегі төбелестен басталады. Ал екінші маусымда олардың 10-сыныптағы қызықтары көрсетіледі.
Оқиғалар Мысық, Асик, Әлімжан, Гугл, Антош, Кәріс, Танк, Мок деген оқушылардың арасында өрбиді.
"Біз жан-жақтан жиналдық. Алғашында вайн түсірдік. Өте жақсы болды. Бірақ бірдеңе жетіспейтінін байқадық. Не істейміз деп ойландық. Үйде ақылдасып отырғанда сериал түсірейік деп шештік. "Сыныптас" деген мектеп жайлы сериал түсіретін болдық. 2020 жылы алғашқы бөлімін түсірдік. Бірінші бөлім бір күнде миллионнан астам қаралым жинады. Жаңа каналға жүктелген болатын. Ол кезде екінші сериал жазылмаған, қаржымыз жеткені сол болды", - дейді сериал авторлары.
Үшінші сериалдан бастап жастардың бастамасын қолдайтын демеуші табылған. Осылайша "Сыныптас" сериалы қазірге дейін көрерменін қуантып келеді.

Полиция өмірі көрсетілген сериал

Қазақстанда ғана емес, жақын шет елдер арасында да белгілі сериалдың бірі – "Патруль". Бұған дейін бес маусымы шыққан сериал әлі күнге дейін көрерменін жоғалтпаған. Сериалдың идея авторы – Рүстем Омаров пен Марат Оралғазин.
Туындыда қазақстандық ішкі істер қызметінің жұмысы әзіл түрінде көрсетілген. Ел арасында полицияны бірі жалқау деп атайды, енді бірі полицияның өзі заңды бұзуға бейім екенін айтады. Алайда іс жүзінде олар маңызды іспен айналысады, яғни азаматтарды қылмыскерлерден қорғайды. Сериалдағы Серік пен Берік соның бір дәлелі. Әрине, арасында олардың күлкіге батыратын оқиғалары да көрсетілген.

Тұмарға байланған тағдыр

"Тұмар" телехикаясы да көрермен тарапынан жақсы қолдау тапты. Түсірілім Алматы қаласында өткен. Телехикая 12 бөлімнен тұрады.
Хикая 30-шы жылдардан бастау алады. Әкелері бесік құда болып уағдаласып, кішкентай бүлдіршіндер Зере мен Төленнің мойнына бірдей тұмар тағады. Алайда ел үдере көшкен алмағайып заманда олар шекараның екі бетінде қалып, қосылуын тағдыр жазбаған екен.
Алайда кейін ажырап қалған қандастардың үшінші ұрпағын тағдыр иірімі ширек ғасырдан соң қайта табыстырады. Сериал осындай қызықты сюжетке толы қандас бауырлардың қилы оқиғаларын арқау еткен.

Есірткі тасымалдаған Алдияр...

Алдияр – күрделі мәселемен бетпе-бет келген университеттің екінші курс студенті. Оны оқудан шығармақ болады, ал оқуын жалғастыруы үшін қомақты қаражат керек. Дәл осылай басталатын сериал YouTube платформасында өз көрерменін тапты. "Sheker" сериалының әр бөлімі кемі 4 миллион қаралымнан жинаған.
Осылайша қомақты қаражатты отбасынан әкесінің қатал мінезінен қорқып сұрай алмаған Алдияр өз бетінше жұмыс істейді. Ол синтетикалық есірткі жеткізетін курьер ретінде жұмысқа кіріскен. Сол жұмыстың қызығына түскен соң бастапқы мақсатын ұмытады. Қалтасы да қаражатқа  толған соң өзінің арманындағы қызды кездестіреді. Алайда полициямен де жұмыс істеуге тура келеді.
 
Жаңалықтар
0