Қоғам

Актер Рүстем Жаныаманов: "Келінжан" сериалынан бір кісідей қаражат таптық

© SputnikРүстем Жаныаманов, актер
Рүстем Жаныаманов, актер - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.12.2021
Жазылу
Жаныаманов "Келінжаннан" кейін өте күрделі тақырыпты арқау еткен киноға түсті. Фильм 16 желтоқсанда көрерменге жол тартады
АЛМАТЫ, 10 желтоқсан – Sputnik. Көпшіліктің көңілінен шыққан отандық "Келінжан" сериалында басты рөлдердің бірін сомдаған Рүстем Жаныаманов кейінгі кезде қандай жобада жұмыс істегенін, актерлік карьерасында нені армандайтынын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комедия жанрындағы "Келінжан" сериалының алғашқы маусымы 2019 жылы шықты. Көпшіліктің сұранысына ие болғаннан кейін сериал 3 маусымға созылды. Қылышбек рөлін сомдаған Рүстем Жаныаманов 4-маусым болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
"Жалғасы болады деп жатыр. Жалғасы болса, 100 бөлімге созылады деген сыбыс бар. Бізге осылай айтты, бірақ әлі нақты бекітілген жоқ. Әзірге ұзынқұлақтан естідік десе де болады. Бұл сериалдан бір кісідей қаражат таптық, басқа жобалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Өйткені "Хабар" агенттігі жақсы қолдау білдірді. Бірінші маусымдағыдан екінші маусымда жақсырақ қаражат алдық, үшінші маусымда тағы артты", - дейді Жаныаманов.
Айтуынша, Қылышбек рөлін сомдағаннан кейін актерді әлеуметтік желіде сол образ ретінде қабылдайтындар саны артқан.
"Әлі күнге дейін әлеуметтік желіде хат жазғандар сөзін "Қылыш аға" деп бастайды. Үлкен кісілер де беріліп, Қылышбек деп қабылдайды. Желіде жазба қалдырсам, "Дұрыс айтасың, Қылыш", "Әй, жарайсың, Қылыш" дейді. Мұны жақсы қабылдаймын, бірақ сол кейіпкер ретінде қатты қабылдап қалмаса екен", - дейді актер.
Айтуынша, актер болған соң түрлі образға енеді. Ертең бұзақының рөлін ойнасам, "мынау Қылыш қой" десе, біртүрлі болады дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Рустем Жаныаманов (@zhanyamanov_rustem)

Сол себепті жақында комедия жанрынан алыс жаңа фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған.
"Ирина Кайратовна" тобындағы жігіттермен бірге жұмыс істедік. Өте күрделі, ой қозғайтын тақырыпта кино түсірді. Фильм 16 желтоқсанда шығады. Ол жақта азаттық алған жылдар, Желтоқсан қозғалысы көрсетіледі. Мұстафа Өзтүрік, Заманбек Нұрқаділов ағаларымыз бен Мақпал Жүнісова апайымыздың образы бар. Мен отағасының рөлін ойнадым. Яғни, менің отбасыммен көп дүниені байланыстырып, қазіргі күнге дейін алып келеді", - дейді Рүстем Жаныаманов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Рустем Жаныаманов (@zhanyamanov_rustem)

Оның сөзінше, фильмде режиссер шынайы өмірді көрсетуге тырысқан. Рүстем Жаныаманов мұнда салмақты рөлде көрінеді.
"Өзіме драма жақын. Ал қазір ұсыныс өте көп. Ашығын айтқанда, ойнаған рөлдерді қайталамаса екен деймін. Актерлік мансапты бастағалы дәрігердің, мұғалімнің, ұлттық қауіпсіздік қызметінде жұмыс істейтін адамның рөлін сомдадым. Әлеуметтік рөлдерге қайтадан шақырса, ойланамын. Себебі басқа бір қырымнан танылсам деген арман бар", - дейді актер.
Сондай-ақ Рүстем Жаныаманов биыл алғаш рет өнер адамдары арасындағы "Өнер барысы" жобасына қатысады.
"Бұған дейін жарыстарды көрдім. Сол кезден-ақ өнердегі әріптестеріммен боз кілемге шыққым келді. Бұл енді достық күрес. Өзімді ұсынған емеспін, себебі көп кісіні танымайтынмын", - дейді Рүстем Жаныаманов.
"Маған хабарласты, бірден келістім. Өйткені дода деген әрқашан қызық. Өзім үшін бақ сынап көру қызық болды. Спортты жақсы көремін, содан кейін бұл жерде спортшылар емес, өнерде жүрген әріптестер қатысады. Бәріміздің білегімізде күш бар", - дейді ол күліп.
Айтуынша, жобаға қатысуға осыдан бір апта бұрын ұсыныс түскен.
"Маған аяқ асты бір апта бұрын хабарласты. 75-80 келі салмақ дәрежесі бойынша шығамын. Уақыт тауып, үлгеріп жатырмын", - дейді актер.
Айта кетері, Өнер барысы" жобасы 16 желтоқсанда сағат 13.00-де "Хабар" телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Боз кілемде Артур Төлепов, Асылхан Төлепов, Азат Жұмаділ, Бейбіт Қошқалиев, Аян Өтепберген, Арман Қоңыр, Рүстем Жаныаманов, Дәулет Бижанов, Ғалым Махамбет, Еркебұлан Дайыров, Мейіржан Төребаев, Тәуекел Мүсілім, Қанат Әлжаппаров, Әділет Рахметолла, Құрал Молжанов және басқа да өнерпаздар бақ сынайды.
Оқи отырыңыз: Актер Болат Әбділманов: Халық әртісі емес, халықты қанаушылар 
Жаңалықтар
0