23:51 12 Маусым 2021
Тікелей эфир
  • USD427.15
  • EUR519.12
  • RUB5.96
Сұхбат
Қысқа сілтеме алу
5645 0 0

Театр және кино актері, көпшілікке Абай Құнанбайұлы образымен таныс Болат Әбділманов өнер әлемінде жемқорлықтың жайылғанын, оны қалай шешуге болатынын, министрлік қабылдап отырған қате шешімдер туралы айтты

АЛМАТЫ, 20 мамыр – Sputnik. Жемқорлық деген – адамның мәдениетінің төмендігі, отанына, еліне деген махаббатының аздығы, иманның әлсіздігі. Өнер саласында осындай әрекетке барған адамдарды атақты болса да, қатты жазалау керек. Бұл – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Болат Әбділмановтың пікірі. Актер Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында қазіргі қоғамдағы өнерге қатысты түйткілді мәселелер мен көпшілік талқысына түскен Абай рөлі туралы ой бөлісті.

Актер үшін директор болу - ең төмен саты

- Болат Мәзімбайұлы, шығармашылық туралы әңгіме бастамас бұрын қазір өнер саласындағы сізді толғандыратын мәселе жайын сөз етсек дейміз. Өнер адамдарына қатысты сізді мазалайтын қандай да бір жайт бар ма?

Ауруды айтпаса, асқынып кететіні секілді кей жайттың бүкіл өнерге жайылып кететін түрі бар. Қазіргі өнерді кеңестік дәуірдегі өнермен салыстырсақ, ол уақытта Әуезов театрының алтын ғасыры болған. Әзірбайжан Мәмбетов сол театрды 30 жылдан артық басқарды. Облыстық театрларды, жастар театрын да бір адам көп жыл басқаратын. Сол жетекшіліп етіп отырған басшылардың артынан бірде-бір жаман сөз ермейтін. Қазір бүкіл қоғамды, мемлекетті жайлаған сыбайлас жемқорлық, пара алу өнерді де айналып өткен жоқ. Мұның өнерге келуі өте үлкен қауіпті білдіреді. Өнерде жүрген адамдардың қолының осылай былғануы – жақсы емес.

Қазір қаншама театр басшысы пара алу бойынша ұсталып, кінәсі дәлелденіп, ісі сотқа кетіп жатыр. Мүйізі қарағайдай үлкен ағаларымыз, халық әртістерінен бастап жастарға дейін пара алудың маңайында малшынып, ісі сотта қаралды. Өнерге кеше келген өнерпаздардың өзі халықты алдап, халықтың ақшасын қалтасына басып, осындай жаман әдетке бой алдырып жүр. Жалған жарнама жасап табыс тауып жүргені де бар.

Болат Әбділманов Абай фильмінде ақынның рөлін сомдады
© Photo : Болат Әбділмановтың жеке архивінен
Болат Әбділманов "Абай" фильмінде ақынның рөлін сомдады

Жемқорлық – адамның мәдениетінің төмендігі, отанына, еліне деген махаббатының аздығы, иманның әлсіздігі. Өнер саласында осындай әрекетке барған адамдарды атақты болса да, өте қатты жазалау керек деп ойлаймын. Өйткені заң қатаң болмай, бұл аурудан еш уақытта арыла алмаймыз. Қазақ халқы бала сияқты, сенгіш. Өнер десе ішкен асын жерге қояды. Абайды, Абылай ханды, Әлиханды, Сәкенді, Кенесарыны ойнаған танымал адамдар ұсталып жатса, кінәсінің дәлелденгеніне қарамастан, әлеуметтік желіде бүкіл халық өре түрегеліп, сол актерді жақтайды. Біз ойнап жүрген рөлімізге саймыз ба, лайық емеспіз бе – мәселе осында жатыр. Заңның алдында бәрі бірдей болуы керек. "Оскар" сыйлығын алып келген актер болса да, қалтасына ақша басқаны дәлелденсе, онда оның кім екеніне қарамастан өте қатаң түрде жазалау керек. Сонда халыққа үлгі болады.

Мұндай әрекетке барған адамдардың өзін "мен халық әртісімін" деп айтуға қақысы жоқ. Бұлар халықтың ақшасын қалтасына басқан қорқаулар. Халық әртісі емес, халықты қанаушылар. Ұялмай, сонша қылмыс жасап алып, елдің алдына шығып рөл ойнап, өздерін халық қаһарманы сияқты көрсетуі – біздің шындықтан алыстап бара жатқанымызды көрсетеді. Қаншама миллион ақшаны қалтасына басқаны дәлелденсе де, елдің алдында тайраңдап жүргендер бар. Заңның алдында бәрі бірдей.

- Бұған не себеп болып отыр? Бұл "аурудан" айығудың қандай да бір жолы бар ма?

Қазір бізде өнер адамдарын директор, есеп-қисапқа жауапты басшылық қызметке көп тағайындайды. Ол қате шешім. Өнер адамы мектепте қалыптасады. Өнерпаздар мектепте алгебра, арифметика сияқты пәндерден гөрі қазақ әдебиеті, тарихқа бейім болады. Директор болу үшін есеп-қисапты, басшылықты білуі керек. Қазір танымал болған актерді директор етіп қояды. Актерге директор болу деген – ең төмен саты. Есеп-қисапты білетін, дипломы бар он адамның біреуі директор бола алады. Ал 100 адамның біреуі актер бола алмауы мүмкін. Актер мамандығы барлық мамандықтан биік тұрады.

Директор болғандар сайрап, тарихты жақсы білгенімен, есеп-қисапты білмейтіні бар. Осы жағын министрлік ойлануы керек. Қазір өнер адамының бәрін басшылыққа қойып жатыр. Бұл – қате. Әркім өз ісімен айналысуы керек. Қазақтың табиғаты солай, басшы боласың десе, жаны қалмайды. Аяғы былық-шылықпен айналысады. Қолынан ақша өткен соң өнер жайына қалады. Соңы сыбайлас жемқорлыққа, пара алуға апарады. Осылай қаншама актер өнер сахнасынан жоғалып кетіп жатыр.

Біреулер өзі директор болмаған соң осылай айтып жатыр деп ойлауы мүмкін. Маған осы уақытқа дейін театрға 3 рет директор болу туралы ұсыныс түсті. Облыстық, Алматы қаласындағы театрларға шақырды. Директор болғым келмеді, актер болып қалдым. Адамға қандай қабілет берілді, ол сол іспен айналысуы керек.

Дей тұрғанмен актер театрдың көркемдік жетекшісі болса құба-құп. Себебі ол оның жұмысы. Бізде директор мен көркемдік жетекшіні шатастырып жатады. Көркемдік жетекші қойылымның көркемдік жағына, театрдың репертуарына жауап береді. Актер есеп-қисапты білмегенімен, театрдың қыр-сырын біледі.

Көлденең көк атты жазған ой Абай рөліме өлшем емес

- Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арнайы түсірілген "Абай" фильмінде ақынның рөлін сомдадыңыз. Әлеуметтік желіде бірлі-жарым жақсы-жаман пікір айтылып жатыр. Оларға жауабыңыз қандай?

"Абай" фильміне қатысты әртүрлі пікір айтылды. Бірақ бұл пікірді кім айтып жатыр? Абайтанушы ма? Болмаса сыншы ма? Әлде соның бәрін білетін зиялы қауым баға беріп тұр ма? Мәселе сонда. Не аты жоқ, не абайтанушы емес адамның айтқан ойын пікір деп есептемеймін. Қазір әркім ас үйде отырып, біреудің тапсырысымен ойына келгенді жазады.

"Абай" фильміндегі рөліме байланысты режиссер Есмұхан Обаев театрда қолымды алып, құттықтап, өте риза болғанын айтты. Белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбай арнайы хабарласты. Өнердегі әріптестерім Ғазиза Әбдінәбиева, Тынышгүл Сұлтанбердиева, Сахан Әкелеев бағалады.

Болат Әбділманов Абай фильмінде ақынның рөлін сомдады
© Photo : Болат Әбділмановтың жеке архивінен
Болат Әбділманов "Абай" фильмінде ақынның рөлін сомдады

Өнерді білетін адамдардың жазғанына қарап бағалау керек. Көлденең көк атты жазған ой менің Абай рөліме өлшем емес. Бізде Мекемтас Мырзахметұлы секілді Абайды ешкім білмейді. Ол кісі көлемді мақала жариялап, сериалдың артқан жүгі өте ауыр екенін жазды. Тұшынып, түсініп, астарына үңіліп қараған адам көп нәрсенің байыбына барар еді деді. Ол кісі көркем шығармаға тән кейіпкерлер бейнесі сәтті өрілген деген баға берді. Қаламгер Дулат Исабеков те жоғары бағалады. Міне осы кісілердің пікіріне қарап бой түзеу керек.

"Абай жолында" мынадай, неге фильмде басқа деген пікірді де естідік. "Абай жолы" да көркем дүние. Көркем дүние мен деректі дүниені шатастыруға болмайды. Деректі дүние қалай болғанын тура солай айтады. Көркем дүние – режиссердің фантазиясы, оның көркемдік шындығы.

- Қазақ киносына жаңа Абай керек пе? Әлде түр-тұрпаты ақынның келбетіне келетін кісіні таңдау тиімдірек пе?

Мектепте әліппені ашқаннан Абайдың түр-тұлғасын көріп өсеміз. Театрда немесе кинода болсын түрі ұқсамайтын адам ойнап тұрса, көрерменнің көңілі жартылай болады. Сондықтан актерді таңдаған кезде сыртқы келбеті, оның жан дүниесі, оның үні, көзқарасы, бет пішіні, кескін-келбетімен түгел қабылдайтындай етіп таңдау керек. Ол Абай болсын, басқа образдар болсын бәрібір, сонда ғана көрерменнің жүрегіне жол тартады. "Мінсіз актер жоқ, оң жамбасқа келетін рөл бар" деген сөз бар. Талантты актердің бәрі Абайды ойнай алмайды. Абайды табиғаты келетін актер ойнай алады. Сахнада оның үні де келуі керек. Бізде сырылдаған, қырылдаған, шаршаған, шіңкілдеген дауыспен батырлардың рөлін ойнамайды. Бұл да сол сияқты.

Қазір грим деген екінші планға кетіп бара жатыр. Қазіргі камералар актердің бет-бейнесін өте анық көрсетеді. Жабыстырып қойған сақалдың жасанды екені көрініп тұрады. Сақал бетіңе үйлеспей тұрса, ар жағында желім көрініп тұрса, боялған бояу көрініп тұрса, адамның жүрегін айнытады. Мұны жасандылық дейді.

Мәдина Омарова деген жазушы-драматург екеуіміз Абайдың 175 жылдығына байланысты "Абайдың жұмбағы" деген спектакль жаздық. Сол спектакльді көркемдік кеңес қабылдап, қазір ойнап жатырмыз. Сонда Абай "Қалың елім, қазағым" деп залдан шығады. Сол уақытта айтылған әр сөзі бүгінмен астасып жатыр. Абай көрерменнің ішінде жүріп, әрқайсысының көзіне тік қарап, монологын айтып сахнаға шығады. Егер сол кезде бетіме жарты келі грим салып алсам, қасымды қарайтып бояп алсам, қауғадай қылып сақал жабыстырып алсам, көрерменнің қасына келіп, бетіне қараған кезде ол маған қарап күледі ғой... Жасанды Абай көрінеді ғой. Ал мен ол кезде бояусыз, өзімнің Абайға ұқсағанымды пайдаланамын. Өзімнің сақалым, өзімнің бет-пішінім...

Қазір өнер еріккеннің ермегі болды

- Кейінгі бір жылда Әл-Фараби, Абай туралы бірнеше фильм түсірілді. Әрқайсы әр телеарнадан көрсетілді. Қалай ойлайсыз, бұл бір науқан секілді болып кетпеді ме?

Науқан болған шығар. Ең бастысы пандемияға қарамай, халықтың қатты қиналып жатқанына қарамай, актерлер ауырып жүрсе де, Абай мен әл-Фараби туралы фильмдер халыққа жол жартты. Әр фильмнің көтеретін жүгі әртүрлі.

Қазір фильмге қатысты марапат берілетін кезде әділқазы арасында кімдер бар екен деп қарасаң, депутат, министр, журналист отырады. Мүлде киноға қатысы жоқ адамдар баға береді. Бұл да дұрыс емес. Мен өнер адамы болсам да, опера театрында балетке баға бере алмаймын. Көрермен ретінде көремін, бірақ балеттің қыр-сырын білетін маман отыруы керек. Сол сияқты киносыншы, Абайды білетін адамдардың бағасымен марапат берілуі керек. Бұл да бізде өнер деңгейінің түсіп кеткенін көрсетеді.

- Өнер деңгейі туралы айтып қалдыңыз, қазіргі отандық кино мен қазіргі театрға берер бағаңыз қандай?

Өзің су ішіп отырған құдығыңа түкіруге болмайды. Бірақ біз өнерді әрқашан салыстырмалы түрде білеміз. Мысалы кеңестік дәуірде үлкен цензура болды, бәрі саясат аясында құрылды. Соның өзінде соны түсіргендер астарына мән салып қоятын. Жылына 30 фильм түсірілсе, соның бес-алтауы ғана көрерменге жол тартатын. Спектакльдер де солай болды. Көрерменге бірден көрсетіле салмайтын. Тоқтап қалатын. Бұл жерде сыншының рөлін арттыру керек. Киносыншы болсын, театр сыншысы болсын олардың пікіріне құлақ асу керек.

Қазір өнер еріккеннің ермегі болды. Мәмбетов Абайды қою үшін қаншама жыл дайындалған. Шәкен Айманов өмір бойы Абайды түсіремін деп дайындалып, түсіре алмай кеткен. Қазір тек Абайды ғана емес, бірінен соң бірін түсіріп жатыр. Ешқандай тәжірибесі жоқ. Өз киносын сенсация деп атайды. Кезінде Әзірбайжан Мәмбетов "Ваня ағай" спектаклін қойды. Мәскеуде көрсетілген кезде сол жердің сыншылары орнынан тұрып, "Ресей тарихында бұл рөлді Әнуар Молдабеков секілді ойнаған ешкім жоқ" деп қол соқты. Міне – сенсация. Ал сол "Дядя Ваня" мен қазіргі "Дядя Ваня" арасы жер мен көктей.

- Әңгімеңізге рақмет!

Кілт сөздер:
өнер, сұхбат, Абайдың 175 жылдығы, Абай Құнанбайұлы
Загрузка...

Басты тақырып