Қоғам

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап не өзгереді

© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.12.2021
Жазылу
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда зейнет жасы көтеріледі, утилизациялық алым өседі, полицейлер жаңа форма киеді
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Жәрдемақы мен зейнетақы өсіп, ең төменгі жалақы көтеріледі, жаңа салық пайда болады. Осы және өзге де жаңашылдықтар туралы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Зейнет жасы өседі  

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 60,5 жасқа дейін өседі.
Биыл қазақстандық әйелдер зейнеткерлікке 60 жастан шықса, келесі жылы ол 60,5 жасқа дейін көтеріледі.
2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады.
Жалпы Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап көтеріліп келеді. Оған дейін ана-апаларымыз 58 жасында зейнеткерлікке шығатын.

2022 жылы зейнетақы қанша болады

2022 жылы қазақстандықтардың зейнетақысы ұлғаяды. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеден 19 450 теңгеге дейін артады.
Ең төменгі зейнетақы 46 302 теңгені құрайды. Былтыр оның мөлшері 43 272 теңге болды.
Оқи отырыңыз: 2022 жылы қазақстандықтарды қандай маңызды оқиғалар күтіп тұр
Айта кетері, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы әр зейнеткерге оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, жеке тағайындалады.
Егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз, сондай-ақ  мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ін құрайды. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ке артады.

Ең төменгі жалақы өзгереді

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда президенттің тапсырмасымен ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеріледі.
2022 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы 60 мың теңгені құрайды. Бұған дейін оның мөлшері 42 500 теңгеге тең болды.
Ең төменгі жалақының көтерілуі айлығы өте төмен жұмысшылардың табысына оң әсер етеді. Бүгінде жалақысы 60 мың теңгеден аз 1 миллион 650 мың адамның кірісі артады.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.

Айлық есептік көрсеткіш

АЕК немесе айлық есептік көрсеткіш (жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданады) 2022 жылы 3 063 теңгені құрайды. 2021 жылы ол 2 917 теңге болды.

Күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегі

Ең төменгі күнкөріс деңгейі базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қажет.
Былтыр оның көлемі 34 302 теңге болса, 2022 жылы 36 018 теңгеге дейін өседі.
Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-і кедейлік шегі деп саналады. Яғни, егер адамның табысы күнкөріс деңгейінің 70 процентінен аспаса, онда ол кедейлік шегінде өмір сүреді. 2021 жылы "кедейлік шегі" 24 011 теңгені құраса, 2022 жылы бір адамға айына 25 212 теңгеге дейін ұлғаяды.
Оқи отырыңыз: "Қаралы жылдар тарихта қалды": Барыс жылы қазақ үшін қандай болған
"Кедейлік шегінде" өмір сүретін қазақстандықтар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.
Атаулы әлеуметтік көмек көлемі әр адамға жеке есептеледі. АӘК мөлшері кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы арасындағы айырмашылықты құрайды, яғни 25 212 теңгеден отбасының бір адамға шаққандағы орташа табысын шегеру қажет. Кейде отбасының әрбір мүшесіне 1000 теңге немесе 20 теңге, тіпті 1 теңге атаулы әлееуметтік көмек тиесілі болуы мүмкін.
Тіпті айына 1 теңге төленсе де, не себепті атаулы әлеуметтік көмектен бас тартпау керек екенін толығырақ мына материалдан оқыңыз.

Жеке куәлік пен жүргізуші құжатын алу қымбаттайды

Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш мөлшері өскен сайын, құжаттардың бағасы да жыл сайын өзгеріп тұрады.
2022 жылы АЕК 3 063 теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты бірқатар құжатты алу үшін төленетін мемлекеттік баж да ұлғаяды.
© Sputnik2022 жылы құжат алу қанша тұрады
2022 жылы құжат алу қанша тұрады - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.02.2022
2022 жылы құжат алу қанша тұрады
Енді қазақстандықтар қанша төлейді:
  • паспорт алу үшін төленетін мемлекеттік баж салығы –  8 АЕК немесе 24 504 теңге;
  • жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 613 теңге;
  • жүргізуші куәлігі – 1,25 АЕК немесе 3 828 теңге;
  • туу туралы куәлік тегін беріледі, бірақ акт жазбасына өзгерту, толықтыру, түзету енгізу немесе оны қалпына келтіру үшін 0,5 АЕК, яғни 1 532 теңге төлеу қажет;
  • некені тіркеу – 1 АЕК немесе 3 063 теңге, ал неке куәлігін екінші рет алған жағдайда – 0,5 АЕК немесе 1 532 теңге;
  • ажырасуға арыз беру кезінде мемлекеттік баж салығының мөлшері – 2 АЕК немесе 6 126 теңге.

Балаға берілетін жәрдемақы

2022 жылы айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы да артады. Бұл жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді.
  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 192 969 теңге.
Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.
Сондай-ақ бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақының мөлшері де көтеріледі.
  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 17 643 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 27 261 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі арнайы формула бойынша есептеледі. Яғни, соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау қажет.

Көпбалалы аналарға қанша жәрдемақы төленеді

Қазақстанда кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Ол отбасының кірісіне қарамастан барлық көпбалалы жанұяға бала санына қарай төленеді.
2022 жылы оның мөлшері:
  • 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 49 100 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 61 382 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 73 665 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 85 948 теңге;
  • 8 және одан көп баласы бар отбасыларға 32,06 АЕК немесе 98 200 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК.
Оқи отырыңыз: Балаға берілетін жәрдемақы – 2022: кімге, қалай және қанша төленеді?
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 6,4 АЕК немесе 2022 жылы 19 603 теңгеге тең болады.

Мүгедектердің жәрдемақысы ұлғаяды

2022 жылы Қазақстанда мүгедектік бойынша ай сайынғы жәрдемақының мөлшері артады.
  • I топ – 69 155 теңге (2021 жылы бұл сома 65 860 теңгені құрады);
  • II топ – 55 108 теңге (52 483 теңге болды);
  • III топ – 37 459 теңге (35 675 теңге болды).
16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 50 426 теңге төленеді. 2021 жылы оның мөлшері 48 023 теңге еді.
Сондай-ақ бала кезінен мүгедектерге, 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 43 222 теңгеден 69 155 теңгеге дейін (тобына қарай) жәрдемақы беріледі.

Асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жәрдемақы  

2022 жылы Қазақстанда асыраушысынан айырылуына байланысты ай сайынғы жәрдемақы мөлшері де өседі.
  • отбасының еңбекке жарамсыз бір мүшесі болған жағдайда – 30 976 теңге;
  • еңбекке жарамсыз екі адам болған жағдайда – 53 667 теңге (бүкіл отбасына);
  • үш адам болса – 66 634 теңге;
  • төрт адам үшін – 70 596 теңге;
  • бес адам үшін – 73 117 теңге;
  • алты және одан көп – 75 998 теңге.
Ата-анасынан айырылған жетім балалар ай сайын 42 501 теңге жәрдемақы алады.

Зейнетақы жаңаша төлене бастайды

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда ай сайынғы төлемді есептеу әдістемесі өзгеретін зейнеткерлер тізімі кеңейеді. Енді бұл тізімге 2018 жылдың 1 қаңтарынан 2021 жылдың 31 наурызына дейін зейнетақы ала бастаған қазақстандықтар кіреді.
Жаңа әдістемеге сәйкес, зейнеткердің ай сайынғы төлемі жыл сайын өседі.
"Бұрынғы жүйе бойынша азамат алдымен өз жинағынан үлкен сома алып отырды. Жыл өте келе зейнетақы жинағының сомасы төмендеп, ай сайынғы төлемдердің көлемі азайып қалатын", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығындағылар.
Оқи отырыңыз: БЖЗҚ төлемдерін есептеу өзгереді: зейнетақы өсе ме
Енді БЖЗҚ әдістемені өзгертті: зейнеткерге бастапқыда аз сома төленеді (ескі әдістемемен салыстырғанда), бірақ жыл сайын бұл сома 5%-ке өсіп отырады.
"Егер бұған дейін төлемдер уақыт өткен сайын азайса, қазір керісінше ұлғая түседі. Екі әдістеме де жинақ таусылғанға дейін төлем жасалуын қарастырады", - деп түсіндірді қауымдастық.

Қазақстандық полицейлер жаңа форма киеді

Қазақстан полицейлері 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа қызметтік форма киеді.
Жаңа форманы, ең алдымен, патрульдік полиция жасағы мен инспекторлар алады. Қызметтік киімді "Еңбек" РМК тігіп жатыр.
"Біріншіден, бұл жұмыспен қамту, екіншіден, өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Әрине, олар бәрін бір күнде тігіп бітіре алмайды, сол себепті біз конкурс құжаттамасын, мемлекеттік сатып алуды ескеріп, форма 2022 жылдың 1 қаңтарында дайын болады деп болжап отырмыз", - деп мәлімдеді бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
© Photo : polisia.kzПолицейлер киетін кроссовка
Кроссовки, новая полицейская форма - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.02.2022
Полицейлер киетін кроссовка
ІІМ екі жыл ішінде бүкіл полицейге жаңа форма кигізуді жоспарлап отыр.
Полицияның жаңа формасы барынша ыңғайлы, оны дайындау барысында əртүрлі климаттық жағдай ескерілген. Жазғы, маусымдық және қысқы киім үлгілерінің бәрінде "POLISIA" жарық шағылыстырғыш жазуы бар. Сондай-ақ полиция қызметкерлері кроссовка киеді. Ал металл бұйымдар – жетондар, эмблемалар, жұлдыздар тоқыма бұйымдарына ауыстырылды.

Google салығы

2022 жылдан бастап Қазақстанда Google салығы пайда болады. Цифрлық салықты ел қазынасына шетелдік интернет-компаниялар (мысалы, Google, Facebook, Netflix) төлейді.
Қызметтер мен тауарларын онлайн платформа арқылы сататын барлық шетелдік компания Қазақстан бюджетіне қосымша құн салығын төлеуге міндеттеледі. ҚҚС мөлшерлемесі сатылған тауарлар мен қызметтер сомасының 12%-ін құрайды.
Бұл жерде музыканы ақылы тыңдау, электронды кітаптар, компьютерлік ойындар, бағдарламаларды пайдалану құқығын сату туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ салық маркетинг пен жарнама саласына да қолданылады. Қарапайым қазақстандықтарға жаңа салықтың қатысы жоқ.
Ұлттық экономика министрлігі Google салығынан ел бюджетіне жыл сайын 2 миллиард теңге түседі деп болжап отыр.

Утилизациялық алым артады

Қазақстанда 2016 жылдан бері автокөлікті елге кіргізу үшін міндетті утилизациялық алым төленеді.
Утилизациялық алымды автоөндірушілер, ресми импорттаушылар және Қазақстанға көлік кіргізгісі келетін жеке тұлғалар төлеуге міндетті. Алым техниканы есепке қойғанға дейін төленеді.
Оқи отырыңыз: Барыс жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр – нумеролог болжамы
Утилизациялық алымды есептеу үшін коэффициентті (қозғалтқыш көлемі мен көлік категориясына байланысты) базалық ставкаға (мөлшері АЕК-ке байланысты) көбейтеді.
Базалық ставка 50 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 2022 жылы 1 АЕК 3 063 теңгеге тең. Осылайша 2022 жылы базалық ставканың мөлшері 153 150 теңге деңгейінде белгіленді.
Мәселен, 2022 жылы жеңіл автокөлік үшін (қозғалтқыш көлемі 1 000 см3) утилизациялық алым 459 450 теңге болады.

Майнерлер салық төлейді

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап цифрлық майнингке салық салынады. Енді Қазақстанда жұмыс істейтін майнингтік фермаларға тұтынған электр энергиясының әр 1 киловатт-сағатына 1 теңгеден төлеуге тура келеді.
Бұл өзгерістер Салық кодексіне енгізілген түзетулерде қарастырылған.
Биыл күзде Қазақстанның бірнеше өңірінде электр қуатын жеткізу бойынша шектеу енгізілді. Билік бұл проблема майнинг фермаларының қызметімен байланысты екенін мәлімдеді. Энергетика министрлігінің ақпаратынша, "сұр" майнерлер шамамен 1200 МВт-қа дейін электр энергиясын тұтынады.

Темекі қымбаттайды

1 қаңтардан бастап бір қорап темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы – 520 теңгеден 550 теңгеге дейін өседі. Мұндай баға 2022 жылдың 30 маусымына дейін сақталады. 
Оқи отырыңыз: 2022 жыл: дастархандағы тағамдар жылдың сәтті өтуіне қалай әсер етеді
Осыдан кейін әр жарты жыл сайын темекінің ең төмен бағасы кезең-кезеңмен, 2023 жылы 600 теңгеге дейін өседі.
Жаңалықтар
0