Қоғам

"Қаралы жылдар тарихта қалды": Барыс жылы қазақ үшін қандай болған

© Sputnik / Тимур БатыршинАлматы, 2022 жыл
Алматы, 2022 жыл - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.12.2021
Жазылу
Барыс жылы халық түсінігінде жайлы жыл саналады. Ал тарихи деректерде барыс жылы соғыс басталған, ел көтеріліп, біраз адам құрбан болған
АЛМАТЫ, 29 желтоқсан – Sputnik. 2022 жыл - барыс жылы. Он екі жылда бір келетін жыл халықтың таным-түсінігінде жайлы жыл саналады. Алайда тарихқа сүйенсек, барыс жылы халықтың басынан бірқатар қиындық өткен. Sputnik Қазақстан тілшісі тарихшылардың пікіріне сүйеніп, бұған дейін барыс жылы қалай өткенін, халық дүниетанымында бұл жыл несімен ерекше екенін білді.

Қазақша жыл қайыру

Жердің күнді бір айналып шығуы "жыл" деп аталады. Қазақтың халық тәжірибесінде жыл санаудың негізіне мүшел алынады. Бір мүшел 12 жылдан тұрады. Жыл есебін жүргізу ерте кезде басталса керек, зерттеушілер мұны дінмен байланыстырмайды. Мүшел бойынша жыл санауда жылдың басы – тышқан. Одан әрі қарай сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз жылы келеді.
Халық тарихи оқиғаларды, табиғи құбылыстарды ескеріп әр жылды бір шумақ өлеңмен сипаттаған.
Тышқан жылы – тыныштық
Сиыр жылы – сыйлық
Барыс жылы – бірлік
Қоян жылы – қамбалы
Ұлу жылы – үлгілі
Жылан жылы – жайлы
Жылқы жылы – жұтсыз
Қой жылы – құтты
Мешін жылы – мерейлі
Тауық жылы – табысты
Ит жылы – игілік
Доңыз жылы – дүниелі, деген.
Осылайша бір мүшел толған соң екіншісі қайталана береді. 12 жылдың қайталанып отыруын қазақ халқы "жыл қайыру" деп атайды.

Тарихта барыс жылы несімен есте қалды

2022 жыл – барыс жылы. Барыс – сиыр жылынан кейін, қоян жылынан бұрын кіретін мүшел есебінің үшінші жылы. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде барыс жылын жолбарыс жылы деп те атайды.
Барыс жылы 20 ғасыр басталғалы 1902, 1914, 1926, 1938, 1950, 1962, 1974, 1986, 1998, 2010 жылдары болды.
Тарихи деректерге сүйенсек, бұл жылдарда соғыс та басталған, бұл жылдары халықтың өмір сүру деңгейі де артқан. Тәуелсіздік алған жылдары елеулі оқиғалар да болған. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы Болат Сайлан айтты.
"1902 жыл қазақ халқында елеулі өзгерістер болды деп айта алмаймыз. Себебі ол кезде 20 ғасырдың басталған кезі, біз патшалық Ресейдің құрамында болдық. Ол кезде патша үкіметіне қарсы түрлі үйірме ашылып, күрестер басталды. Бұл жылды саяси ояну кезеңі деп атауға болады. Қазақтарда сауаттылық дамыды деп айтуға ерте, бірақ көзі ашық зиялы қауым білім алып, тәжірибе жинады. Сондай-ақ бұл жылды патшалық Ресейдің саясатына араласа бастау кезеңі деп атауға болады. Ал халық тек өзгеріс күтіп отырды", - дейді тарихшы.
1914 жыл – тарихта есте қалатын жыл, бұл дүниежүзілік соғыс басталған жыл. Ресей бұл соғысқа дайындықсыз кірісті. Қазақсан бұл соғысқа тікелей қатыспағанымен, Ресей азық-түліктің бәрін Қазақстаннан алды. Түркістан өлкесінің өзінен 70 мың жылқы, 13 мың түйе жіберілген. Соғыста Ресейдің экономикалық жағдайын көтеру үшін көптеп жәрдем берді, халыққа ауыр тиді. Соның зардабы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне алып келді, дейді маман.
Айтуынша, 1926 жылдары қазақ халқы кеңес үкіметінің құрсауына кіріп, большевиктердің жетегінде кетті. Бұл жыл 1921 жылдармен салыстырғанда қазақ халқының еңсесі көтерілген кезең болды. Себебі Ленин бастаған большевиктер жаңа экономикалық саясат қабылдап, азық-түлік салғыртын салыққа алмастырып, шаруаларға еркіндік берген. Қазақстанда егістік жері ұлғайып, мал басы көбейген. Сонымен қатар сауатсыздыққа қарсы күрес, әйелдер теңдігі мәселесі де осы жылдары көтерілді.
"Келесі барыс жылы 1938 жылы болған. 1937-1938 жылдар - қазақ тарихындағы қаралы жылдар. Өйткені Сталин бастаған әкімшіл-әміршіл жүйе өзінің репрессия саясатын жүргізді. 1938 жылы қазақ халқының ішінен шыққан қаймақтары репрессия құрбаны болып кетті. Бұл қазақ халқының үрейленген, қамауға алынған жылдар ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ олардың түрмеге тоғытылып, лагерлердің жүйелі жұмыс істеген жылдары", - дейді Болат Сайлан.
Тағы араға 12 жыл салып қайта келген барыс жылы 1950 жылға түсті. Бұл Сталин билігінің соңғы жылдары. Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі шығынның орнын толтыру жылдары ретінде белгілі.
Оқи отырыңыз: Барыс жылы қазақстандықтарды не күтіп тұр – нумеролог болжамы
"Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор шығын алып келді. Елуінші жылдар – ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтіру жылдары. Қазақ халқы соғыста қираған қала, колхоз, совхоздарды қайта тұрғызу үшін жатпай-тұрмай еңбек еткен, халық шаруашылығы үшін күрескен", - дейді тарихшы.
Ал 1962 жыл қазақ халқына оңай бола қойған жоқ. Бұл жыл қазақ халқының біраз жерінен айырылып қалуымен тарихта қалды. Хрущев қазақ жерін талан-таражға салу үшін күрес жүргізді. Соның салдарынан Оңтүстік Қазақстанның біраз аймағы Өзбекстанға өтіп кетті.
1974 жыл тоқырау уақыты деп саналады, бұл жылдары қазақ тарихында аса маңызды өзгерістер болмаған.
"1986 жыл – Желтоқсан оқиғасы болған жыл, биыл 35 жыл болды. Колбин билікке келгенге дейін біраз мәселе қордаланып қалған еді, оның ішінде экологиялық, әлеуметтік-экономикалық тоқырау, колхоз бен совхоздың шығынға батуы бар. Осының бәрі жиналып қалған кезеңде биліктегі адам ауысып, Желтоқсан көтерілісі болды. КСРО-ның іргесінің сөгілуіне алғашқы соққы болды деп атауға болады. Қазақ халқына тағы бір ауыр тигені – Желтоқсан оқиғасында қаншама адам құрбан болды, қаншама адам қуғынға ұшырады. Өйткені 99 адам сотталды, 12 жоғары оқу орнының ректоры қызметінен кетті, қаншама жас оқуынан шығарылды, қаншама адам партия қатарынан шығарылды. Бұл қазақ халқы үшін мұңды жыл", - дейді ол.
Одан кейінгі барыс жылы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде келді.
"1998 жылдары Қазақстан нарықтық экономикаға бет бұрған мемлекет ретінде танылды. Дәл осы жылы Қазақстан ордасы Сарыарқаның төріне қонды. Жаңа астанамен жаңа өмірдің басталған кезеңі. Ал одан кейінгі барыс жылы 2010 жыл келеді екен. Бұл жылдың ең елеулі оқиғасы Қазақстан Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толмаса да, әлемге таныла бастаған мемлекет болды. Қазақстан ТМД мемлекеттері ішінде алғаш болып Еуропалық қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының саммитін өткізуге төрағалық етті", - дейді Болат Сайлан.
Тарихшының айтуынша, барыс жылы Қазақстан тәуелсіздік алғалы жаман өтіп жатқан жоқ. Қазақстан барыс жылында барыс секілді күрескерлігінің арқасында көздегеніне жетіп жатыр.
"Кеңестік кезеңде билік тізгіні өз қолымызда болмағандықтан, барыс жылының барлығы дерлік жақсы өтті деп айта алмаймын. Өйткені көптеген қиындық болды, қаншама қуғындау бастан өтті. Өз алдына мемлекет болмаған соң, сырттан басқарылғандықтан жылға, дәстүр, менталитетке қараған жоқ. Елді басқа тарап билегендіктен барыс жылында бәрінің басына бақыт қонды деу артық болады. Яғни, тарихи оқиғалар, елдің басынан өткен аумалы-төкпелі заман барыс не сиыр жылы деп қараған жоқ", - дейді тарихшы.

Қандай символдық мәні бар 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті археология, этнология және музеология кафедрасы профессоры Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, қазақ  дүниетанымында барыс жылы жайлы жыл болып есептеледі.
"Шығыс халықтары күнтізбесінде он екі жылдық мүшелдің әрқайсының өзіндік маңызы мен ерекшелігі бар. Халық арасындағы аңыз бойынша хайуанаттар иеленген 12 жыл атауын немесе болмысын түйеден алған делінеді. Яғни, түйе өз денесін 12 хайуанға бөліп берген. Халық дүниетанымы бойынша барыс жылы түйенің кеудесін алған. Қазақ халқының күнтізбелік білімінде барыс жылы жайлы жыл болып есептеледі. Халық барыс жылында қоғамда үлкен өзгерістер болады деп күткен", - дейді Тәттігүл Қартаева.
Айтуынша, барыс – қазақ халқы және өзге де бірқатар халық үшін символдық мәні бар жыртқыш аң.
Оқи отырыңыз: 2022 жылы халықтың әл-ауқаты нендей күйде болады – экономистер болжам жасады
"Есіктен табылған Алтын адамның белдігінде, өн бойында барыс бейнеленген құйма өте көп. Темір дәуірінің ескерткіштерінде де барыс бейнесі көп кездеседі. Бұл байырғы тайпалар үшін барыстың қасиетті символ болғанын дәлелдейді. Ол кейінгі кезеңде де жалғасын тапты. Мысалы, ортағасырлық тиындарда барыстың жоғары қарай ұмтылып бара жатқан, секіргелі тұрған бейнелері көп кездестіруге болады. Монетада барыстың кездесуі оның билік атрибуты болғанын көрсетеді", - дейді маман.
Сонымен қатар Түркістанда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігінің қоладан құйылған құтқасында үш барыс бейнеленген. Бұл орта ғасырларда барыстың тарихи дәуірдегі символын айқындай түседі.
Жаңалықтар
0