Білім

ҰБТ-2022: тест тапсыру кезінде кімдерге қосымша уақыт беріледі

© Photo : Минобразования РКЕНТ-2020
ЕНТ-2020 - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.12.2021
Жазылу
Сондай-ақ келесі жылы тестілеу "1 компьютер – 2 камера – 1 тест тапсырушы" қағидасы бойынша өтеді
НҰР-СҰЛТАН, 28 желтоқсан — Sputnik. Ұлттық тестілеу орталығы ерекше күтімді қажет ететін талапкерлер үшін бірқатар шара қабылдады. 2022 жылы көру, есту, тірек-қимыл қызметі бұзылған абитуриенттерге тест тапсыру кезінде қосымша 40 минут беріледі.
Олар 4 сағат 40 минут (яғни, 280 минут) бойы ҰБТ тапсыра алса, басқа абитуриенттер үшін белгіленген уақыт 240 минутты құрайды, деп хабарлады білім және ғылым министрлігі.
"Біз өз жұмысымызда талапкерлердің мүдделерін басты орынға қоямыз. Сондықтан ҰБТ-ны жылына бірнеше рет өткізіп келеміз. Тест тапсыру барлық абитуриент үшін қолайлы болуын қарастырып жатырмыз. Сол себепті ерекше білім беруді қажет ететін талапкерлер үшін тест тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды", - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар абитуриенттерге арналған тапсырма мазмұнына да өзгерістер енгізіледі. Олар үшін сурет, диаграмма және сызба жоқ тест тапсырмалары әзірленді. Біраз бұрын білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осындай тапсырма берген болатын.
"Бұл өзгерістер олардың ҰБТ тапсыруын айтарлықтай жеңілдетеді", - деп түсіндірді Емелбаев.
Сондай-ақ келесі жылы тестілеу "1 компьютер – 2 камера – 1 тест тапсырушы" қағидасы бойынша өтеді.
Оқуға түсуге үміткер отырған орында негізгі камерадан бөлек оның қозғалысын тіркеу және дыбысты жазуға арналған қарсы камера орнатылады. Қарсы алдыдағы камера абитуриенттің жеке тұлғасын сәйкестендіру жүргізуге мүмкіндік беріп, ҰБТ-ға басқа адамның кіруіне жол бермейді. Сондай-ақ бұл емтихан тапсыру барысын бақылау және тестілеудің әділ өтуін қамтамасыз ету үшін қажет.
ҰБТ-2022 аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да заң бұзушылықтар анықталған жағдайда талапкердің тест нәтижесі жойылады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 2022 жылы да электронды форматта өтеді. Талапкерлер дәстүрлі түрде үш міндетті пән – Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырады.

Оқи отырыңыз: 

 
Жаңалықтар
0