18:30 30 Қараша 2021
Тікелей эфир
  • USD433.74
  • EUR489.52
  • RUB5.78
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
7253 0 0

Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, елордадағы білім беру орталықтарының бірінің басшысына үкім шығарды

НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Елорда соты Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) кезінде жалған құжат жасады деп айыпталған білім беру орталығының басшысына қатысты үкім шығарды.

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық соты жалған құжат жасады деп айыпталған "140+1 білім беру орталығының" басшысы Нұрбек Қанайға қатысты үкім шығарды.

"2021 жылдың жазында оқушыларға ҰБТ-дан жоғары балл жинап беріп, білім беру орталығының атын шығару мақсатында кеңсе техникасын пайдалана отырып, тестілеуден өтіп жатқан төрт мектеп түлегінің жеке куәліктеріндегі фотосуреттерді ҰБТ-ға дайындалып жатқан басқа тұлғалардың фотосуреттеріне ауыстырған", - деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, тәркіленген кеңсе жабдықтарымен, жалған құжаттармен, жеке куәліктердегі фотосуреттерді ауыстыру туралы сот-техникалық қорытындылармен дәлелденді.

Сот жазаны жеңілдететін шын жүректен өкіну сияқты мән-жайларды назарға алды.

Нәтижесінде сот Қанайға пробациялық бақылау орната отырып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

ҰБТ-да болған дау

Биыл маусым айында әлеуметтік желіде Тұрсынбек Қабатовтың қызы үшін ҰБТ-ны басқа адам тапсырды деген ақпарат тарады. Осы ақпаратты жариялаған заңгер Абзал Құспанның айтуынша, ҰБТ-ны Әдемі Аманғалидың орнына университеттің 2-курсында грантта оқитын студент тапсырған.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті 13 маусым күні болған оқиғаны растады. Тергеу кезінде жалған жеке куәлік жасаған 22 жастағы күдікті ұсталды. Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Артынан Тұрсынбек Қабатовтың өзі әлеуметтік желіде видео жариялап, өзі де, отбасы да алаяқтық туралы білмегенін, бұл тестке дайындайтын орталықтың ісі екенін айтты.

Оқи отырыңыз: "Неге ондай тірлікке бардың?": Басы дауға қалған Қабатов видео жариялады

Әзілкештің қызы мектепті "Алтын белгімен" бітірген. Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы оның мектепте жоғары нәтиже көрсеткенін және шынымен де жылдық қорытынды бойынша "Алтын белгі" иегері атанғанын растады.

Кілт сөздер:
Тұрсынбек Қабатов, ҰБТ, сот үкімі
Загрузка...

Басты тақырып