Дерекқор

Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары

© Sputnik / Тимур БатыршинИскусная резьба на грифе кобыза на выставке традиционных национальных инструментов в Алматы
Искусная резьба на грифе кобыза на выставке традиционных национальных инструментов в Алматы  - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2021
Жазылу
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Қазақтың ұлттық аспаптары дыбыс ерекшелігіне қарай ішекті-шертпелі, үрмелі, ұрмалы деп бөлінеді. Ішекті-шертпелі аспаптарға домбыра, жетіген, шертер, қылқобыз жатады. Үрмелі аспаптар – қамысты қос сырнай, саз сырнай, үскірік, тастауық, керней, сыбызғы. Ұрмалы аспаптар қатарында кепшік, даңғыра, дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, асатаяқ, қоңырау бар.

Нағыз қазақ – домбыра

Қазақ ежелден қуаныш пен қайғыны, жақсылық пен жамандықты қара домбыраның үнімен жеткізген. Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер домбыраның ежелгі түркі дәуірінде пайда болғанын көрсетеді. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.

Белгілі түркітанушы ғалым Сартқожа Қаржаубайұлының зерттеу дерегі бойынша Моңғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі. Әрі саз аспабының мойнында ежелгі түріктің руна жазуы бар. Шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, пернелері ағаштың қабығынан таспаланып тілініп  жапсырылған, басы бұғы мен бұланның басына ұқсас және ол тас бетіндегі ежелгі түрік ескерткіштерінен көп айырмашылығы жоқ. Табылған саз аспабының пішіні бүгінгі күнгі алтай домбырасына ұқсас. Зерттеуші-ғалым бұл жәдігерді б. з. 5-6 ғасырға жатқызады.

Алматы облысында "Майтөбе" жайлауынан жоғарғы тау шатқалындағы көптеген суреттің арасынан тастан қашалған көне домбыраның суреті табылған. Бұл тастағы суретті 1986 жылы белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы тауыпты.

"Домбыра" сөзінің шығу тарихы

"Домбыра" атауының шығу төркініне қатысты талас-тартыс көп. Түркі тілдес халықтарда домбыра тектес шертпелі аспаптарды қазақ, ноғай, өзбек, башқұрт – домбыра, тәжік – домбурак, бурят – домбро, моңғол – домбор, түрік – томбра, телеуіт – комыс, шор – қобус, қырғыз – қомуз, қырым татарлары – қобуз, хақас – хомус, алтай – топшур, тува – топшулур, түрікмен, қарақалпақ, ұйғыр – дутар деп айтады.

© Sputnik / Қарлыға БүйенбайШебер Нұржан Ділмәнов домбыра ағашын өлшеп жатыр
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2021
Шебер Нұржан Ділмәнов домбыра ағашын өлшеп жатыр

Кей деректерге сүйенсек, "домбыра" сөзі көне шумерден аударғанда "кішкене садақ" деген мағынаны білдіреді. Ал академик Ахмет Жұбановтың айтуынша, "домбыра" сөзі "қозы құйрық" сөзімен байланысты "дунбаһ" және "бурра" деген қос араб сөздерінен шыққан. Ғалым шамасы домбыраның шанағының сүйірленіп барып, қозы құйыршықтанып бітетінін негізге алған болуы керек.       

Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі "дөп бұра", "дәл бұра", "дем бұра" деген сөздердің тізбегінен жасалған.

Тағы бір деректерде "домбыра" атауы "дом+бұра" деген сөздерден шыққан делінеді. "Дом" сөзі қазір "домығып, ісініп кету" мағынасында қолданылып жүр. Ал "бұра"  "күйге келтір" дегенге саяды.

Домбыра түрлері

Домбыра әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, ән-жыр, күй мектебі мен өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған.

Мәселен ән-жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасында 20-дан астам перне болады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі.

Домбыра негізінен екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар.

Олардың бірсыпырасы:

  • ән мен күй домбырасы,
  • торсық,
  • тұмар,
  • кең шанақты,
  • балдырған,
  • балашық,
  • шіңкілдек,
  • аша,
  • үш ішекті,
  • қуыс мойын,
  • шертер.

Оркестр домбыралары:

  • қоңыр дауысты (альт),
  • жіңішке дауысты (прима),
  • ащы дауысты (секунда),
  • бас домбыралар.

Қобыз – қазақтың ең көне аспаптарының бірі

Қобыздың мойны имек, шанағы ожау тәрізді қуыс, бет жағы ашық, ал түбі көнмен қапталады. Қобыздың ішегі мен садақ тәрізді ысқышы жылқының қылынан тағылады. Ертеде қобыз үлкен бүтін кептірілген ағаштан жонып жасалған.

Қобыздың екі ішегіне және ысқышына аттың құйрығының қылы тағылады. Соль ішегіне 50-60 шақты, ре ішегіне 60-70 шақты қыл таққан. Қылды қобыздың бойына жететіндей етіп талдап алады, жылы сумен сабындап жуып, екі күндей үй температурасында кептіреді. Содан кейін топтастырып, байлап, қобызға тағады. Тиектің соль ішегі тұрған шеті қобыздың қырына орналасады, ре ішегі тұрған шеті терінің үстінде тұрады. Садақ тәрізді ысқышына 200 шамасында қыл тағылады.

© Sputnik / Тимур БатыршинҚобыз
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2021
Қобыз

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қорқыт аспабы ұлттық аспап ретінде қайта жанданды. Соған байланысты қобыз қайтадан жабдықталды. Қосымша ішек орнату арқылы диапазоны кеңейіп, дыбыс сапасы өңделе бастады. Қобыздың жалпы түрі, формасы жақсарды.

Аспапты тарту техникасы жетілдірілді, үн шығару мен тарту шеберлігін арттырды. 1956 жылдан бастап қобызды қайта жабдықтау қажеттілігіне байланысты оған төртінші ішек тағылды. Соған байланысты орындаушылардың мүмкіндігі молайды, жаңа туындылар дүниеге келді.

Қазір қобыздың екі түрі бар – екі ішегі қылдан жасалған, нәзік қоңыр әуенді байырғы қылқобыз, екіншісі – темір сым мен қой ішегі тағылған, төрт ішекті жіңішке дыбысты қобыз.

Екі ішекті қылқобыз күйлерді халық дәстүрі бойынша орындауға мүмкіндік береді. Ал төрт ішекті қобыз халық музыкасымен бірге классикалық шығармаларды орындауға бейімделген.

Қобыз құрылысы

Қобыздың екі құлағы болады, одан төмен кіші тиек орналасады. Құлағы мен кіші тиек тұрған жерді қобыздың басы деп атайды. Екі ішегі Ккші тиекке байланып тұрады. Ол қобыздың мойны арқылы қобыздың шанағына түседі. Ол жерде үлкен тиектен өтіп, түймесіне байланады. Қобыздың мойнынан кейін ойықша орналасады, оны желдік деп атайды. Желдіктен мойнына қарай жазық ағаш тұрады, оның үстіне үлкен тиек орналасады, аспаптың ол бөлігін қапталған тері деп атайды.

Қобыз ысқышы төрт бөліктен тұрады. Басына қыл ішек байланып, тұтқасына дейін тартылады. Ысқышты ұстап тұратын таяғы болады.

Жетіген туралы мәлімет

Жетіген – көп ішекті ұлттық музыкалық аспап. Алайда бұл аспаптың атауына қатысты даулы пікірлер бар. Ғалымдардың бір парасы аспапты "ятагаң", "етиген", "етиге", "джатыған" деп атайды. Қазақ халқының аспапты "жетіген" деп атауы музыкалық аспаптың жеті ішегі болуына байланысты.

Жетігеннің пайда болуы жайлы аңызда "ерте заманда жұт салдарынан қайтыс болған жеті баласының құрметіне қу ағашты ойып, сорлы әке әр баласына арнап бір-бір ішек тағып, күй шығарып, балаларын жоқтаған екен. Ұлдары Қанияға  "Қарағым", Торалымға "Қанат сынар", Жайкелдіге  "Құмарым", Бекенге "От сөнер", Хауасқа "Бақыт көшті", Жүлзаға "Күн тұтылды" күйлерін арнаған. Соңғы баласы Қияс қайтқанда "Ақырғы" күйін тартқан екен. Осы күйлер "Жетігеннің жетеуі" деген атпен ел арасында таралған" делінген.

Жетіген қалай өзгерді

Жетіген ішін ұңғылап жасаған ағаш қорап секілді, ұзындығы көбіне бір жарым-екі аршын (аршын – метрге тең ұзындық өлшемі) шамасында болады. Ал ені аршынның төрттен біріндей, биіктігі аршынның сегізден бір бөлігіндей болған. Музыкалық аспаптың бір бүйірі ашық, екінші бүйірі жабық болып келеді. Жабық бүйірге жуандығы әртүрлі сым (ішек) тығылады, олардың әрқайсының астында екі тиектен болады. Аспапта шерттен кезде жіңішке ішектері бері тартылады, оны екі қолмен ұрғылайды. Бір қолымен дауысқа ыңғайлы шертеді де, екіншісімен тиектен біршама жерден мұңды, әрі дірілдеп шығатын дыбыс шығарады.

© Sputnik / Тимур БатыршинЫқылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2021
Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейі

Ертедегі жетіген үй жабдығының бірі – астау тәрізді болған. Аспаптың құлақ, қақпақ, тиек секілді бөлігі болмаған, ішектер аспаптың сырт жағына қолмен керіліп байланған.

Ал қазіргі жетігеннің әрбір ішегіне құлақ тағылған. Қазақтың ұлттық аспаптарын зерттеп, оны жетілдірумен айналысқан маман Болат Сарыбаевтың шеберханасында жетігенге өзгеріс енгізілді. Алғашқы нұсқада жетігенде 13 ішек болып, одан 20 дыбыс шығарылып, диапазоны 1,5 октава болды. Ал өзгеріске ұшыраған соң жетігеннің ұзындығы – 1,6 метр, шанағының ені – 25 см, екі тар бөлігі – 21 см, шанақ биіктігі – 9 см, жоғарғы қақпағының қалыңдығы – 3-3,4 мм болды.

Екінші рет өзгертілген аспаптың дауысы күшейтілді, неғұрлым әуезді бола түскен. Бұл жолы аспаптың шанағы 18 см-ге ұзартылған.

Үшінші рет өзгеріс енгізілген кезде жетіген диапазоны екі оттавалық аспапқа айналған. Диапазоны кварта интервалына кеңеюі үшін дыбыс қатарынан төменгі бөлігіне бес ішек қосылған. Мұндай өзгеріс жетігеннің орындаушылық мүмкіндігін жақсартып, күрделі музыкалық шығармаларды орындауға мүмкіндік берді.

Сыбызғы туралы тарихи деректер

Сыбызғы – қазақ халқының төл аспаптары қобыз, домбырамен қатар аталатын ұлттық үрмелі саз аспабы.

Сыбызғы үрмелі аспаптардың көне түріне жатады. Тарихи деректерде сыбызғының 17-19 ғасырларда қазақ даласында кең тарағаны туралы айтылады.

Орыс зерттеушісі Алексей Левшин 1932 жылы Санкт-Петербургтан шыққан "Описание киргиз-кайсацских орд и степей" деген еңбегінде "қылқобыз және сыбызғы қазақтың басты аспаптарының бірі " деп жазған.

Ал кей деректе "они имеют так называемые сыбызғы, сделанные из толстой стволистой травы и деревянные, обвитые толстою нитью с несколькими дырками" деп кездеседі.

© Photo : сайт "Silk Road Adventures"Казахский духовой инструмент сыбызгы
Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптары - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2021
Казахский духовой инструмент сыбызгы

Ертеректе қазақ сыбызғышылары көп жағдайда сыбызғыны қурайдан, қамыстан жасап тартқан. Ғалым Құдайберген Жұбанов "қазақтың инструментінің біреуі "сыбызғы". Жұрнақ түріндегі "сыбызғы" сөзі ұяң дауыспен айтылған түрінде, мұндағы "з" дыбысын қатаң "с" дыбысына айналдырсақ, "сыбыс" болады.

"Сыбыс" қазақша "дыбыс" дегеннің бір баламасы, сонымен қатар бұл сыбызғы қамыстан, қурайдан жасалатын болғандықтан, қамыс та алғашында осы сөзбен аталып кеткен. Қазақша қамыстың бір аты сыбыс. Көп жерде бұл сөз сақталмаған. Бірақ ұзын бойлы жіңішке нәрсені таныту түріндегі сын есім "сиди" түрінде пайдалану әр жерде бар. Сөйтіп "сыбызғы" деген сөз, бірінші жағынан, дыбыс, екінші жағынан, сол дыбысты шығаратын аспаптың аты болса, үшіншіден, сол құрал жасалатын зат – қамыстың аты болады", деп жазған.

Сонымен қатар алтай халқының да "сыбысқы" және хакас халықтарында "сыбысха" деп аталатын үрмелі аспаптары бар.

Сыбызғы қалай жасалады

Сыбызғының дәстүрлі үлгісі қурай өсімдігінен жасалады, аспапты жасауға қара қурай, өгіз қурай, қырлы қурай түрлері пайдаланылған. Сыбызғышылар сыбызғыны қурайдан өздері жасап алып тартқан және оны жасау әдіс-тәсіліне әрбір өнерпаздың өзіндік өлшемі, өз заңдылығы болған.

Аспапты жасау үшін жаздың соңғы айларында, күз уақыттарында әбден өсіп жетілген өзегі кеңейіп, буыны қатайып кепкен түзу қурайлар пайдаланған. Қурайды кей сыбызғышы қолының ұзындығымен өлшеп кесіп алатын болған, енді бір өлшемнің түрі өнерпаз-шебер өз тұтамын өлшем етіп алты тұтам, жеті-сегіз тұтам етіп қурайды кесіп алған.

Сыбызғының тесік-ойығын оюдың да өз ерекшелігі бар. Бірінші ойық қурайдың жіңішке ұшынан алақанның еніндей жоғары қарай ойылады, ол төрт елі болады. Екінші ойық бірінші ойықтан жоғары қарай үш елі өлшемінде ойылады, келесі үшінші ойық екінші ойықтан екі немесе кейде екі жарым елі өлшемдерінде ойылады.

Бабымен жасалған сыбызғы сыртынан сойылған малдың өңешінің ақ шелімен немесе жас төлдің аш ішегімен қаптайтын болған. Мұндай сыбызғының үні таза, ыстық-суыққа берілмейтін және ұзақ уақытқа дейін шыдайтын. Қурай сыбызғыны тартқанда орындаушылар қурайдың өзегін сумен бүркіп отырған.

Себебі қурайдың іші кеуіп, қаңсып кетуіне байланысты дыбыстың біркелкі шығуына, бояуына кедергі жасайды. Қурайдан жасалған сыбызғының дыбысы әуезді-жұмсақ әрі табиғи болып шығады.

Шертер туралы не білеміз

Кеңінен тараған аспаптың бірі – шертер. Ескі деректерге қарағанда шертердің құрылысы мен формасы негізінен домбыраға ұқсас болған, мойыны қысқа, қыл ішек тағылған, үлкендігі қобыздай болған. Қырғыздың қомузы секілді шертер де пернесіз болған. Абай ауылдарында кездесетін домбырадай үш шекті, беті қобыздағыдай көн терімен қапталған. Шертердің құрылысы қобызға көбірек ұқсас екендігін байқау қиын емес. Мойыны имектеу, басында шайтан тиегі жоқ, құлақтардың жасалуы да қобызға жақынырақ.

Шертердің көрінісі қарапайым, домбырадан көріксіздеу көрінеді. Домбырадағы пернелердің пайда болуы, беті тақтаймен жабылып, шайтан тиектің пайда болуы, қой ішегі тағылы, мойыны ұзаруы кейінгі дәуірдегі дамып-жетілуіне байланысты екенін ескерсек, шертердің домбырадан бұрын пайда болған және ол домбыраның ата тегі ме екен деген ой туады делінген Алдажар Әбілов пен Раушанбек Салмановтың "Қазақ фольклоры және дәстүр сабақтастығы" еңбегінде.

Ескі деректерге қарағанда шертпелі, ысқышсыз, шертіп тартылатын шертерді халық арасында "шертпелі қобыз" деп атаған.

Қамыс сырнай және қос сырнай

Азия халықтарының арасынан табылған үрлеп тартылатын аспаптар Шығыста пайда болған көрінеді. Сырнай әу баста тұрмыста тек дыбыс арқылы белгі беру мақсатында қолданылса керек. Ал жалпы "сырнай" деп музыкалық аспаптың бірнеше түрі айтылады. Аспаптың бұл түрлері көптеген елде бар. Мұндай үрлеп тартылатын аспаптар түркі тілдес халықтарда қазіргі кезде де "най", "нэй", "сурна", "зумра", "сур", "сурма", "сарнай", "сырбаснай" деп аталады. Ертеде "най" деп аспаты атағанын ескерсек, қазақтың "сырнай" деген атауы "сыр" және "най" деген екі сөзден құралатынын бірден көрсетеді.

Кейде үрлеп ойнайтын аспаптарды атауда әртүрлі сөз қосқан, мысалы, "қамыс сырнай", "мүйіз сырнай", "қос сырнай", "саз сырнай".

Ертеректе әр орындаушы өз сырнайын өзі жасаған. Әрбір аспаптың өзіндік дыбысы және тембр ерекшелігі болады. Осындай ерекшелігіне байланысты қамыс сырнай мен қос сырнай қазақтың басқа да үрлеп тартылатын аспаптарынан өзгеше болып келеді. Аспаптардың жасалуының күрделі болуы оның әрбір түтігінің өз алдына күйге келтірілуіне байланысты. Себебі оның ішкі ауқымы бірдей болып келетін екі түтік табу өте қиын.

Аспаптың жасалуына келер болсақ, ең алдымен түтікті екі ұшын сақинаны бойлай кеседі. Тесікті жапқан кезде тілді ыңғайлы орнату үшін түтіктің ауызбен үрлейтін ұшы қиғаш кесіледі. Түтіктің ішін жіңішке шыбықпен тазалайды. Түтіктің ұшанын бес мм қашықтықта, ені 7-8 мм, ұзындығы 35-45 мм тіл ойылып жасалады. Егер түтіктен шығарылатын үнді жоғарылату қажет болса, түтік қысқартылады немесе тілді жіңішкертеді. Ал үнді төмендету қажет болса, онда түтіктің ішін қырып тазартады.

Оқи отырыңыз: Ықылас Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде қандай экспонаттар бар – фото 

Қамыс сырнай мен қос сырнайдың дыбыс қатары ондағы тесіктердің орналасуына байланысты. Бұл аспаптарда әрбір орындаушының шеберлігіне байланысты жасалынатын үштен алтыға дейін тесіктер болған.

Қамыс сырнайдың көлемі түтіктің ұзындығы – 183 мм, тілінің ұзындығы 36,7 мм, тілінің ені – 5,7 мм, тілдің түтіктің ұшынан басталғандағы қашықтығы – 11 мм, түтіктің үрлейтін жағының ішкі диаметрі – 9,7 мм, сыртқы диаметрі – 12 мм, түп жағының ішкі диаметрі – 7,3 мм, сыртқы диаметрі – 11 мм.

Тесіктер аралығындағы қашықтығына келсек, түтік ұшынан бірінші тесікке дейін – 36, 5 мм, біріншіден екіншіге дейін – 22,6 мм, келесі тетіктер осы тәртіппен 17,9 мм; 22,4 мм; 20,3 мм болып орналасқан. Бұл аспаптың көлемі шағын болғанымен, дауысы – ашық.

Керней туралы мәлімет

Үрлеп ойналатын ұлттық аспаптың бірі – керней. Бұл аспап туралы халық ауыз әдебиеті үлгілерінде айтылғанымен, қазіргі кезде бұл аспап туралы дерек жоқтың қасы. Ертегі, аңызда айтылатыны болмаса, оның нақты үлгісі жоқ.

Бұл аспаптың түйе өңешінің ішінен өткізілетін ағаш түтік екені белгілі. "Керней" деген атауы да сол өңешті ағаш түтікпен "керу" дегеннен шыққан атау болуы да мүмкін.

1974 жылы Балапан Әнесов деген кісі үш тесікті керней жасаған. Оның ұзындығы – 71 см, диаметрі – 3,2 см. Ағаш түтік ұзына бойы қақ жарылып, арасынан ауа шықпас үшін ол ішекке керіліп кигізілген.

Ұрып ойналатын аспаптар

Ұрып ойналатын аспаптың бір түрі – дабыл. Ауыз әдебиетіне жүгінсек, дабыл аспабы халық арасында жорықтарда, жорыққа шыққанда немесе қайтқанда, соғыстың басталуы мен аяқталуын анықтау уақыттарында дабыл қағу үшін пайдаланылған. Дабылдың ұрып ойналатын басқа аспаптардан ерекшелігі – оның шеңберінің екі жағына көн тері қапталынады, сондықтан оның дауысы өте зор болып келеді.

Шаман, бақсылар қолданатын дабылдың айналасына сылдырмақ сақиналар тағылатын болған. Шамасы, олар аспап дауысына сиқырлы үн беретін болған.

Мембраналы ұрмалы аспаптың қатарына кепшік пен даңғыра жатады. Дабылдан бұл аспаптардың айырмашылығы – аспаптардың бір шеті ғана көн терімен қапталады, ал даңғырада, бұған қосымша шеңбер бойының ішкі жағына әртүрлі сылдырмақтар ілінеді, кепшікке мұндай сылдырмақтар ілінбейді.

Кепшік пен даңғыра бір-біріне өте ұқсас. Ұрып ойналатын аспаптар кейде жиын-тойда би билеуді сүйемелдеу үшін де қолданылған. Қазақстан аумағында ұрып ойналатын аспаптар көбінесе оңтүстік өңірлерде жиі кездескен.

Дабыл, кепшік, даңғыраға қарағанда құрылысы жағынан күрделірек аспап – дауылпаз бен шыңдауыл. Бұл аспаптардың ауызы көн терімен қапталған. Дауылпаздың шанағы ағаштан, ал шыңдауылдың шанағы темірден жасалынады.

"Дауылпаз" сөзінің түбірін "доол-бас", тәбль баас", "тэвил ваз", "тэвл вас", "дабыл бас" деген сөзінен шыққан болуы мүмкін. Бұл аспаптар да дабыл сияқты жорықтарда дабыл қағу үшін қолданылған.

Дауылпаз туралы Әлкей Марғұлан "дауылпаз – аңшылық, саяттарда, ал шыңдауыл – әскери жорықтарда қолданылған" деген тұжырым айтқан.

Жаңалықтар
0