НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Жаңа жылда корпоратив өткізуге рұқсат беру немесе тыйым салу туралы шешімді әр өңірдің бас санитар дәрігері қабылдайды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
23 қараша, сейсенбі журналистер Цойдан биыл қазақстандықтарға жаңажылдық корпоратив өткізуге рұқсат бере ме деп сұрады.
"Әр өңірде қоғамдық тамақтану орындарында немесе концерттердегі адам санына қатысты белгілі бір талаптар бекітіледі. Өңірдің бас санитар дәрігері "қызыл", "сары", "жасыл" аймақтарға қарай қанша орынға рұқсат беретінін анықтайды", - деп жауап берді министр.
Жаңажылдық корпоративтерге рұқсат беру немесе тыйым салу туралы шешімді өңірдің бас санитар дәрігері қабылдайды.
"Егер олар, мәселен, аурушаңдықтың жоғары немесе халық көші-қонын байқаса, санитарлық талаптарды күшейту туралы шаралар қабылдайды. Бірақ тек өз өңірінде ғана", - деді Цой.
Ол қазір Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал жақсарып келе жатқанын, вирустың таралуы төмендегенін атап өтті.
"Бәріміз де қоғамға тезірек кірігіп кеткіміз келеді, әрине. Бірақ коронавирус, өкінішке қарай, әлі бар. Еуропада не болып жатқанын көріп отырсыздар, локдаун жарияланып жатыр. Көрші Ресейде де жағдай мәз емес. Былтырғы немесе жаздағы жағдай қайталанбас үшін мұқият болуымыз керек. Біз үшін қазір тезірек вакцина салдырып, тұрақты ахуалды ұстап қалу өте маңызды", - деді министр.
Цой Қазақстан вакциналау қарқыны жағынан ТМД-да бірінші орынға шыққанын атап өтті. Республика халқында біртіндеп ұжымдық иммунитет қалыптасып келеді.
Оқи отырыңыз: