НҰР-СҰЛТАН, 23 қараша – Sputnik. Мемлекет басшысы "2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешені жобасын жүзеге асыру барысын Қазақстан мен Ресей президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин қадағалап отыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстан мультимедиялық баспасөз орталығында ресейлік ғарыш агенттігінің өкілі Анатолий Красников мәлімдеді.
"Бұл жобаны жүзеге асыру мәселесі мемлекет басшыларының, екі ел басшылығының бақылауында. Бұл кейбір мәселелер шешіліп жатқан кезде бізге біршама көмек береді. Сонымен бірге белгілі бір жауапкершілік жүктейді, өйткені біз білдірілген сенімге сәйкес болуымыз керек", - деді Красников.
Роскосмос өкілі алғашқы зымыран тасығыш 2023 жылы ұшырылатынын растады, сынақ бағдарламасы жоспарланған.
Красников қазіргі уақытта бұл жобаны белсенді жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
"Оны алға жылжытуға біздің бәріміз мүдделі екенімізге сенімдімін және біз осы мүмкіндікті пайдаланып, жетістікке жетеміз", - деп түйіндеді Красников.
Естеріңізге сала кетейік, 30 шілдеде Қазақстан мен Ресей кәсіпорындары Байқоңырда "Союз-5" зымырандарын ұшыру кешенін құру туралы келісімге қол қойды.
"РКК "Энергия" ЖАҚ мен "СП "Бәйтерек" АҚ арасында келісімшарт жасау рәсімі Байқоңырда өтті.
Қазақстан "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенін жаңғырту арқылы жер үсті инфрақұрылымын құруға жауап береді. Ресей "Союз-5" және "Союз-6" зымыран тасығыштарын жасап шығарады.