Саясат

Елбасы Nur Otan партиясының төрағалығынан кеткенде не айтты

© Sputnik / Абзал КалиевЕлбасы Нурсултан Назарбаев на избирательном участке
Елбасы Нурсултан Назарбаев на избирательном участке  - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.11.2021
Жазылу
Мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды "Мәңгілік ел" ету осы ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия, деді Назарбаев

АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының саяси кеңейтілген отырысында жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын "Елдіктің жеті тұғыры" атты қағидаттар жиынтығын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар", - деді Назарбаев.

Жиын кезінде Елбасы Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылда 9,5 миллион сәби дүниеге келгенін, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген балалардың алды орда бұзар отызға келгенін айтты. Сондай-ақ жаңа буынға көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық деген баға берді.

"Біз Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Сындарлы саясат жүргізіп, әлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптастырдық. Ең бастысы бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елдігіміз қайта жаңғырды. Әлем қартасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік. Ендігі кезекте осы жетістігімізді еселеп арттыру ел ынтымағы мен тұтастығына байланысты", - деді Елбасы.

Сондай-ақ мемлекеттілікті сақтап, Қазақстанды "Мәңгілік ел" ету осы ұрпаққа жүктелетін тарихи миссия деп санайтынын айтты.

Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту

"Тәуелсіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық. Әлемде көлемі жағынан 9-орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз", - деді Елбасы.
Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту, деп толықтырды ол.

Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры

Нұрсұлтан Назарбаев этникалық әралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы екенін айтты.
"Бүгінде бірлік пен этносаралық татулықты сақтау жолында отыз жыл бойы жүргізген сындарлы саясаттың жемісін көріп отырмыз. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, татулық пен сыйластықты қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуеті зор. Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы", - деді Елбасы.
Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады.

Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы

"Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым. Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған. Біз Тәуелсіздікті жариялай салысымен шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алуға күш жұмсадық. Адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін көріп отырмыз. Мен өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барымды салдым. Енді ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі

Елбасының айтуынша, отанға деген сүйіспеншілік – өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады.
"Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы, қоғамдық қатынастардың бастауы саналатын бірегей институт. Жаһандану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамызға өзгеріс әкелгенмен, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтардан бас тартуға болмайды. Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет. Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай", - дейді ол.
Сол үшін дәстүрдің озығын алып, тозығын тастап, елдік болмыстың өзегін сақтай білу керек. Сонда ғана саналы ұрпақ тәрбиеленеді.

Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі

"Біз – тамыры тереңнен бастау алатын ұлы көшпенділердің ұрпағымыз. Болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халықпыз. Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді", - деді Елбасы.

Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор. Сол үшін мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал.

Басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз, деп толықтырды Елбасы.

Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті

"Біз тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек. Елімізде талантты әрі дарынды, алғыр да өжет жастар жетерлік. Әлемнің алпауыт компанияларында жұмыс істейтін, халықаралық деңгейде ғылыми жаңалық ашқан, түрлі салада еңбегімен танылып жүрген жалынды жастарды көргенде ерекше қуанамын. Бұл – біздің үмітіміздің ақталғаны", - деді Назарбаев.

Сондай-ақ жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру туралы идеясындағы бес принципін – эволюциялық даму, ортақ жауапкершілік, өзара серіктестік, ынталандыру мен кәсібилікке ұмтылуды атап көрсеткенін жеткізді.

Онсыз кез келген қоғам көштің соңында қалуы мүмкін. Ендеше табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде. Адал еңбек қана адамды мұратына жеткізеді. Осыны жастардың санасына сіңіру қажет, дейді ол.

Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі

Елбасы жастарды қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуға шақырды.

"Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол. Сондықтан прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн. Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сөз соңында Елбасы қазақстандықтарды Тәуелсіктің отыз жылдық белесімен құттықтады.

Айта кетері, 23 қарашада Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша партияны енді президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратыны белгілі болды.

Nur Otan – Қазақстанның жетекші саяси партиясы. 1999 жылы негізі қаланған. Партияны ұзақ жылдар бойы Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Елбасы сөзінің толық мәтініе мына жерден оқуға болады.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0