НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Шымкентте банк қызметкері Түркістан облысы тұрғынының атынан несие рәсімдеген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы полиция басқармасына Түркістан облысының тұрғыны арызданған. Жәбірленуші Шымкентте орналасқан тұрмыстық техника сататын дүкендердің біріне барғанын айтты. Айтуынша, таңдаған техникасын несиеге рәсімдеу кезінде банк қызметкері оған банк 300 000 теңгенің несиесіне ғана рұқсат бергенін айтты және қолына бірде-бір құжат берілмеген.
Уақыт өтіп, несие төлемін жасамақшы болған жәбірленуші банк қызметкерінің өзінің сыртынан 605 000 теңгеге несие рәсімдегенін біліп, полицияға жүгінді.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті. Банк қызметкері ұсталды. Қазір оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.