Әлем

АҚШ-та басшылық лауазымға ұсынылған Сәуле Омарованың қылмыс жасағаны анықталды

Сәуле Омарова - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.11.2021
Жазылу
Америкалық журналистер криминалды оқиға 26 жыл бұрын – 1995 жылы болғанын анықтады

НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. АҚШ Республикалық партиясының басты медиаресурсы – Fox News телеарнасы елдің Қаржы министрлігінде жоғары лауазымға үмітті Сәуле Омарованың бұрын  қылмыс жасағанын анықтады.

Бұған дейін АҚШ президенті, Демократиялық партияның мүшесі Джо Байден Сәуле Омарованы ақша айналымын бақылау басқармасының басшысы лауазымына ұсынған еді.

Fox News 1995 жылы 2 маусымда 28 жастағы Омарова Висконсин штатының Мэдисон қаласында қамауға алынғанын анықтады. Оған "дүкенде ұрлық жасады" деген айып тағылған. Полиция есебіне сүйенсек, ол 214 доллардың тауарын – төрт жұп аяқ киім, екі бөтелке парфюм, екі белбеу және шұлық ұрлаған.

Күзетші Омарова тауарларды үлкен сөмкесіне салып, басқа заттардың астына жасырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Омарова зергерлік бөлімнен алған бірнеше тауардың ақшасын төлеген, бірақ "сөмкеде жасырылған заттар үшін есеп айырысуды" ойламаған. Әйел дүкеннен шыға бергенде ұсталды. Сол сәтте Омарова бірден тауар ақшасын төлеуге ниет білдірген.

Іс 1996 жылы қаңтарда арнайы бағдарламаға (Wisconsin first offender program) сәйкес тоқтатылғаны хабарланды. Бағдарлама шарты бойынша адам қылмыстық қудалаудан босатылады, есесіне ол шығынды өтеуге және сабаққа қатысуға келісетіні туралы келісімге қол қояды.

Ақ үй өз кандидатын қорғап, Fox News басылымына Омарова өз биографиясындағы келеңсіз жәйтті ешкімнен жасырмағанын мәлімдеді.

"Мәселенің басын ашып алайық: Сәуле бұл оқиғадан Сенатты да, АҚШ-тың қаржы министрлігін де хабардар етті. Оның үстіне бұл іс 25 жылдан астам уақыт бұрын, 1996 жылы қаңтарда тоқтатылды. Іске түсініспеушілік себеп болған еді", - деді спикер.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өз еліне қызмет еткісі келетін білікті кандидатты қаралауға тырысып жатқаны өкінішті, деп мәлімдеді Ақ үй.

"Сәуле Омарова жоғары білікті маман. Ақ үй бұл тарихи кандидатураны қолдайды", - деді спикер.

Сенатор Билл Хагерти Омарованың басшылық лауазымға ұсынылғанына қатты алаңдайтынын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Байден Қазақстан тумасын ресми түрде жоғары лауазымға ұсынды

"Президент Байден банктік реттеуге Американың банк жүйесі мен энергетика секторын күйретіп, АҚШ-та социализм енгізуді қалайтын марксшіл-ғалымды таңдады", - деді Хагерти.

Ал сенатор Шеррод Браун Омарова "аяусыз жала жабу науқанының объектісіне" айналды деп санайды.

"Оқиға бірнеше ондаған жыл бұрын болды, ал Омароваға қатысты іс тоқтатылды," – деді Браун.

Сәуле Омарова кім

Орал қаласының тумасы Сәуле Омарова Корнель университетінде жұмыс істейді. Банк құқығы бойынша профессор дәрежесі бар. Мәскеу мемлекеттік университетінде (1989), Висконсин университінде (1999) және Солүстік-Батыс университінде (2001) оқыған. Заң ғылымдарының докторы. Қазақ, орыс және ағылшын тілін біледі.

Джордж Буш кезінде қаржы министрлігінің реттеу саясаты бойынша арнайы кеңесшісі болған. Davis Polk & Wardwell заңгерлік фирмасында бес жыл жұмыс істеп шықты.

Оқи отырыңыз: Джо Байденмен жұмыс істейді: қазақ қызы АҚШ-та жаңа қызметке кірісті

АҚШ президенті Джо Байден ақша айналымын бақылау басқармасы басшысы қызметіне Сәуле Омарованы тағайындау туралы ұсынысты ресми түрде Сенат конгресінің қарауына енгізді.

Сәуле Омарованың кандидатурасы мақұлданса, АҚШ-тағы ақша айналымын бақылау басқармасына (Office of the Comptroller of the Currency, OCC) алғаш рет әйел жетекшілік етеді.

Сәуле Омарова – криптовалютаның қарсыласы. Ол өзінің ғылыми жұмысында криптовалютаның банк саласына қандай қауіп төндіретінін жан-жақты көрсеткен.

Жаңалықтар
0