НҰР-СҰЛТАН, 13 қараша – Sputnik. Әлеуметтік желіде елордадағы "Керуен" сауда және ойын-сауық орталығында болған төбелестің видеосы тарап жатыр.
17 жастағы екі қызға бейтаныс біреулер қырындағаны белгілі болды. Олардың бірі 19 жастағы студент ағасына телефон соғып, сауда орталығына шақырған.
Ролик авторы төбелесқұмарлардың әлі табылмағанына қатты ашуланған.
Елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның 9 қараша күні кешке болғанын хабарлады.
"Сағат 21:30 шамасында "102" арнасына Достық көшесі бойындағы "Керуен" сауда және ойын-сауық орталығында белгісіз біреулер төбелесіп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті", - делінген департаменттің ақпаратында.
Материал Есіл ауданы полиция басқармасында тіркелді. Аталған факті негізінде "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Кінәлілерді анықтау мақсатында жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.