Қоғам

Мәжіліс депутаты кейбір кәсіп иелерін зейнетке ерте шығаруды талап етті 

© Sputnik / Болат ШайхиновЗдание парламента Казахстана
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 10.11.2021
Жазылу
Қауіпті кәсіппен айналысатын жұмысшылардың көпшілігі түрлі ауруларға шалдығып, зейнет жасына жетпей жатады, дейді Мақсат Раманқұлов

НҰР-СҰЛТАН, 10 қараша – Sputnik. Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясы Абай шахтасындағы апаттан кейін кеншілер мен металлургтердің зейнетке шығу жасын төмендетуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Депутат Мақсат Раманқұловтың айтуынша, Абай шахтасындағы трагедия қауіпті және аса қауіпті кәсіп иелерінің мәселесі өзекті екенін тағы бәр мәрте көрсетті. Бұрын олар 1-ші және 2-ші тізім бойынша зейнетке ерте шығатын. Қазір зейнет жасқа жетпей жатып, апатқа ұшырап жатады. 

"Бүгінде осы қауіпті кәсіппен айналысатын жұмысшылардың көпшілігі апатсыз-ақ зейнет жасына жетпей, түрлі ауруларға шалдығып, жұмыс істеу қабілетін жоғалтып отырады. Көбісі зейнет жасына да жетпей жатады. Осыған байланысты "Ақ жол" депутаттық фракциясы 1 және 2-тізімдерге сәйкес шахтерлер, металлургтер және басқа да кәсіптер үшін зейнетке шығу жасын қайтару қажет деп санайды", - деді Раманқұлов.

Осы орайда депутат еңбек министрлігі ұсынған бір жауапты еске алды. Оған сәйкес, бүгінде зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан бастап пайдалана алады. Ал 50 жаста зейнетақы төлемдері жасалады. Бірақ осы жүйенің бір кемшін тұсы бар. Зейнетақы аннуитетін пайдалану үшін минималды жеткіліктілік шегін орындау қажет. Оның мөлшері – 6 миллион теңге. Сосын соңғы 5 жылда үздіксіз кәсіби зейнетақы аударымдары жасалу шарт.

Ал ресми мәліметке сәйкес, зейнетақы қорындағы әрбір адамға тиесілі жинақтың орташа сомасы шамамен 1 миллион 170 мың теңгені құрап отыр. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары одан да төмен, орташа есеппен 658 мың теңгеге жуықтайды.

"Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 22 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын ескерсек, 18 жастан бастап зейнетақы жинағын жасай бастаған азаматтар бүгінде 40 жасқа келіп отыр. Ал олардың жинағы аннуитетке шығуға қажетті сомадан 3 есеге аз. Жарайды, қажетті соманы жинаған күннің өзінде 40 жаста аннуитет алса, кәсіптік аурулары бар адам тағы 10 жыл қалай өмір сүреді? 50-ге дейін өмір сүрмесе, уәде етілген "жоғары төлемдердің" қажеті қанша?", - деп атап өтті Раманқұлов.

Оқи отырыңыз: 2022 жылы зейнетақы мен ең төменгі жалақы қанша болады 

Қазіргі кезде мемлекеттік органдар кеншілер мен металлургтердің зейнет жасын төмендетуге ондаған миллиард теңге қажет деп отыр. Ал есеп комитеті жыл сайын сол бюджет қаражатының ондаған емес, жүздеген миллиард теңгесі тиімсіз жұмсалып жатқанын анықтап жатады.

"Шенеуніктер денсаулығынан айырылып жатқан осы адамдардың еңбегіне мемлекеттің кірісі тікелей тәуелді екенін ұмытып кеткен. Еңбек министрлігі депутаттардың талаптарын жоққа шығарады және қолайлы нұсқаларды іздемейді. Мысалы, қажетті шығындарды азайтуға әкелетін осы тізімдерді қайта қарауға және қысқартуға да болады", - дейді депутат.

Фракция өкілдері үкіметке депутаттық сауал жолдап, 1-ші және 2-тізімдер үшін зейнетақы жасын қайтаруды талап етті.

Жаңалықтар
0