НҰР-СҰЛТАН, 9 қараша – Sputnik. 2024 жылы АҚШ-та өтетін президент сайлауында тағы да Ресей көшбасшысы Владимир Путиннің ықпалы бар екені анықталуы мүмкін. Ол үшін америкалық заңды өзгертудің қажеті жоқ. Дональд Трампты президент етіп сайлау жеткілікті, деп жазды РИА Новости.
Америкада президент сайлауы жақындаған сайын осы сипаттағы ішкі үгіт-насихаттың артатыны анық. Сайлауға дейін әлі көп уақыт бар. Бір қарағанда солай көрінгенімен, бес жыл бұрын президент болған Дональд Трамптың "тақтан" кеткеніне міне бір жыл толып қойды.
Трамп президент болған шақтан бері барлық америкалық медиа оған қарсы тұрып, оның кезекті сайлауда жеңілетінін болжаса, Байден рейтингінің төмендеуіне өз әрекетімен себепші болды. Қазір оны қолдау көрсеткіші 38 процентке дейін төмендеді. Бұл жеңістен соң бір жылдан кейін Трамптың көрсеткішінен небәрі екі процентке жоғары.
Бірақ ол кезде Трамп бүкіл әлемге жек көрінішті тұлға ретінде насихатталып, әйеліне зорлық көрсететін адамнан Путинмен сыбайлас президент ретінде көрсетілді. Ал Байденді қанша қолдаса да, көрсеткіш деңгейі артатын емес.
Оның вице-президенті Камала Харристің жайы тіпті мүшкіл. Бұл өкінішті, себебі дәл осы Харрис келесі сайлауда Демократиялық партия атынан үміткер болады деген жоспар бар болатын.
Жақында ғана губернатор сайлауында Вирджинияда жеңіліп қалған демократтарға қатысты олар бір жылдан кейін конгрестегі бақылауынан айырылып, 2024 жылы Трамп Ақ үйді қайтарады деген болжамдар айтылып жатыр.
Енді қайтпек керек? Трампты орыс агенті ретінде қаралауды қайта қолға алу қажет пе? Бірақ демократтардың Трамптың Ресеймен байланысын ойдан шығарғаны анықталғаннан кейін мұндай қадамға бару күлкі тудырады. Жақында ғана британдық барлау қызметінің агенті Кристофер Стилмен бірге "Трамп өмірбаяны" атты туындының бірлескен авторы Игорь Данченконың АҚШ-та қамауға алынуы көп былықтың бетін ашатын секілді.
Себебі Трампқа қарсы сөз байласу болғанын барлығы жақсы біледі. Егер 2024 жылы Трамп сайлауда жеңіске жетсе, ол өзіне қастандық ойластырылғанын дәлелдеп, Обама мен Байденнен бастап демократиялық партиядағы барлық шенеуніктің қатысы бар екенін ашуға барын салады. Сол себепті демократтар Трамптың "орыстармен байланысы" туралы қайта сөз қозғамауға тырысады. Әйтпесе Трамп олардың мұны ойдан құрастырғанын ескертіп, оларды жауапқа тартуға әрекет етеді.
Олардың Трампқа қарсы болатындай қуатты кандидаты жоқ. Сондықтан демократтар 2024 жылы сайлау науқанын 2020 жылғыдай, яғни Трампты қаралауға басымдық береді. Бірақ бұл жолы Трапмтың Ресеймен байланысы бар деп емес, Трамптың президент болуы Путин үшін тиімді және Ресей көшбасшысы оның жеңіске жетуі үшін ықпал етеді деген ойды қоғамға таратпақшы.
Мұндай үгіт-насихаттың бір ұшы қазірден-ақ көрініс беруде. Соңғы күндері Трамптың бұрынғы кеңесшісі Фиона Хиллдың бірнеше сұхбаты жарық көрді. Ресей жөніндегі жетекші америкалық сарапшыға айналған ол өзінің Ақ үйдегі қызметі және болашақ жайлы ой қозғайды. Фиона Хилл Вирджинияда демократтардың жеңілуі АҚШ Дональд Трампты қайта қабылдауға дайын екенінің белгісі деп бағалады.
Ол Трамптың жанында жүрген мемлекеттік қызметкер ретінде енді экс-президенттің Влдимир Путинді "пір тұтқаны" туралы ашық айта бастады. "Трамп Путинді өзіне үлгі тұтып, оны үнемі қуатты әрі өктем көшбасшы ретінде сипаттайтын" деген секілді ойларымен бөлісуде.
Хилл өзінің жазбаларында үнемі Трамп пен Путинның ұқсастығын айқындауға тырысып, кейде жоқ жерден ұқсастық ойлап табады. Кейде кереғар пікірлері де кездесіп жатады.
"Трамп бүтіндей мемлекетпен жауласып жатыр, ал Путин – керісінше. Бірақ екеуі де демократияға ұқсас жүйе құруға тырысуда. Трамп Путинге қарағанда мемлекеттік механизмдер арқылы басқаруды қаламайды. Ол сол механизмдерді бұзуды, бүдіруді көздейді", - деді Хилл бір сұхбатында.
Америкалықтардың басым бөлігі барлық уақытта федералды билікті, Вашингтонды штаттардың үстінен өктемдік етуге тырысатын қажетсіз жүйе деп санап келді. Трамп президент болған төрт жыл бұл теорияны айқындай түсті. Себебі Дональд Трамптың президент болғанына көңілі толмаған "мемлекет" оның қызметіне барынша кедергі жасауға тырысып бақты. Ал Трамп президент тірлігіне араласып, оған үстемдік етуге тырысатын механизмді жоюға тырысты. Сондықтан мұны Хилл секілді шенеуніктер "мемлекеттік механизмді бұзуға талпыну" деп бағалауы әбден мүмкін.
Осы тұста оның Путинмен ұқсастығы да байқалады. Себебі 2000-жылдары билікке келген Владимир Путин елді "офшорлы аристократтардың" олигархтар альянсының, жемқор шенеуніктердің және батысқа еліктеген "интеллектуалды элитаның" ықпалынан құтқаруға барын салды. Бұл іс Путиннің қолынан келді. Себебі мемлекет жас болатын, "паразиттер" тамыры тереңге бойлап үлгермеген еді. Ал Трамптың алдында қуатты, ықпалы өте ауқымды жүйе тұрды.
Сондықтан Дональд Трамптың бұл жүйені жоюға тағы да бақ сынап көруге ұмтылысын, сол мақсатпен 2024 жылы президент сайлауына қатысуға деген ниетін оң бағалайтын америкалықтар табылады деген сенім бар.