НҰР-СҰЛТАН, 5 қараша - Sputnik. Ресей қазақстандық көмірдің Украинаға транзитін бұғаттаған жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Мадияр Уақпаев аталған мәселеге түсініктеме берді.
"Ресей көмір тасымалын толығымен бұғаттаған жоқ. Бірақ ресейлік тараптағы инфрақұрылымның шамадан тыс жүктемесіне байланысты бірқатар шектеу енгізілді", - деді Уақпаев.
4 қарашада Жоғарғы раданың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық мәселелері жөніндегі комитетінің басшысы Андрей Герус қарашада қазақстандық көмірдің Украинаға жеткізілуі толығымен бұғатталды деп мәлімдеді.
"Ресей темір жолы ел аумағы арқылы көмір тиелген мұндай вагон қозғалысын растаған жоқ", - деп жазды Герус Telegram-да.
Ол шектеу тек энергетикалық көмірге енгізілгенін, кокстелген көмірге қатысты емес екенін атап өтті.
Герустың айтуынша, бірінші қарашадан бастап Ресей украиналық жылу электр станцияларына жеткізілетін көмір транзитін толықтай тоқтатқан. РИА Новости порталына осы ақпаратты РФ экономикалық даму министрлігі растады.
Бұл Ресейдің ішкі нарығында энергетикалық көмірге деген сұраныстың артуына байланысты болып отыр. Алайда Ресей компаниялары Украинаға басқа көмір түрлерін жеткізуді жалғастыра береді.
Қыркүйекте Украинаның энергетика министрлігінің басшысы Герман Галущенко елде жылыту маусымына қажетті жоспарланған көмір қоры жиналмағанын айтып, ішкі нарықтағы көмір өндірісі мен импортты арттыру көзделіп отырғанын айтты.
Украинаның премьер-министрі Денис Шмыгаль еуропалық энергетика дағдарысына қарамастан, мемлекет жылыту маусымына жүз процент дайын екенін мәлімдеген болатын.
Оқи отырыңыз:
- Ресей көмірі неліктен Еуропаға қымбатқа түсіп жатыр
- Еуропада көмір қымбаттап кетті
- Ресей Украина арқылы өтетін газ транзиті бойынша барлық міндеттемені орындайды - Путин